Шымкентте Kokpar central Аsia атты журналдың алғашқы саны басылып шықты. Бұл туралы «Алаш айнасы» газетінде жазылған екен.
Журналдың бас редакторы Хабиден Рахменбердиев тек көкпар емес, өзге де ат ойындарын насихаттауды көздеп отырғанын айтыпты. Ал алда ҚР Ұлттық ат спорты федерациясымен біріге жұмыс жасау да көзделіп отыр екен. Журналда жылқы төліне байланысты қызықты әрі пайдалы мақалалар жарық көрмек. Тарихта есімі қалған шабандоздар мен олардың ерлік істері жайлы да баяндалатын болды.
Көкпардан одақтың тоғыз реткі чемпионы Саттархан Абдалиев те журналдың шығуына тікелей атсалысқан. Журналдың құрылтайшысы «Тайлақ батыр» жеке қоры.
Саттархан Абдалиев:
– Дүние жүзінде жылқы малына қазақтай бауыр басқан халық жоқ. Қазақта «жылқы мінезді халықпыз» деген теңеу тектен-тек айтылмаса керек. Шынында байқап қарасақ, жылқы мінезінен қазаққа ғана тән қасиеттерді табуға болатындай. Тектілік пен сұлулық, тазалық пен шыдамдылық сынды жақсы қасиеттер жылқыдан да, ұлтымыздан да табылады. Мәселен, жылқы малы қанша шөлдеп тұрса да, шалшық, балшық су іше қоймайды. Тазалықты жаны қалайтын кірпияз жануар, суды әуелі иіскеп, күмәнді еш нәрсе байқалмаса ғана бір ұрттап, аузын шайып, сонан соң ғана суға бас қояды.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: vk.com