Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Халықаралық футбол қауымдастықтары одағының (ФИФА) жаңарған рейтингінде 15 орынға жоғарылап, рекордтық көрсеткішіне түзету енгізді. Отандық құрама маусым айының нәтижесі бойынша 97-орынға көтерілген.
Ел футболы тарихындағы ең үздік көрсеткіш 2001 жылы тіркелген. Нәтиже 98-ші орын болатын. Ол уақытта Қазақстан құрамасы Азия футбол конфедерациясы құрамында еді. Ал ең төменгі нәтиже 1996 жылғы мамыр айындағы рейтингтен көрініс табады. Ол жолы 166-шы сатыда болған.
ФИФА рейтингі 1993 жылдан бері түзіліп келеді. Сол арқылы ұлттық құрамалардың өсу деңгейін, көрсетіп келе жатқан нәтижелерін бағамдауға болады. Рейтинг тарихында көш тізгінін 7 ұлттық құрама ғана иеленген. Оның бесеуі Еуропадан болса, екеуі – Оңтүстік Америка құрлығынан. Олар: Германия, Италия, Франция, Испания, Нидерланды, Бразилия және Аргентина. 2006 жылы Германияда өткен әлем чемпионатынан кейін рейтинг ұпайын есептеу жүйесіне арнайы өзгертулер енгізілді. Десе де бұл рейтингте Қазақстан ұлттық құрамасының аса жоғары орындарға шыға алмауының себебі де жоқ емес. Өйткені, географиялық сипаты бойынша алты құрлықтық футбол конфедерацияларының деңгейі тең дәрежеде емес. Мәселен, Қазақстан ұлттық құрамасы Азия футбол конфедерациясында өнер көрсетер болса, нәтижесі бұдан да жоғары болары даусыз.
Жаңарған ФИФА рейтингінің алғашқы ондығында өзгерістер орын алған. Аргентина құрамасы көш басында болса, екінші орында Бельгия құрамасы келеді. Үштікті колумбиялықтар қорытындылап тұр. Еуропа чемпионы атанған Португалия құрамасы 6-орынға көтерілсе, француздар 10 саты жоғарылап, 8-орынға тұрақтаған. Сондай-ақ алғашқы ондыққа Италия құрамасы да еніп отыр.
Жаңарған рейтингтегі ең төменгі нәтижені Белиз ұлттық құрамасы көрсетіп отыр. Олар бірден 50 саты төмендеп, 164-ші орынға тұрақтаған. Бұл рейтингтің үздік көрсеткішін Жаңа Зеландия құрамасы еншіледі. Олар 54 саты жоғарылап, 93-орынға табан тіреген.
Айта кетейік, маусым айында Қазақстан ұлттық құрамасы Қытай құрамасымен жолдастық кездесу өткізіп, 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын.