«Қазақстан Барысының» билеті сатылымға шықты

«Қазақстан Барысының» билеті сатылымға шықты

Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі 2011 жылы тұңғыш рет ұйымдастырылып, қазақ күресінің жанкүйерлері алғашқы жылдың ақтық финалын Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінен тегін тамашалаған болатын.

Сол жылы бірінші рет ұйымдастырылса да, кешкі сағат 16:00-де басталған бәсекені түнгі сағат 12:00-ге дейін жиналған жұртшылық тапжылмай отырып тамашалаған еді. Көрерменнің көптігі соншалық, спорт кешенінің ішінде ине шаншар жер қалмаған. Халықтың үштен бірі тізе бүкпей, тікесінен тік тұрып, балуандарға қолдау жасады. Ұлттық күресімізді ұлттық идеяға айналдыруға бағытталған «Қазақстан Барысы» жобасы халық жүрегінен ойып тұрып орын аларына сол алғашқы жылы көз жеткізген едік.

Сондықтан болар, «Қазақстан Барысы» ұйымдастырушылары жыл өткен сайын, көрермен қауымның саны кеңеймесе, кемімейтінін ескере отырып, «Қазақстан Барысы» белдесулерінің финалын қазіргі заман талабына сай, заманауи спорт кешенінде өткізуді қолға алды. Өткен жылдан бастап, доданы республикалық «Сарыарқа» велотрегінде өткізуді жөн деп тауып, 2012 жылдың «Барысын» 10 мыңға жуық көрермен сыятын «Велотрек» спорт кешенінде анықтаған болатын.

Өткен жылдан бастап, «Қазақстан Барысы» ұйымдастырушылары сатылымға билеттер шығарды. Сонымен, бәсі биік бәсекені былтыр қолында билеті бар жанкүйерлер ғана залдан тікелей көре алды. Міне, сол дәстүр бойынша, биыл да қазақ күресінен өтетін «Қазақстан Барысы» турнирінің ақтық белдесулерін тікелей залдан тамашалаймын деген жанкүйерлер спорт кешеніне тек билетпен ғана кіре алады.

Өткен аптада «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының баспасөз орталығы 30 маусым күні Астананың 15 жылдық мерейтойына орай өткізілгелі отырған «Қазақстан Барысы - 2013» турнирінің ақтық белдесулерінің билеттері сатылымға шыққанын хабарлады.

Билеттердің бағасы 1000, 2000, 3000 теңгелерді құрайды. Билеттерді Астана  қаласындағы  «Керуен» сауда және ойын-сауық орталығынан, «Mega Center Astana» сауда және ойын-сауық орталығынан, «Asia Park» сауда және ойын-сауық орталығынан таба аласыз. Айтпақшы, сатып алған билетіңіз бойынша жүлде ойнатады.

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: i-news.kz 

Ю. НИКУЛЛИН