• 521.98
  • 490.7
  • 5.16

Кімнің жолы болар екен?

Кімнің жолы болар екен?

«2018 жылы алауы тұтанатын жасөспірімдер арасындағы Дүниежүзілік Олимпиада қай қалада өтуі мүмкін?» деген мәселе қазіргі кезде күн тәртібінде тұр. Осыдан екі жыл бұрын бұл жарыстың тұсауы кесілген болатын. Нақтылап айтсақ, 2010 жылы Сингапурде жалауы желбіреген дүбірлі додада 204 мемлекеттен келген 3531 спортшылар бақ сынады. Олар 26 спорт түрі бойынша 201 медальдар жиынтығын сарапқа салды. Жалпы есепте Қытай құрамасы көш бастаса, Ресей мен Оңтүстік Кореяның оғландары екінші және үшінші орындарды иеленді. Бұл бәсекеде Қазақстанның өрендері де жақсы нәтиже көрсетті. 2 алтын, 2 күміс және 2 қола медальді еншілеген отандастарымыз 24 орынға табан тіреді. Ауыр атлет Жазира Жапарқұл мен грек-рим күресінің шебері Жәнібек Қандыбаев Сингапурде бас жүлдені олжалады. 2014 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасы Қытайдың Нанкин қаласында өтетін болды. Ал 2018 жылғы жарысты қабылдауға бес қала ниет білдіріп отыр. Олар - Буэнос-Айрес (Аргентина), Глазго (Ұлыбритания), Гвадалахара (Мексика), Медельин (Колумбия) және Роттердам (Голландия). Келесі жылдың ақпан айынан бастап, Халықаралық Олимпиада комитетінің өкілдерінен құрылған комиссия өз жұмысын бастайды. Олар әр шаһарды жеке-жеке аралап, олардың әрқайсының мүмкіндіктерін шамалап көреді. Ал бұл сайыста кімнің жолы болатыны 2013 жылдың 4 шілдесінде Швейцарияның Лозанна қаласында анықталады.

Суреттер:eso-online.ru

Дайындаған: Уалихан Қосанбай