- Негізгі бет
- Маккала
- Майя Манеза: «Мені...
Майя Манеза: «Мені Қытай құрамасы өздеріне шақырып, ұлттық құрамадан орын уәде етті»
Ауыр атлетикадан Лондон жерінде өткен ХХХ жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы Майя Манеза жуырда қазақстандық БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, өзінің болашақ жоспарларымен бөлісті.
Ол тілшілердің «Қытайға қайта оралу мен аспанасты елі үшін жарыстарға шығу жоспары бар ма?» деп көсе-көлденең қойған сауалына бірден “Жоқ!” деп жауап берді.
“Мені Қытай билігі шақырып, ұлттық құрамадан орын уәде еткенін жасырмаймын. Ұсыныс Олимпиададағы жеңісімнен кейін түсті. Бұған дейін мұндай ұсыныстар болған емес. Мен Қазақстанды жақсы көремін. Бұл – менің екінші үйім. Дәл осы жерде менің спортшы ретіндегі бағым ашылды”, – дейді спортшы.
Олимпиада чемпионы сондай-ақ оңтүстік астанамызда балаларға арналған спорт мектебін ашқысы келетінін айтты. «Бастапқы жоспарым бойынша, ол мектеп қала ішінде оқу орындарының біріндегі спортзалда орналасады. Әзірге спорт мектебі қай оқу орнының жанында орналасатыны белгісіз, бірақ бұл жоспарды алдағы алты айдың ішінде жүзеге асырамын»,- дейді.
Сонымен қатар Олимпиада жеңісінен түскен қаржысын Майя шопингке жұмсап жатырмын деді. Жуырда ол өзінің су жаңа Mitsubishi Outlander көлігінің тізгінін де басқармақ. Қазір ол тілмәшімен бірге автомектепте дайындық курсынан өтуде.
27 жасар зілтемірші әзірге тұрмыс құрмайтынын айтты. Бірақ, көңіл қосқан адамының бар екендігін жасырмады.
Дайындаған: Уалихан Қосанбай
Сурет: lowkick.kz
Ю. НИКУЛЛИН