Қазақстан Чехияны жеңе ала ма?

Бүгін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы «Астана-Аренада» 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Чехия ұлттық құрамасын қабылдайды. Ал біз әдеттегідей, кездесу алдындағы шолуымызды ұсынамыз.

Екі құраманың осыған дейін жолдары түйіспеген. Ал клубтық деңгейде командаларымыз алты рет жолыққан. Бұл ойындар нәтижесінде чех командалары жерлестерімізді 3 ойында жеңіп, 2 ойында тең түсіп, 1 ойында жеңілген екен. Соңғы ойын  2012/2013 жылғы маусымда қарағандылық «Шахтер» мен либерецтік «Слован» командалары арасында өткен.

Баспасөз мәслихатында ұлттық құрама бапкері Юрий Красножан жеңіске жетудің жолы жоқ емес екенін баса айтты. Сонымен қатар, құрама сапында да өзгерістер орын алуы мүмкін. Өйткені, бас бапкер Нидерландыға қарсы кездесуге бірнеше ойыншыларымызды алып бармаған болатын. Ал чехтардың бас бапкері Павел Брва да бұл жағдайдан хабардар болып шықты.

Чехия құрамасы қазіргі таңда ФИФА рейтингінің 28-ші сатысына жайғасқан. Ал Нидерланды болса 4-ші орында болатын. Бүгін өз алаңымызда ойнайтын ұлттық құрамадан үлкен үміт күтуге болады. Негізгі құрамда шығатын ойыншылар түс ауа белгілі болмақ. Ал ҚФФ мәліметі бойынша, жарақатына байланысты Виктор Дмитренко мен «Амстердам-Аренада» қызыл қағаз алған Бауыржан Жолшиевтің орнына жартылай қорғаушы Аслан Дарабаев пен Александр Киров шақырту алды.

Қонақтардың фаворит екені рас. Бірақ, Қазақстан құрамасы тосын сый жасайды деген үмітіміз басым. Букмекерлік орталықтар отандастарымыздың жеңісіне 7,1 коэффициент, тең ойынға 4,05 коэффициент, қонақтар жеңісіне 1,46 коэффициент ұсынуда. Нақты нәтижелер бойынша қонақтар бір доп басымдығымен жеңуі мүмкін деген болжамдар көбірек айтылуда.

Айта кетейік, Қазақстан мен Чехия құрамалары арасындағы кездесу бүгін өтеді. Ойын Астана уақытымен 22:00-де басталады. Тікелей эфирде «Қазақстан» және «KazSport» арналарынан тамашалай аласыздар.

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com