Кукушкин ATP рейтингінде бір орынға көтерілді

Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин кәсіпқой теннисшілер Ассоциациясының (АТР) жаңарған рейтингісінде бір орынға жоғары көтерілді, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.  

Дәлірек айтсақ, ол 156-орынға жайғасты. Одан бөлек, Қазақстанның басқа екі теннисшісі ТОП-200 ішіндегі орындарын сақтап қала алды. Андрей Голубев - 163, ал Евгений Королев - 189-орындарда. Юрий Щукин болса, 470-тен 468-орынға көтерілді. Денис Евсеев - 605, Алексей Кедрюк 609-орындарды иеленді.  

Рейтинг басында серб Новак Джокович тұр. Одан кейінгі орындарда швейцариялық Роджер Федерер мен британдық Энди Маррей орналасқан. 

Әйелдер теннис ассоциациясының тізімінде (WTA) еліміздің спортшылары өз орындарын қарсыластарына босатып берді. Ярослава Шведова 30-дан 32-орынға төмен сырғыса, Ксеня Первак 12 сатыға құлдырап, 84-орынға тұрақтады. Юлия Путинцева болса, ТОП 100-ден шығып қалып, әлемнің 101-ші теннисшісі атанды. 

Осы аптада әйелдер арасындағы әлемдік рейтингте көшбасшы ауысты. Бірінші ракетка болып ұзақ уақыт үзілістен соң, қайтадан АҚШ-тық Серена Уильямс атанды. Беларусь қызы Виктория Азаренко Дохада өткен WTA турнирінде Серенадан басым түскеніне қарамастан, екінші орынға табан тіреді. Үздік үштікті ресейлік Мария Шарапова қорытындылап тұр. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: championat.com