Кеше Алматы қаласында төртінші рет ұйымдастырылған қайырымдылық марафоны өтті. Бұл спорттық іс-шараға ресми түрде 15 мыңдай қатысты. Нәтижесінде еліміздің тарихындағы халық ең көп белсене қатысқан іс-шара болып есте қалды. Бүгін біз сіздерге марафоннан кейін қалай күтіну керек екені туралы айта кеткенді жөн санап отырмыз.
Марафонға үлкен дайындықпен қатысып, берілген қашықтықтықты сәтті жүріп өткенмен, ертесіне таңертең денеңіздің ауырып тұрғанын сезінесіз. Бұлшықеттеріңізді қимылдату қиынға соғады. Әрине, бұл ауырсынудан тез құтылудың жолы болмағанмен, әдіс-тәсілдері бар. Мысалы, баспалдақ арқылы жүретін жолыңыз болса, онда сіз кері қарап жүріп түсіңіз. Себебі, аяқ бұлшықеттері жүгіру кезінде тек алға қарай қозғалса, кері қозғалу арқылы ауырсынуды аз да болса «емдей» түсесіз. Оның үстіне аса қиналмай қозғаласыз.
Марафоннан кейін қайта қалыпқа келудің бір жолы – массаж қабылдау. Спорттық массаж қабылдау бұлшықеттердің қайта қалпына келуіне, яғни ауырсынуды басуға септігін тигізеді. Ұзақ уақыт бойы денеңізді ауырсынып жүруден құтыласыз.
Ыстық ванна қабылдау – денені тазартып, жұмсартып, өлі жасушалардан арылтады. Марафоннан кейін бірнеше күн тұзды жылы ваннаға түскен дұрыс. Себебі, бұлшықеттердің жұмсарып, қайта қалпына келуіне жағдай жасайды, сергектік «сыйлайды». Десе де ваннаны тым жиі қабылдау пайдалы емес екенін ұмытпағаныңыз абзал. Суда болған тері май қабатын жоғалтып, құрғайды.
Марафоннан кейін (2-3 күннен кейін) 30 минуттан аяңдап жүгіріп тұру керек. Егер бұлшықеттер жүгіруге мұрша бермесе, онда 25-30 минут таза ауада серуендеп қайтыңыз.
Аяқты қозғалтып, созу жаттығулары арқылы ауырсынуды басуға болады. Ол үшін аяғыңызды бүгіп, түрлі жаттығулар жасап тұрыңыз. Тізе, тобыққа арналған жаттығуларды жиі-жиі қайталаңыз.
Марафоннан кейін ағза суды көбірек қажет етеді. Сондықтан да көбірек су ішу пайдалы. Әсіресе, дәрумені мол сусындар мен табиғи сусындар ішкен дұрыс. Сонымен қатар, дұрыс тамақтана біліңіз. Ас ішу тәртібін сақтай отыра, өзіңіздің физикалық тұрғыдан белсенділігіңізді қалпына келтіре аласыз. Физикалық тұрғыдан жаттығуға дайын болу – жетістікке жетудің алғашқы қадамдары болып табылады.
Ұқсас жазба:
Алматы марафонына 15 мыңдай адам қатысады
Сурет: марафон.kz