Қазақстандық зілтемірші Фархад Харки Астанада өтіп жатқан Азия біріншілігінде күміс медальға ие болды, деп хабарлайды Массагет тілшісі
Жалпы 62 келі салмақ дәрежесінде 7 бірдей спортшы қатысқан болатын. Дегенмен, медальді орындарға тек бес қана спортшы таласты. Оның ішінде біздің отандасымыз, Қазақстанның чемпионы, 62 келі салмақта Қазақстанның рекордсмені Фархад Харки де бар болды. Ол жұлқа көтеруде 138 келіні бағындырып, кіші қола медальге ие болды. Ал жалпы бірінші жаттығу барысында бірінші орынды Лондондағы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Ким Ин Гук алды. Ол жұлқа көтерудің екінші мүмкіндігінде-ақ 145 келіні бойынан асырды. Екінші орын «аспан асты» елінің өкілі Хуан Миньхоның қанжығасында кетті. Қытайлық спортшы бірінші бағдарламада 140 келіні көтерді.
Екінші жаттығу да осы спортшылардың арасындағы қызу тартыста өтті. Серпе көтеруде қытайлық спортшы 163 келі тартатын зілтемірді бойынан асыра білді. Екі бағдарлама бойынша Хуан 298 келімен тұғырдың екінші сатысына көтерілді. Ал қытайлық спортшыдан кейін шыққан Харки бірінші мүмкіндігінде 165 келі, екінші мүмкіндігінде 174 келіні бағындырды. Дегенмен үшінші мүмкіндігінде Фархад 177 келіні көтере алмай, екінші орынға жайғасты. 62 келі салмақтағы алтын жүлдені көпшілік мамандар болжағандай Олимпиада ойындарының чемпионы Ким Ин Гукка бұйырды. Ол серпе көтеруде 158 келіні бағындырып, Азия ойындарының чемпионы атанды.
Айта кетейік, енді «Сарыарқа» спорт кешенінде өтіп жатқан Азия біріншілігінде әйелдерден - 58 және 63 келі салмақтағы зілтеміршілер, ерлерден – 69 және 77 келі салмақтағы зілтеміршілер кім мықтыны анықтайды.
Дайындаған: Уалихан Қосанбай
Сурет: Уалихан Қосанбай