Қазақстан чемпионаты "Күз-көктем" жүйесімен өткізілетін болады

Қазақстан чемпионаты "Күз-көктем" жүйесімен өткізілетін болады

2013 жылдан бастап Қазақстандағы футбол чемпионаты "Күз-көктем" жүйесі бойынша өткізілетін болады. Бұл туралы massaget.kz тілшісі хабарлады. Жаңа формат Қазақстан футбол федерациясының шешімімен іске қосылатын болды.

Келесі маусым 2013 жылдың көктемінде басталып, 2014 жылдың көктеміне дейін созылатын болады. Бәсеке үш айналыммен өткізіледі. Ал бұдан кейінгі чемпионаттар әр жылдың тамыз айы мен келесі жылдың көктемі арасында өткізілетін болады.

Футбол федерациясы өкілдерінің айтуынша, бұндай өзгерістердің бірнеше пайдасы мен артықшылықтары бар. Солардың бірі ретінде жаздағы демалыс уақыты құрамалардың дайындығына оң әсерін тигізетіндігін айтуға болады.

Сонымен қатар, алдымыздағы жылдың 1 қаңтарынан бастап, әр футбол клубында спорт директоры сайланатын болады. Аталған директор клуб мүшелерінің дайындығы мен селекциялық-трансферлік саясатқа жауапты болады. Ал 2013 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әр клубқа суық күндері өткізілетін ойындар үшін жабық манеж салынады деп жоспарланып отыр.

сурет: frsk.kz