Қазақстан футбол федерациясы алдына қандай жоспарлар қойып отыр?

Қазақстан футбол федерациясы алдына қандай жоспарлар қойып отыр?

Бүгін Астана қаласында Қазақстан футбол федерациясының кезекті XII конференциясы өтті. Бұл жиында ел футболының болашағы, дамуы мен ел чемпионатының өткізу жүйелері қаралды. Алға қойып отырған жоспарлар талқыланды.

Кәсіпқой футбол лигасына жаңа басшы келді 

2014 жылы ел кәсіпқой футбол лигасының тізгінін ұстаған Олжас Абраев қызметінен кетті. Оның орнына Бағлан Ергешов тағайындалды. Жаңа басшы осыған дейін «Ордабасы» және «Оқжетпес» клубтарында спорттық директор қызметін атқарған. Ал Олжас Абраев болса, Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті қызметін жалғастыра береді.

Тәжірибелі төрешілер дайындау көзделуде 

Қазақстан футбол федерациясы жас әрі талантты жастар арасынан төрешілер дайындауды жолға қоймақ. ҚФФ президенті Ерлан Қожағапанов айтуынша, алдағы уақытта ірі ареналарда қазылық жасайтын мамандарды тәрбиелеп шығаруды қолға алмақ.

- Жас төрешілер арасында бәсекелестік тудыру қажет. Кез келген төрешінің жетістігі – әлем чемпионатында қазылық жасау. Сондай мамандарды біз де дайындап шығуымыз керек. Жоғары көлемді қаржы да бөлетін боламыз. Оларға берілер сыйақы екі есе көбейетін болады, - деді ҚФФ президенті Ерлан Тоқтарханұлы.

 Ел футболының 2022 жылға дейінгі мақсаты айтылды

ҚФФ 2022 жылға дейін Қазақстандағы футболмен айналысатын балалардың саны мен балалар бапкерлерінің көлемін екі есеге көбейтуді басты мақсат ретінде қарастырады. Яғни, елімізде 2022 жылға қарай футболмен айналысатын балалардың санын 386 мыңнан 750 мыңға өсіру жоспарланған. Сонымен қатар, бапкерлер санын арттыру да көзделуде. Ол үшін жабық манеждер мен стадиондар салу жолға қойылған. Осыған дейін Ерлан Қожағапанов футболды мектептегі міндетті пәндердің қатарына қосу идеясын да көтерген болатын.

Бірінші лигада легионерлер ойнамайды

Астанадағы конференция барысында біраз мәселелер қаралды. Соның бірі - келер маусымнан бастап бірінші лигада өнер көрсететін клубтар тек отандық ойыншылардан жасақталуы тиіс. Бұл туралы да Ерлан Қожағапанов айта кетті.

- Біз трансфер саясатын өзгертуді көздеудеміз. Алдағы уақытта ел футболының жүйесіне өзгеріс енгіземіз. Оны алдымен бірінші лигадан бастауды жөн санап отырмыз. Келер жылдан бастап бірінші лигада ел футбол мектептерінің түлектері ойнайтын болады. Бұл тақырып алдағы уақытта бапкерлер қосыны басқосуында да қаралатын болады, - деді Ерлан Тоқтарханұлы.

Айта кетейік, 2016 жылғы маусымнан бастап премьер-лигадағы клубтар саны тағы екеуге артпақ. Жиын барысында федерация президенті Ерлан Қожағапанов келесі жылдан бастап футболдан Қазақстан премьер-лигасында өнер көрсететін клубтардың санын 14-ке дейін көбейтуді ұсынды.  

Сурет: sports.kz, massaget.kz

Ұқсас жазба

Қазақстан премьер-лигасындағы клубтар саны артады

О. Сансызбай