- Негізгі бет
- Маккала
- Мануэль және "Манчестер Сити"
Мануэль және "Манчестер Сити"
Ағылшын біріншілігінде кім топ жаруы мүмкін деген сұраққа келсек, алдымен "Манчестер Ситиді" атауға болатын шығар. Өткен маусымда бас жүлдеден қағылған ұжымның чемпиондыққа талас қылуға мүмкіндігі жетерлік.
Ең алдымен, бас бапкерлікке келген чилилік Мануэль Пеллегрини төңірегінде, оның білігі жайлы аз айта отырсақ. Футболда "Инженер" аталып кеткен маманның команда ойынын реттестіруге толық қабілеті жетеді. Және ағылшындық клубқа сол үшін де шақыртылды. Кіл ығай мен сығайдың құралған алпауыт командаға тек сенім күшін беретін, тактика жасайтын, ойын түзетін бапкер керек болып отыр. Кімге керек емес?! Барлық бапкерді сол үшін шақырады, барлық бапкер сол қырынан көріне алмаса, алынып тасталады.
Бұрынғы бас бапкер Роберто Манчини өзім білемдіге салып, ақыр аяғында орнын бостауға тура келді. Бірақ, футбол әлемі кім кетіп жатыр, кім келіп жатыр деп емес, кім не істей алды, кім не бітірді деген сұрақ төңірегінде бас қатырып келген, солай болады да.
"Корольдік клубты" бір маусым жаттықтырып, бір-екі маусымда жетістікке жететінін аңғартқанмен, Пеллегрини бапкер Мадрид төрінен кетуге мәжбүр болды. Мадридтіктердің де қол қусырып отыра алмайтын әдеті бар дерсіз қай кезде де. Ұнамай ма, алып тастай салады. Бапкер байғұстан бір маусымда бүкіл жүлдені алып беруін талап ететін басшылық, күтуге келгенде сараңдық танытады. Әйтпесе, жұлдызды ойыншыларды сатып алуда ақшасын аямайтын мадридтіктер, бапкерге келгенде-ақ бастары бір қазанда піспей-ақ қойды. Бір жағы дұрыс та шығар, қалаған жоғары деңгейдегі ойыншысын сатып алып беретін, бүкіл мүмкіндікті жасайтын Перес мырзаның өз кезегінде талап етуге қақысы бар да шығар. Сонда да, Жозені Лондонға қайта оралтқан, Парижден Анчелоттиді алдыртқан басшылық осы маусымда испан примерасында топ жарғысы келеді.
2009-2010 жылдары Пеллегрини аталған ұжымды жаттықтырған болатын. Бір маусымнан кейін, жоғарыда айтып кеткендей, орнынан алынып тасталды. Неге дейсіз ғой? Өйткені, бұл қарапайым бапкер. Жоқ, бұл бапкердің еңбек жемісі бір-екі маусымда келеді. Хош делік, сосын "Малагаға" қоныс аударды. Бара салысымен "Малага" өрге ұмтылды. Бапкер еңбегі көп күттірмей-ақ, келесі маусымда жемісін бере бастады. 29 жыл орнамаған жеңісті алып берді ("Реалды" тізе бүктірді), Чемпиондар Лигасының 1/4 финалына жеткізді.
Мансур ибн Зайд аль-Нахайян бапкер талғамындағы ойыншыларды алдырды: Фернандиньо, Хесус Навас, Стеван Йоветич, Альваро Негредо. Аталған ойыншылардың барлығы дерлік өз бөліктерінде (позицияларында) жасындай жарқылдап жүрген футболшылар саналады. Силва бастаған, Туре қостаған ойыншылармен бастары қосылар болса, онда "Еуропаның ең мықты алпауыты" деген атаққа өздері таласпақ.
Чемпиондыққа жетуінің бір сыры - осы. Сенбесеңіз, жаңа ойыншылармен толыққа ұжымға көз жүгіртіңіз. Кімді көресіз, "Реалдан" бір кем емес жұлдыздар шоғыры тұр емес пе?! Джекоға құрылған жаңа ойын өрнегі ағылшын біріншілігіне тосын сый болмақ.
Автор: Фараби Арыстанбек
сурет:eurosport.ru
Л. Лига