Күрес мәселесі Санкт-Петербургте шешіледі

Күрес мәселесі Санкт-Петербургте шешіледі

Соңғы кездері күрес әлемінде жағымды жаңалықтар болып жатыр. Нақтырақ тоқталатын болсақ, қазақ балуандары әлемдік додаларда топ жарып жатса, бірнеше ай бұрын шыққан "Күрес олимпиадалық ойындарынан тыс қалады" деген әңгімеге де нүкте қойылатын болады. Бұл туралы ХОК-тың президенті Жак Рогге мырза Лимада өткен жиын барысында мәлімдеді.

Алдымен күрес неге олимпиадалық ойындардан шығып қалады деген мәселеге тоқталсақ. ХОК-тың басшылары айтқандай, бірінші кезекте бұл допингке байланысты екен. Олимпиадалық ойындарға алғашқы болып енген спорт түрінде бүгіннің өзінде Халықаралық дәрежедегі допинг орталығы жоқ екен. Екіншіден, балуандардың жеке рейтингі жоқ. Спортшылардың деңгейі қандай екенін жанкүйерлерге білу қиын деген мәселе алға қойылып отыр. Үшіншіден, күрес бүгінде бизнес түріне айналып кеткен. Ал осы спортты табыс көзіне айналдырған бизнесмендер бұл спортқа айтарлықтай қамқорлық көрсетпей отыр. Міне, осы себептерге байланысты бірнеше ай бұрын күрес 2020 жылғы олимпиадалық ойындардан шығып қалуы мүмкін деген әңгіме шыққан болатын. Осы себепті де күрес спортының президенті Рафаэль Мартинетти орнынан кеткен еді.

Содан бері осы спорт түрінің жанашыларынан маза кетті. Көптеген даңқты спортшылар, атағы жер жарған балуандар мен майталман мамандар оған қарсылық білдіріп, ел-елде, жер-жерде түрлі наразылық акцияларын өткізді. Лимадағы жиынға қатысушылар осы тақырыпқа қайта оралды. Көпшіліктің бұл сауалына Рогге мырза: «Бұл түпкілікті шешім емес. Біз тек өз ойымызды білдірдік. Күрес түрлерінің 2020 жылғы Олимпиада ойындарының бағдарламасында қалуына мүмкіндік әлі де бар. Барлық мәселе үстіміздегі жылдың 29 мамырында Санкт-Петербургте өтетін ХОК-тың атқару комитетінің отырысында өз шешімін табатын болады», - деп жауап қайырды.

Бірақ бұл мәселе туды екен деп балуандар өздерінің сүйікті істерінен алшақтап кеткен жоқ. Таяуда ғана Иранның Теһран қаласында есту қабілеті нашар балуандарға арналған «Кәрім Раисини» атты дода жалауын көтерді. Бұл байрақты бәсекеге біздің балуандарды Мұрадым Молдағалиев пен Ерлан Мұқажанов секілді бапкерлер бастап барды. Нәтижесінде 120 келі салмақта боз кілемге шыққан Қайратқан Шоңқу күміс медальді қанжығасына байлады. Ал 55 келідегі тағы бір отандасымыз Нұрсұлтан Дүйсенбиев пен 66 келіге дейінгі салмақта Бағдат Сәбитов бұл жарыстың қола жүлдегері атанды.

Сонымен қатар, қазақстандық балуандардар Ереванда өткен еркін күрестен әскерилер арасындағы ТМД біріншілігіне де қатысып қайтты. Армения, Беларусь, Ресей, Украина және Тәжікстанның әскерлері қатысқан бұл жарыста біздің қоржынға екі жүлде бұйырды. 55 келі салмақта күш сынасқан Елдос Әбікенов күміс алса, 84 келі салмақтағы Әділет Дауланбаев қола медальді иеленді.

 Автор: Уалихан Қосанбай

Сурет: visitflanders.ru 

Ю. НИКУЛЛИН