Қазақстандық үш боксшы ұлттық құрамадағы мансабын аяқтады

Қазақстандық үш боксшы ұлттық құрамадағы мансабын аяқтады
Фото: kfb.kz

Қазақстандық боксшылар Біржан Жақыпов, Берік Әбдірахманов пен Олжас Сәттібаев ұлттық құрамадағы мансаптарын аяқтады. Бұл туралы бүгін өткен жаттықтырушылар кеңесінің отырысында айтылды.

Үш боксшы да өз еріктерімен командадан кеткен. Алдағы уақытта ұлттық құрама сапында жарыстарға қатыспағанмен, AIBA-ның «АРВ» және «WSB» жобаларына қатыса берулеріне болады. Осыған дейін 49 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғап келген Біржан Жақыпов «APB» жобасы жалғасатын болса, сонда бақ сынайтынын айтқан болатын.

Рио Олимпиадасында жүлделі орыннан көрінген боксшылар Данияр Елеусінов (69 келі), Василий Левит (91 келі), Әділбек Ниязымбетов (81 келі) пен Иван Дычко (+91 келі) алдағы жарыстар мен ел біріншілігінен босатылған. Олар төртжылдықтың басты додасынан кейін аздап тынығып алатын болады.

- Павлодардағы ел біріншілігінен кейін (20-27 қараша) халықаралық жарыстарға қатысатын ұлттық құраманың үш құрамын жасақтайтын боламыз. Өз салмағында жеңіске жеткен боксшылар Азия чемпионатына, 2017 жылы Гамбургте өтетін әлем чемпионатына баратын болады, - деді жаттықтырушы Болат Әбдірахманов.

Ұлттық құраманы Мырзағали Айтжанов жаттықтыра беретін болды. Жаттықтырушылар кеңесі бапкер шәкірттерінің Рио Олимпиадасындағы жетістіктеріне жоғары баға берді.

О. Сансызбай