Қазақстанда жетекші спорт түрлерінің қатарына қосылып, елімізді танытып келе жатқан спорт түрлерінің бірі – шахмат. Зияткерлік ойынның бүгінгі таңдағы еліміздегі хал-ахуалы мен тыныс-тіршілігін білу мақсатында Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат академиясының вице-президенті, спортшының анасы Алма Әшіровамен сұхбаттасқан болатынбыз.
- Сәлеметсіз бе, Алма апай! Шахматты ақыл-ой спорты деп атайды. Бұл спорт түрінің пайдалы тұстары қандай?
- Шахмат – ертеде пайда болған танымды да, қызықты спорт ойыны. «Корольдер ойыны» деп те аталады. Өзің айтқандай, шахмат – нағыз ақыл-ой спорты. Оның пайдалы тұстары ертеден-ақ белгілі. Шахмат адамды жылдам ойлауға, тез шешім қабылдау мен бірінші қадам жасауға үйретеді. Тақта үстіндегі ойынның өміріңе де сабақ болар тұстары жетерлік. Шахматты ойнау - зейінділікті дамытады, моральдық қасиеттерді тәрбиелеуге көмектеседі. Адам дүниетанымын кеңейтуге септігін тигізеді. Ал ең бастысы, шахмат – адамның логикалық ойлау қабілеті мен есте сақтау қабілетін жақсартады. Рухани күш сыйлайды. Шахматты меңгерген адам сарапшы да бола алады. Себебі, ол ойында жеңсе де, жеңілсе де өз жүрісінің дұрыс немесе қате екеніне баса мән береді. Ойын біткен соң да оны ақыл-ой таразысынан өткізеді. Адамның алдын-ала ойлау қасиетін қалыптастырады.
- Елімізде қалай дамып келеді?
Қазіргі таңда шахмат елімізде қарқынды дамып келеді. Бұл спорт түрінен әлемнің алдыңғы қатарлы елдері бүгінде елімізді осал қарсылас ретінде бағаламайды. Бұрындары өзге елдермен салыстырғанда қазақстандық қарсыластарын осал деп бағалайтын. Қазір бұл стеоротип бұзылған.
- Ақпан айында еліміздің шахмат федерациясы уақытша қызметін тоқтата тұрғаны туралы айтылды. Кейіннен қайта жұмысын жалғастыратыны туралы қуанышты хабарды естідік. Осы туралы айта кетсеңіз?
- Бұл жаңалық – басымызға жай түскендей әсер еткені рас. Кейіннен қаржының аз бөлінгені айтылып, уақытша федерация жұмысын тоқтата тұруға мәжбүр болды. Федерация қаржылық қиындықты жасырып қалмай, өз сайтында ашық хабарлады. Бұл өтірік емес, шындық. Алайда көп адамдарды «елімізде жоғарғы сұранысқа ие болып келе жатқан спорт түрінің басына қара бұлт үйірелердей не күн туды» деген секілді ойлар мазалағаны рас. Наразылық та тудырды. Нәтижесінде қаржы мәселесі билік тарапынан оң шешімін тауып, федерация жұмысын жалғастырды. Бар-жоғы бір-екі күннің ішінде бұл мәселе өз шешімін тапты. Әрине, бюджет үлкен көлемде емес. Сонда да федерация жұмысын жалғастыруына жетеді.
- Елімізде шахматтың дамуына қандай жұмыстар атқарылуы тиіс деп есептейсіз?
- Елімізде шахматтың дамуы үшін үйірмелер мен академияларын көбейту қажет. Үгіт-насихатты арттыру керек. Десе де көп дүние ата-анаға байланысты. Бұл тұрғыда шахматтың пайдалы тұстарын білетін ата-ана баласын шахмат үйірмелеріне беруде. Бірақ, үйірмелер мен бапкерлер жетіспейтіні рас. Сондықтан да бүгінгі жас шахмат шеберлері келешекте үлкен маман болып, елімізде бұл спорт түрінің дамуына септігін тигізеді деген сенімдемін.
- Ата-ана баласының спорт түрін таңдарда денсаулығына да баса мән береді. Мәселен, басы мен жұлыны ауыратын балаларға жеңіл атлетика, тау-шаңғы спорты түрлері мен тенниске қатысуға болмайды. Сол секілді шахматта да денсаулыққа байланысты қатыспауға тыйымдар бар ма?
- Әрине, баланы спорт түріне қатыстыруға бергенде денсаулығына баса мән беру керек. Шахматта олай емес. Керісінше, шахмат – адамның денсаулығына өте пайдалы. Мысалы, біздің академияда да денсаулығы нашарлау бірнеше бала тәлім алады. Педиатрлар олардың денсаулығына шахматтың пайдасы тиетінін растап отыр. Сонымен қатар, жүйке жүйесі мен қан қысымы жоғары келетін балалардың да денсаулығына шахматтың пайдасы мол. Біз ондай балалармен жұмыс жасап келеміз.
- Баланы неше жасынан шахмат үйірмесіне берген дұрыс?
- Ол балаға байланысты. Мысалы, бізде 5 жасар балалар бар. Олар келіп шахмат әліппесін толықтай түсініп қайтады. 45 минут отырып, сабақ алуға шамалары жетеді. Бұл дегеніміз – мектепке сабақ оқуға барғанда бала 45 минутқа шыдай алатын болады. Бізде сондай-ақ 2 жасар бала келіп оқиды. Ол – академияның ең жас білімгері. Ата-анасымен аптасына бір рет келіп, 30 минут сабаққа қатысып кетеді. Ол да шахмат әліппесін меңгеріп келеді. Басында әлі кішкентай деп бас тартқанымызбен, ата-анасының өтініші бойынша шахмат үйретіп келеміз. Бізде 4 жастан бастап, ересектерге дейін тәлім алады. Кей спорт түрлерінде баланың жасына байланысты шектеу болса, шахматта жас шектеуі жоқ. Қай жаста болса да, қатыса беруіңізге болады.
Жалғасы
Сурет: massaget.kz