Киберспорттың қыр-сыры: StarCraft II

Киберспорттың қыр-сыры: StarCraft II
Фото: starcraft2.com

Киберспорт әлемінде стратегиялық ойындар аз емес. Соның ішінде кең таралып, ірі жарыстарда дисциплиналар қатарына жиі еніп жүрген ойынның бірі – StarCraft II.

Бұл ойынды Blizzard Entertainment компаниясы 1998 жылы шығарған, сол жылдың 30 қарашасында ойынның қосалқы "StarCraft: Brood War" нұсқасы шықты. Cоның арқасында ойында жаңа юниттер мен сюжеттің жалғасы пайда болды. Ойынның күрделі нұсқалары онжылдықтың соңына қарай шыға бастады. 2010 жылы StarCraft II: Wings of Liberty сиквел-трилогиясының бірінші бөлімі, екінші StarCraft II: Heart of the Swarm 2013 жылы, үшінші StarCraft II: Legacy of the Void 2015 жылы жарияланды. Ал 2017 жылдың 25 наурызында StarCraft: Remastered атты қайта өңделген соңғы нұсқасы таныстырылды.

Ойын Blizzard Entertainment компаниясының тағы бір стратегиясы Warcraft II ойынына ұқсайды. Геймплейі де, ойын құрылымы мен атауы да ұқсас.

Ойыншылардың мақсаты – бір-бірінің кейіпкерлерін жою. Кейіпкерлер үш расада болады: террандар, протосстар және зергтер. Қос тараптың кейіпкерлері қайталанбайды, әрқайсының өз ерекшелігі мен күші бар. Соған қарай стратегиялық қадамдар жасалады. Мысалы протостардың жауынгерлері мықты әрі қымбат болады, ал зергтер қарсыласынан саны мен жылдамдығы жағынан басым болады. Үш расаның барлығын қосқандағы кейіпкерлердің саны 40-тан асып жығылады. Солардың ішінде ең танымал әрі көп таңдалатын 6 кейіпкер бар:
1) Зератул (протосс);
2) Тайкус Финдли (терран);
3) Артанис (протосс);
4) Аларак (протосс);
5) Загара (зерг);
6) Арктур Менгск (терран).

Ойында кейіпкерлер жинайтын екі ресурс бар: минералдар және веспен газы. Минералдар көгілдір кристалл түрінде болады, ал газдарды иелену үшін арнайы қорған салу қажет. Ресурстар кейіпкерлердің мүмкіндігін толық пайдалануға көмектеседі.

Екі ойыншы қатысатын режимде Battle.net ресми серверінде тегін ойнауға болады. Сондай-ақ компьютерге қарсы бір ойыншы режимі де бар.

Есетеріңізге сала кетейік, Алматыда 17 желтоқсан күні Starcraft ІІ ойынынан Орталық Азия чемпионаты өтеді. Турнирге іріктеу кезеңі басталды. Жүлде қоры 2 миллион теңгені құрайтын жарысқа қатысу үшін мына сілтемеге өтіп, қажетті ақпараттарды толтыру қажет. Қатысу тегін.

Жарысқа тіркелу 11 желтоқсанға дейін созылады. Үш күн болатын (10-13 желтоқсан) іріктеу кезеңінде финалға шыққан ойыншылар анықталады. Ал финалдық кезең 17 желтоқсанда Алматыдағы Тимирязев пен Сейфуллин көшелері қиылысындағы "Forum Almaty" сауда орталығында өтеді. Турнирде ТМД көлемінде атақты стример әрі сарапшы Алексей Трушляков ойынға комментатор болады. Ол интернет әлемінде Alez007 атымен танымал. Сондай-ақ көрермендер үшін де қызықты тосынсыйлар болмақ. Турнирді Қазақстан киберспорт федерациясы ұйымдастыруда. Бұл федерация осы жылдың 25 маусымында құрылған еді. Осыған дейін WESG (World Electronic Sports Games) бойынша Қазақстанда әлем чемпионатына іріктеу өткізген болатын.

Massaget.kz