- Негізгі бет
- Маккала
- Қазақстан ФИФА рейтингіндегі...
Қазақстан ФИФА рейтингіндегі рекордтық көрсеткішін жаңартты
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Халықаралық футбол қауымдастықтары одағының (ФИФА) жаңарған рейтингінде 13 орынға жоғарылап, рекордтық көрсеткішіне түзету енгізді. Отандық құрама тамыз-қыркүйек айының нәтижесі бойынша 83-орынға көтерілген.
Ел футболы тарихындағы ең үздік көрсеткіш осыдан бір ай бұрын тіркелген болатын. Нәтиже 97-ші орын болатын. Ал ең төменгі нәтиже 1996 жылғы мамыр айындағы рейтингтен көрініс табады. Ол жолы ұлтты құрама 166-шы сатыда болған.
ФИФА рейтингі 1993 жылдан бері түзіліп келеді. Сол арқылы ұлттық құрамалардың өсу деңгейін, көрсетіп келе жатқан нәтижелерін бағамдауға болады. Рейтинг тарихында көш тізгінін 7 ұлттық құрама ғана иеленген. Оның бесеуі Еуропадан болса, екеуі – Оңтүстік Америка құрлығынан. Олар: Германия, Италия, Франция, Испания, Нидерланды, Бразилия және Аргентина.
2006 жылы Германияда өткен әлем чемпионатынан кейін рейтинг ұпайын есептеу жүйесіне арнайы өзгертулер енгізілді. Десе де бұл рейтингте Қазақстан ұлттық құрамасының аса жоғары орындарға шыға алмауының себебі де жоқ емес. Өйткені, географиялық сипаты бойынша алты құрлықтық футбол конфедерацияларының деңгейі тең дәрежеде емес. Мәселен, Қазақстан ұлттық құрамасы Азия футбол конфедерациясында өнер көрсетер болса, нәтижесі бұдан да жоғары болары даусыз ба еді?!
Жаңарған ФИФА рейтингінің алғашқы ондығында өзгерістер орын алған. Аргентина құрамасы көш басында болса, екінші орында Бельгия құрамасы келеді. Германия құрамасы Колумбияны бір орынға ығыстырып, үштікке енді. Бразилия бес орынға жоғарыласа, Чили, Португалия мен Франция құрамалары бір орынға төмен сырғыған. Сондай-ақ, Уругвай мен Уэльс құрамалары алғашқы ондыққа еніп отыр.
Жаңарған рейтингтегі ең төменгі нәтижені Орталық Африка ұлттық құрамасы көрсетіп отыр. Олар бірден 35 саты төмендеп, 122-ші орынға тұрақтаған. Бұл рейтингтің үздік көрсеткішін Боливия құрамасы еншіледі. Олар 35 саты жоғарылап, 75-орынға табан тіреген.
Айта кетейік, Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясындағы бірінші ойында Польшамен тең ойнаған (2:2 есебімен) болатын.
О. Сансызбай