Ауыр атлетикадан Астанада өтіп жатқан Азия біріншілігінде Қазақстан құрамасының қоржынына алтын медаль түсті. Алтын жүлдені алған 94 келі салмақтағы зілтеміршіміз Александр Зайчиков, деп хабарлайды Массагет порталының тілшісі.
Жартылай ауыр болып саналатын 94 келі салмақта 10 зілтемірші қатысты. Біздің елдің намысын бұл салмақ дәрежесінде Лондон Олимпиадасының қатысушысы, 2013 жылғы Қазақстан чемпионы Александр Зайчиков қорғады.
Жұлқа көтеру бойынша талас Қазақстан, Қытай, Иран спортшыларының арасында өтті. Үш спортшының арасында бірінші болып тұғырға ирандық зілтемірші Иаасин Багхери шықты. Ол өзінің үшінші мүмкіндігінде 155 келіні төбесіне асырды. Одан кейін қытайлық спортшы Жанг Шангуо 168 келіні көтерді. Ал қалған екі мүмкіндігінде де Жанг 174 келіні бағындыра алмады. Соңғы болып жарыс тұғырына шыққан Александр Зайчиков «Сарыарқа» спорт кешеніне жиналған жанкүйерлерді бір жігерлендіріп тастады. Алдымен Зайчиков 168 келіні қиналмай көтерсе, артынша қызылордалық өреніміз 173 келіні де бойынан асыра білді. Соңғы, үшінші мүмкіндігінде 175 келіні де бағындырып, жұлқа көтеруді бірінші орынмен аяқтады.
Серпе көтеруде де жүлделі орындар үшін таласқа тағы да бір қытайлық зілтемірші Хсей Вэйда қосылды. Нәтижесніде «аспан асты» елінің бұл зілтеміршісі 202 келіні көтеріп, жалпы есепте үшінші орынға түсті. Ал екінші орынды Жанг Шангуо алды. Оның нәтижесі 206 келі (жұлқа 168 келі, серпе 206 келі). 94 келі салмақтағы Азия чемпионы деген атақты Александр Зайчиков өзінің 205 келілік зілтемірге шыққан бірінші мүмкіндігінде-ақ алып қойған-ды. Дегенмен, Александр екінші мүмкіндігіне шығып, 210 келіні көтерсе, үшінші мүмкіндігінде 215 келіге шамасы жетпеді.
Осылайша ол жалпы 285 келі салмақпен Азия біріншілігінің жеңімпазы атанды. Айта кетейік, бұл Қазақстан құрамасының қоржынына түскен төртінші жүлде. Ертеректе 75 келі салмақта Анна Нұрмұхамбетова алтын алса, 66 келіде Фархад Харки күміс, 85 келіде Евгений Евстафьев қола алған болатын.
сурет: thenews.kz
Астанадан: Уалихан Қосанбай