Пхенчхандағы (Оңтүстік Корея) XXIII қысқы Олимпиада ойындарының басталуына да үш айға жетер-жетпес уақыт қалды. Қазақ спортшылары Тәуелсіздіктен бергі кезеңде жетінші рет ақ Олимпиадада бақтарын сынайтын болады. Осы орайда Қазақстанның қысқы Олимпиада ойындарындағы жетістіктері мен ел абыройын асырған спортшылар жайлы аз-кем ақпарат бере кеткенді жөн санап отырмыз.
Қазақ елі Тәуелсіздік алмай тұрып-ақ отандастарымыз КСРО құрамында қысқы Олимпиадаға қатысып келді. Алғаш болып қазақстандық спортшылар 1956 жылы төртжылдықтың басты додасына барды. Ал тұңғыш болып жүлде алған спортшы Иван Иванович Гаранин болды. 1976 жылы Инсбрукте өткен додада қостанайлық шаңғышы 30 шақырым мен эстафеталық сында екі бірдей қола медаль жеңіп алды. Ал одан кейінгі жүлде тағы біраз уақыт күттірді. 1988 жылы Калгариде өткен XV Олимпиада жарыстарына КСРО құрамында барған шаңғышылар Владимир Саханов - күміс, Владимир Смирнов қос күміс пен қола медаль алды. Ал 1992 жылы Альвербильде (Франция) өткен додаға ТМД құрамында Қазақстаннан 8 спортшы аттанғанмен, жүлделі орыннан көріне алмады.
Қысқы Олимпиададағы Тәуелсіз Қазақстан
Иә, қазақстандық спортшылар алғаш рет Тәуелсіз Қазақ елі болып 1994 жылы Лиллехамерде (Норвегия) өткен қысқы Олимпиада ойындарына барды. Спортсүйер қауым үшін айта кетер бір жәйт, Альвербиль мен Лиллехамердегі Олимпиада ойындарының арасы 2 жыл ғана уақытты құрады. Оған дейін 4 жыл сайын ұйымдастырылып келген еді. Оның себебі де бар. ХОК қысқы Олимпиада мен жазғы Олимпиада ойындарының бір жылда өтуін тиімді санамай, ара алшақтығын екі жылға ұзартты. Бұл шешім комитет пен спорт жанкүйерлері үшін де тиімді болды деп айтуға толықтай негіз бар.
Қош, сонымен Лиллехамердегі Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс медаль жеңіп алды. Үш жүлдені де шаңғышы Владимир Смирнов иеленді. Қазақстан жалпыкомандалық есепте 12-орын алды. Бұдан кейін бұл жетістік қайталанбады. Өзге жүлделер бұйырғанмен, алтын бұйырмай келеді...
1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында өткен XVІІІ қысқы Олимпиада ойындарында тағы да шаңғышы Владимир Смирнов жүлделі орыннан көрінді. Қола медаль еншіледі. Сондай-ақ конькимен жүгіруші Людмила Прокашеваға да қола медаль бұйырды.
Өкінішке қарай, 2002 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен және 2006 жылы Италияның Турин қаласындағы қысқы Олимпиада ойындарында отандастарымыздың ешбірі жүлделі орыннан көріне алған жоқ.
Қазақстанның жаңа Әнұраны қашан шырқалады?
Туринде Қазақстанның су жаңа Әнұраны шырқалар деп күткен едік. Үмітіміз ақталмады. Араға 4 жыл сала Ванкуверде (Канада) бағымыз жанар деп болжадық. Алтын бұйырмаса да, күміс медаль еншіледік. 2006 жылы Қазақстан құрамасына Ресейден ауысып келген Елена Хрусталева Ванкуверде 15 шақырымдық сында екінші нәтиже көрсетті.
Қош, сонымен сеніміміз Сочиге ауды. 2014 жылы Ресейдегі Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 58 спортшы аттанды. Олардың қатарында тәжірибелі тіс қаққан спортшыларымыз да бар еді. Өкінішке орай, Әнұранымыз шырқалмады. Жүлдегерлер қатарынан Денис Тен ғана көрінді. Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы қысқа бағдарламадан кейін 9-орында тұрып, еркін бағдарламада бар өнерін паш етіп, қола медальға қол жеткізді. Бұл тұста әйгілі ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Евгений Плющенконың жарақатына байланысты жарысты жалғастырмауы да отандасымызға жүлделі орыннан көрінуге жол ашты. Бастысы – Денис қола жүлдеге жетер жолды таба білді.
Күт, Пхенчхан!
Қазақстанның қысқы Олимпиада ойындарындағы жетістіктері жанкүйерлердің көңілін көншітпейтіні рас. Алда, Пхенчхандағы дода келеді.
Оңтүстік Корея жеріндегі қысқы Олимпиада ойындарына әлемнің 80-нен астам елінен 5000-ға жуық спортшы мен ресми тұлға қатысады деп жоспарланған. 15 спорт түрі бойынша 102 медаль жиынтығы сарапқа салынатын болады.
Жақында ғана Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметі отырысында мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы 2018 жылы Пхенчханда өтетін XXIII қысқы Олимпиада ойындарына дайындық туралы айта кетті. Қорытынды іріктеу кезеңі, допингке қарсы бақылау нәтижелері бойынша бақылау қаңтар айына дейін жалғасатынын баяндады. Ал өз кезегінде Бақытжан Сағынтаев спортшылардың зор жетістікке жетуіне сенім білдірді.
Қазақстандық спорт делегациясы Пхенчхандағы додаға 9 спорт түрінен қатысуды жоспарлап отыр. Атап айтар болсақ, биатлон, мәнерлеп сырғанау, тау шаңғы спорты, шорт-трек, конькимен жүгіру спорты, шана спорты, шаңғы жарысы, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл (акробатика, могул) секілді спорт түрлерінен отандастарымыз бақ сынайтын болады.
Қазіргі таңда Қазақстанда екі спорт түрі бойынша 13 жолдама бар (биатлон — 10, мәнерлеп сырғанау — 3). Олимпиадаға дейін жолдамаға ие болу үшін қысқы спорт түрлері бойынша Қазақстанның құрама командасы халықаралық спорттық күнтізбеге сәйкес халықаралық біліктілік жарыстарына қатысады.
Болжам қандай?
Қысқы Олимпиада мен жазғы Олимпиададағы жетістігіміз салыстыруға келмейді. Оның себебі де көп шығар. Әңгіменің тоқетері, Пхенчхандағы додада отандастарымыздан жарқын жеңіс күтеміз. Дәл осы Олимпиадаға тәжірибесі толысқан, жастық жалыны бар, жеңіске деген жігері мол спортшыларымыз қатыспақ. Кемінде болмаса да, тегінде құралақан қайтпас...
Танымал "Gracenote" статистикалық агентігі 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына өз болжамдарын жаңартып, ұсынып келеді. Олардың сараптауы бойынша қазақстандық спортшылар жүлделі орыннан көріне алмайтын көрінеді. 2018 жылғы Олимпиадада 30 елдің спортшылары жүлдегерлер қатарынан көрінеді деп топшылауда (соңғы үш Олимпиадада тек 26 елдің спортшылары жүлдегер атанған). Біздің спортшылар бұл болжамды жоққа шығарады деген сенімдеміз.