Қазақтың самурайы жайлы не білеміз?

Фараби Дәулетшиннің оқиғасы самурайлар туралы фильмдерге ұқсайды. Оның selfmade.kz сайтына берген сұқбатында бірде-бір өтірік жоқ. Өзінің айтуы бойынша, оны Габриель есімді сенсей Алматыға келіп, арнайы байқауда таңдап алған. Содан Францияның Страсбург қаласындағы додзеге (айкидо мектебі) келген ол дәретхана тазалауға көшкен!

Оқиға Фарабидің Страсбург қаласына келген уақытынан басталады. Дәл сол барған уақытында Габриель сенсей оған дәретхана жууды тапсырған. Айкидо мектебінің қатал тәртібі болғандықтан онда барған жас спортшылар әрі кетсе екі айға ғана келеді екен. Ал Фарабидің аттай бір жарым жылға қалғысы келгенін естіген олар оған жынды адамға қарағандай болады. Алдында тұрған қиындықты Фараби сонда білмегенін айтады.

Мектептегі тәрбиеленушілер тәулігіне 5-ақ сағат ұйықтайды, бұған қоса бес реткі жаттығуды үзбеуі керек. Габриель сенсей кейде көшеге жұмыс істеуге шығаратын болған екен. Осы тозақтай қиындыққа шыдамай, мектеп тәрбиеленушілері 2-3 аптадан кейін ізім-қайым жоғалады да, қазақ елінен барған Фараби ғана қалады.

«Бірде Габриель сенсей маған додзе маңында өсіп тұрған ағашты балталап тастауымды тапсырды. Қалада өскен мен ағашты қалай кесетінін қайдан білейін, әйтеуір араны алып, кесе бастадым. Сөйтсем сенсей үйінен атып шығып ұрысып берді. Мен осылай кесіп жалғастыра беретін болсам ағаш тура үйдің үстіне құлайды екен. Одан кейін сенсей ағаштың үстіне шығып жарты метрден түбіне дейін кесіп түсуім керектігін айтты. Бұл шаруа маған оңай болмады. Бірақ бұл шебердің алдына Қазақстаннан келіп отырған жалғыз мен болғандықтан, сынбауға бел будым. Егер мен де қалғандарына ұқсап, орта жолда қайтып кетсем, айкиоданың біздің елде дамуына жол жабар едім деп ойладым», - дейді Фараби.  

Ал жарты жыл өткен соң Фараби төзімі түгесілгенін байқайды. Алматылық бапкерімен хабарласып, қара белбеудің де, данның да қажеті жоғын айтады. Бірақ дәл осы кезде оның қиналып жүргенін сезгендей Габриель Гарсия тұңғыш рет жеке келіп өзінің оқиғасын баяндап берен.

Ұстазы 20 жасында Жапонияға айкидоны үйренуге барып, сонда бес жыл бойы додзенің маңында теледидардың қорабын мекендепті. Оны айкидоның атасы Морихей Уесибаның ұлы мен немересі үйреткен. Олар да кім көрінгенді емес, нағыз таңдаулыларды алатын болған. Сондықтан оны бірінші дәретхана тазалауға, кейін кимано жууға қабылдайды. Ал жаттығудың өзіне бірнеше жыл өткен соң ғана кіргізеді. Сөйтіп, әрең үйренгенін айта келе бала Фарабиге «Сені үйрету үшін сенің шыныңдағыны түгел төгіп тастап, таза шыныға білім құюым керек. Бірақ ең жаманы – сенде менмендігің мен тәкаппарлығың» дейді.

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/Ds-nQjhboFs#t","width":"450","height":"338"});

Бұдан кейін де қазақтың жігіті мектептің су құбырын, дәретханасын тазалап, тағы да басқа жұмыстарға жүгіндіріледі. Дәл осылай бір жыл жұмыс істеген соң Фараби учидеши атағын алады. Учидеши – сенсейдің жеке шәкірті деген титул. Ұстазымен бірге өмір сүріп, ол әлемнің көптеген елдеріне барып, әлемдік деңгейдегі айкидо шеберлерімен танысады. Ұстазымен бірге жүріп, Фараби өмір философиясы мен айкидо философиясын меңгереді.

«Айкидо – сенің өмірің. Қалай ішіп-жегенің де айкидо. Тамақ ішкенде ішуің керек, жаттыққанда жаттығуың керек, ал дем ағанда дем алуың керек. Қазір және осында деген философия», - дейді Фараби.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Айнұр Еспенованың материалы пайдаланылды

Сурет: Фараби Дәулетшиннің жеке парақшасынан