"Милан" "Барселонадан" басым түсті

Чемпиондар Лигасының 1/8 финалында "Милан" командасы өз жерінде каталондық "Барселонаны" 2:0 есебімен тізе бүктірді.

Күтпеген жерден жеңіске жеткен "Милан" командасына арғы кезеңге өтудің сәтті мүмкіндігі туындап тұр. Ол үшін Испанияда өтетін қарымта ойында қақпаларына гол жібермесе болғаны. Ал Месси бастаған, Хави қостаған каталондықтар өз жағдайларын біршама ушықтырып алды. Дей тұрғанмен, әлемдік алпауыт команданың басында мұндай жағдай бірінші рет орын алып тұрған жоқ.

Екі гол да ойынның екінші бөлігінде соғылған еді. 57-минутта айып добы сәтінде Кевин-Принс Боатенг қолмен берілген допты өз пайдасына жаратып, нәтижесінде ойындағы алғашқы голды соқты. Мұндай қуанышты күтпеген «Сан-Сиро» стадионы бір сәт толқып кеткендей әсер қалдырған болатын. 

Араға жиырма минутты салып барып Салли Мунтари өз командасын алға шығарды. Бұл жолы италиялық команданың ойыншылары керемет ойын өрнегін көрсете алды. Қорғаушылардың кезекті қателігін Аллегридің шәкірттері кешіре қоймады. Есеп:2:0.

Қарымта ойын 12 наурызда өтеді. 

Естеріңізге сала отырсақ, дәл осы ойынмен қатар түріктің "Галатасарай" мен немістің "Шальке" командалары кездесіп, тең есеппен (1:1) тарасты.

сурет:eurosport.ru

Дайындаған: Фараби Арыстанбек