Қазақстан – Буркина-Фасо ойынына жанкүйерлер неге аз жиналды?

Қазақстан – Буркина-Фасо ойынына жанкүйерлер неге аз жиналды?
Фото: kff.kz

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының Алматының орталық стадионында ойын өткізбегеніне көп уақыттың жүзі болып қалған еді. Десе де Буркина-Фасо құрамасына қарсы ойынға жиналған жанкүйерлердің қарасы көп болған жоқ. Себебі...

Кеше өткен кездесу Астана уақытымен сағат 18:00-де басталды. Ал бұл уақытта көп қызметкерлер енді ғана жұмысынан қайтып жатады. Яғни, сейсенбі – жұмыс күні. Сондықтан да ойынға кешігіп келгендер көп болды. Егер ойын 19:00 немесе 20:00-де басталғанда біршама жанкүйерлер жиналатыны анық еді. Мұны жанкүйерлердің аз келуінің бір себебі ретінде қарауға болады.

Қазақстан – Буркина-Фасо ойыны өтетіні туралы жарнамалар аз болған жоқ. Айтылды да, жазылып та жүрді. Бірақ, билеттердің қымбаттау болғаны рас. Ең арзан билет 500 теңге болса, ең қымбаты – 7000 теңгені құрады. Ал арзан билеттермен ойынды тамашалайтын секторлар жанкүйерлер үшін аса ыңғайлы емес екені белгілі. Себебі, жанкүйерлер «Қайраттың» ойынын батыс трибунадан тамашалау үшін 500 теңгеге билет алса, ал ұлттық құраманың ойынын бұл маңнан қарау үшін 1500 теңгеге билет алуы керек болды.

Жанкүйерлердің асыға күткен ойынын «KazSport» арнасы емес, «Хабар» арнасы тікелей эфирде таратты. Бұл да жанкүйерлердің ойынды үйден тамашалауына жағдай жасады.

«Қара құрлықтың» құрамасымен ойнау – футболшылар үшін ғана емес, жанкүйерлер үшін де таңсық екені рас. Десе де Буркина-Фасоның негізгі құрамы Алматыға ат басын бұрған жоқ. Ішкі біріншілігінде өнер көрсететін футболшылардан жасақталған қосалқы құрамы келді. Бұл да кей жанкүйерлердің алаңға келуіне қызығушылығын тудырмады. Сонымен қатар, ұлттық құраманың белді ойыншыларының бірі Бауыржан Исламханның да алаңға шықпайтыны туралы ерте айтылды.

Қазақстан мен Буркина-Фасо арасындағы ойын – жолдастық кездесу ғана. Одан өзге бұл елдің футболдан атағы жер жармақ түгіл, атауын жаңа есітіп жатқандар да болды. Сондықтан да жанкүйерлер аса тартысты кездесуді алдын-ала күтпесе де керек-ті.

Айта кетейік, кеше өткен ойында Қазақстан мен Буркина-Фасо құрамалары 0:0 есебімен тең тарқасқан болатын. Енді Юрий Красножан шәкірттері 12 маусым күні Алматыда 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу ойындары аясында Түркия құрамасымен кездеседі. Бұл ойынға жанкүйерлер көп жиналады деген сенімдеміз. Ұлттық құрамаға бірге жанкүйер болайық!

Ұқсас жазба

Қазақстан құрамасы Буркина-Фасомен тең тарқасты (видео)

О. Сансызбай