"Арсенал" командасы Месут Озилмен мықты құрамға айнала ала ма? Лондондықтар ел біріншілігін алуы мүмкін бе? "Арсенал" бұрынғындай аз қателіктер жасап, тегеурінді қарсылық көрсете ала ма? Ойлай-ойлай бас ауырады.
Арсен Венгердің де күні бұрын Озилге қызығушылық танытпағанын еске алсақ, онда тегі түріктен тарайтын неміс жігітінің "Арсеналға" мүлдем керек болмағаны еске оралады. Өзіңіз-ақ алып қараңыз, жазғы ауысымда Руни деді, Суарес деді, ақыры айтқан ойыншыларының бірде-бірін сатып ала алмады. Соңғы күні ғана Озилді әзер дегенде алғызды. Онда да Венгер бапкердің келісім бергені көңіл қуантады.
Жозе Озил келген күннен бастап "Арсеналды" ел чемпиондағына үміткер деп атап, Ба ойыншыны "канонир" сапына жалға бермейтіндігін жеткізген болатын. Бұған лондондық жанкүйерлер мәз болып, бөріктерін аспанға атып еді. Соған қарамастан, көпшілік маманның көкейінде бір сауал тұрақтап қалды: бұл "Арсенал" бұрынғы "Арсеналдан" өзгерек бола ма?
"Арсенал" ырғағы бар, жылдамдығы артық ойын жүргізуге дайын. Қай ойыншысын алмаңыз, сытылып-ақ тұр. Дені жастардан құралған ұжымға дем беретін жаңа ойыншы келді. Шабуыл шебінде Подольски, Жиру, Уолкотт секілді жігіттер қай қарсыласқа болмасын, азуын батыра алады. Ал ортаңғы лектегі Касорла, Росицкий, Артете, Рэмзи, Уилшир сияқты ойыншылар кімді болмасын сан соқтырып кетеді. Соңғысының (Уилшир) аяқ алысынан жанкүйер қауым көп үміт күткелі қашан, сол үміттің ақтауы биыл көрінетін секілді. Талантты жартылай қорғаушының айы оңынан туып жатса (жарақат алып жатпаса), әлі-ақ еуропаны аузына қаратары сөзсіз. Одан кейін, қорғаныста Косельни, Вермален, Мертезакер, Санья секілді алынбас қамалдардың аттары аталады. Ара-тұра болмашы жерден қателік жіберіп тұрады демесеңіз, бұл жігіттер де өздеріне жүктелген міндеттерді тыңғылықты атқарады. Ал сосын қақпашы Войцех Щенсныйды ерекше айтқымыз келеді. Кейде (болып тұрады) өрескел қателік жасап қоятын польшалық ойыншы көп сәттерде командасын құтқарып келген-ді.
Месут Озил қос немістің арқасында (Мертезакер мен Подольский) ойын жүйесіне тез кірігіп кетеді дейтіндер бар. Шүбәсіз келісеміз. Бірі артта, бірі алда жүрген жігіттерге алғашқы уақытта иек артумен-ақ, неміс жігіті Венгердің тапсырмасын қалтқысыз орындап көреді. Өзіне жүктелген түзу пас пен оған ұтқырлық, тапқырлықты қоса отырса, Жиру деген жігітіміз жап-жапсы-ақ шабуылшы болып шыға келеді. Француз жігітіне көп сенім артса, Венгер бапкердің ұтылмасы анық.
Автор: Фараби Арыстанбек
Сурет: fc-arsenal.com