Қазақша күрес және 50 миллион теңге

"Биылғы "Қазақстан барысы" жарысының жүлде қоры 50 миллион теңгені құрайтын болады. Бұл туралы "Қазақстан барысы"  қазақша күресті дамыту қоғамдық қорының  өкілі Арман Шұраев мәлімдеді" - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Биылғы жылдың жүлде қоры "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен 50 миллион теңгеге жетеді. Және де біздің басты мақсатымыз қазақша күресті одан әрі дамытып, "балуан" деген атақты кәсіпқой маман деңгейіне жеткізу"- деді Шұраев өз сөзінде.

Дүбірлі доданың ақтық сыны республикалық велотректе өткізіледі деген жоспар бар. Өйткені, былтырғы жарысқа "Дәулет" спорт кешеніне келген көрермендердің саны көп болғандықтан, бос орын жетпей қалуы әбден мүмкін. Жақын уақытта республиканың барлық аудандарында іріктеу жарыстары ұйымдастырылып, жүзден жүйрік атанғандардың есімдері белгілі болады. Жарыстың ақтық сыны қыркүйек айының 16-на жоспарланған. Жеңіс тұғырының төріне көтерілген балуан 150 мың доллар мен алтын белбеумен марапатталатын болады. Екінші және үшінші орын жүлдегерлері де сәйкесінше күміс пен қола алқаларды мойындарына тағып, қомақты қаражатқа қол жеткізеді. "Бұл шара республикамыздың барлық облыстарынан келген, әсіресе ауылдық жерлердің тұрғындарының қатысуымен ұйымдастырылып жатқан әлеуметтік жоба"- деп Арман Шұраев айта кетті.

Шараны ұйымдастырып жатқан қор БАҚ арқылы жарысқа қатысам деушілердің бәріне хабарлама жасап, оларды жарысқа белсенді түрде қатысуға шақырады. Республикамыздың шалғай өңірлерінен келетін спортшылардың жарысын "Қазақстан" телеарнасы көрсететін болады. Телекөрермендерге ақтық сындарды ғана емес, іріктеу жарыстарын да тамашалауға мүмкіндік бар.

Қазақстан спорт және дене шынықтыру агенттігінің төраға орынбасары Елсияр Қанағатовтың пайымдауынша, бұндай жарыстар жастар арасында салауатты өмір салтын ұстануға өз септігін тигізеді. Биылғы жарыстың ақтық мәресіне еліміздің әр облысынан 2 спортшыдан  барлығы 32 балуан қатысып, намыстарын қолдан бермеуге тырысады.

Күрес федерациясының жоспарында Бразилия елінде жасөспірімдер арасында әлем чемпионатын ұйымдастырып, оған Америка құрлығының 8 мемлекетін қатыстыру ойы бар. Бұл шара қазақша күресті әлем деңгейіне жеткізуге өз септігін тигізеді. Бұған қоса қазіргі уақытта қазақша күресті Азия ойындар бағдарламасына енгізу туралы сұрақ шешіліп жатыр. Федерация президенті Серік Тукеевтің айтуынша, қазақша күрес Азия ойындар бағдарламасына ену үшін балуандар салмақ дәрежесі бойынша бөлініп, федерация құрамына 30 мемлекет енуі қажет. "Жақын арада бұл сұрақ Женевада көтерілетін болады. Бұл өте қиын мәселе. Жоспар бойынша биыл төртінші әлем чемпионаты ұйымдастырылуы тиіс"-деді Тукеев сөз соңында.

Сурет tengrinews.kz