"Астана" велокомандасының лидері Роман Кройцигер "Джиро д'Италия" бас классификациясында алғашқы ондықтан сырғып, 20 орынға табан тіреді. Бұл туралы бүгін massaget.kz тілшісі хабарлады.
Кройцигер 17-кезеңді 30-шы болып аяқтағаны және белгілі болды. Командаласымыздың бұлай құлдырауына мәре сызығын алғаш кескен ресейлік "Катюша" командасының мүшесі Хаоким Родригестен 11 минут 26 секундқа артта қалуы себеп болды. "Астананың" тағы бір велошабандозы Паоло Тиралонго болса Родригестен 2 минут 47 секунд кейін қалып, мәреге 17-ші болып келді.
Енді, сарапшылардың айтуы бойынша, "астаналықтарға" жоғарғы орындардан көріну қиынға соғатын болады. Оның үстіне уақыт та тығыз. Велокөпкүндіктің аяқталуына бар-жоғы 4 күн қалып отыр. Бас классификацияда қазір Родригес топ бастап тұр. Командаласымыз Тиралонго ресейлік Родригестен 4 минут 13 секунд баяу болып, 8-ші орында тұрақтады. Ал Кройцигер болса, жалпы есепте көшбасшыдан 13 минут кейін тұр.
сурет: dailynews.kz (Роман Кройцигер)