Кешегі күні "Ливерпуль" командасы әлемнің ең таңдаулы ұжымына қарсы ойын өткізді. "Этихад" төрінде азулы "Ман Ситиге" қонаққа барып, 2:1 есебімен жеңіліп қалды.
Таблодағы есеп болмаса, Брендан Роджерс командасы тең есепке, тіпті, жеңіске лайықты өнер көрсетті деуге келеді. Суарестің тамаша пастарын пайдалана алмаған Стерлинг пен Коутиньо команданы жеңіске бастар тура жолға сала алмады.
Брендан Роджерстің командасы бұл маусымда сәтті өнер көрсетуде. Оған бір себеп - алаңға қайта оралған Суарес. Старриджді жоқтатпай, жоқтан барды жасап жүрген уругвайлық шабуылшы орта жолда біріншілікке қосылып, ең аз уақытта АПЛ-дің мергендер көшін бастады.
"Ливерпуль" өзінің әйгілі көшбасшысы Стивисіз де өз деңгейінде өнер көрсете алатынын дәлелдеді. Жарақат алып қалған команда капитаны еркін тыныс алып жүрген шығар, ендігі. Өсіп-өнген ортасы, бүкіл футболдағы ғұмыры "Ливерпульде" өткен ағылшын ойыншысы "қызылдардың" қайта шарықтар шағына туғанын жақсы түсінеді.
Стивисіз ойнай алар, бірақ Суарессіз команданың аяқ алысы қиындары анық. Бүкіл команда осы бір өжет те бірбеткей жігіттің ықпалымен қимыл-қозғалысқа түседі. Бүкіл команданың ауыр жүгі дәл қазіргі таңда осы жігіттің мойынында. Және, Роджерс айтпақшы, жақын таңда бүкіл команда Суареске ойнамақ.
Біріншілікте төрттікке іліну - "Ливерпульдің" басты жоспары. Өздеріңіз білетіндей, көп жылдан бері ағылшынның аңыз командасы кәрі құрлыққа жолдама ала алмай, ірі додалардан шет қалып жүр. Ол үшін Суарес бастаған жігіттер соңғы турға дейін талас-тартысқа түсіп, жоғары орындардың бірінде тұрақтап қалуға тырысады. Мақсат сол. Бірақ, мақсаттың артынан еріп отырудың қаншалықты қиын екені бұл командаға ежелден аян. Ең бірінші кезекте, Брендан мырза өз ойыншыларынан таңдаулы мықты ұжым құруға тырысуы қажет.
Бұл біріншілікте "Ливерпуль" атсайдерлерден ұпай алып үйренді. Бұрындары үнемі ойламаған жерден ұпай жіберіп қойып, немесе тең есеппен ойнап қалып, аяғында "ойнамасаң - өзіңнен көрдінің" кебі келуші еді. Бәрі де артта қалғандай, кешегі күн ұмытылып, жаңа дүрмек басталуға жақын. Роджерс тәлімгерлерлі осы қарқынынан таймаса, аз жылда Еуропаға ұлы жорыққа шықпақ.
Бағана күзетіндегі Симон Миньоле өз міндетін тыңғылықты атқаруда. Қорғаныстағы Саконың аздаған албырт қимылы болмаса, жалпысынан алғанда, Глен Джонсон, Даниэль Аггер, Хосе Энрике бастаған жігіттер басты бапкердің артқан тапсырмаларын ойдағыдай тындыруда. Орталықтағы Стиви Джи, Коутиньо, Джордан Хендерсон мен Рахим Стерлингтер өз мүмкіндіктерінің үдесінен шығуда. Шабуылда Суарес пен Старридж жұбы команданы қиын өткелден алып шығуға дәрменді.
Қысқы ауысымда Роджерс "қызылдар" қатарына тағы бір жаңа орындаушы сатып алуы мүмкін болса, онда бірқатар ойыншыларды атап өткіміз келеді. Солардың бірі - Хуан Мата. Испандық жігіт "Челсиге" Жозе келгелі қосалқы құрамда қалып жүр. Өткен маусымда команданың бүкіл жүгін болмаса да, басты міндетін атқаруға жараған жартылай қорғаушыға португалдық маман жақын арада сенім арта қояры екіталай. Онсыз да, кіл мықтымен жасақталған лондондық "ақсүйектер" өздерінің тізгін ұстар мықтыларының бірін трансферге қоюы мүмкін. Демек, "Ливерпульге" 25 жастағы ойыншыны сатып алуға тамаша мүмкіндік бар.
Ішкі біріншілікке тосын сый жасағысы келсе, неміс бундеслигасында жарқын ойынымен көзге түсіп жүрген Марко Ройсқа құда түссін. Бірер жыл бұрын мүлдем ұмыт келген, соңғы маусымда жарқырап шыққан (Клоптың еңбегі арқасында) неміс жартылай қорғаушысы "ливерпульдік" ойынның көшіне сән қосары анық. 24 жастағы талантты орындаушы Суарес пен Старриджді қарымта шабуылға оңтайлы шығара алар еді.
Автор: Әкежан Дәкен
Сурет: liverbird.ru