- Негізгі бет
- Маккала
- Қазақ спортының қалыптасу...
Қазақ спортының қалыптасу тарихы
Қазақ жеріндегі спорт түрлері қалайша қалыптасты? Осы сұраққа жауап табу үшін қалың тарихты парақтай отырып, ұлан- байтақ жерімізде спорттың дамуына түрткі болған оқиғалардың хронологиясын құрастырып отырмыз.
Қазақ жерінде спорттың алғашқы белгілері 7 ғасырда пайда болды деген болжамды Араб халифатының Орта Азия елдеріне ислам дiнiн уағыздаумен қатар, шахматты тарату мен дамуына ықпал еткеніне қарап отырып, айта аламыз. Көне заманнан бастап, халқымыз садақ тарту, бәйге, күрес, сайыс сияқты көптеген спорт түрлерімен айналысып, өздерінің рухани байлықтарын толықтырып отырған. Ата-бабаларымыз әрдайым ұлттық спорт түрлерін, дене жаттығуларын жетілдіріп, оларды кейінгі ұрпаққа насихаттаған. Әр елдің, жүз бен болыстың өз батыры, балуаны мен аты шыққан мықты спортшысы, мергені болатын. Олар өз руының намысын қорғап, қарсыласын жеңу үшін барлық күштерін аямайтын.
Қазақ спортының дамуына әр түрлі ұлт өкілдер арасындағы қарым-қатынас пен ынтымақтың нығаюы айтарлықтай үлес қосты. 1918 жылдың бірінші жартысында шаруалар клубтарында жеңіл атлетика мен гимнастика үйірмелері ұйымдастырылып, жастарға спортты насихаттау жұмыстары жүргізілетін. Халық ағарту органдары мен комсомол ұйымдары қыруар жұмыс атқарып, халық күшімен әр түрлі спорт алаңдары мен жарыстарды өткізуге арналған ғимараттарды салған. Орынборда 1920 ж. 1 қазанда әскерге аттанатын жастарды спортқа баулу мақсатымен дене тәрбиесі нұсқаушылары мен тәрбиешілердің құрамынан арнайы ұйым құрылды. Бұл іске қатысқан адамдардың жартысы қазақ жастары еді. Бұдан кейін Ақтөбе, Гурьев (қазiргi Атырау), Орал, Верный (қазiргi Алматы), Орынбор, Петропавл, Қызылорда, Семей қалаларында ірі спорттық жарыстарды өткізуге арналған орталықтар бой көтереді. Дәл сол кезден бастап, Қостанай, Жетісу, Семей губернияларында спартакиадалар ұйымдастырылып, бұл жарыстарға елдің түкпір-түкпірінен келген мықты спортшылар қатысатын. 1925 жылы Семей қаласында әйелдер арасында спортты насихаттау мақсатында арнайы спартакиада ұйымдастырылған болатын. Дәл сондай спартакиадалар Орал, Петропавл, Алматы қалаларында ұйымдастырылып, қазақ спортының дамуына үлкен септігін тигізген. 1928 жылы Петропавл қаласында Бүкiлқазақстандық бірінші спартакиада өз жалауын көтерген болатын. Осы спартакиадада футбол, жеңiл атлетика, қалашық (городки), қазақша күрес, баскетбол және нысана көздеу спорт түрлері ұйымдастырылған. Еліміздің спорт өнерінің дамуына 1931 ж. енгізілген “КСРО-ны қорғауға, еңбек етуге дайын бол” атты жарыс та өз септігін қосқан. Сол кезден бастап дене тәрбиесiнен ұлттық кадрлар даярлауға көңiл бөлiне бастады.
1932 жылы Алматы қаласында дене тәрбиесі техникумы ашылады. Ал, 1934 жылы Орта Азия мен Қазақстан спортшылары арасында 1-спартакиада, сондай-ақ, мектеп оқушылары арасында бүкiлқазақстандық 1-спартакиада өткізілген. Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында қазақ жерінде спортшыларының саны 150 мыңға жеткен, олардың 20 пайызы қазақтар еді. Соғыс жылдарында әскери-спорт кадрларын даярлауда көп жұмыс атқарылып, елiмiзде 1,5 миллионға жуық әскери-спорт мамандары тәрбиелендi. 1945-56 жылдары дене шынықтыру ұйымдары дамып, тәрбиешілердің біліктілігі жоғары деңгейге жеткен. 1945 жылы Алматыда дене тәрбиесі институты бой көтеріп, спорт саласында біліктілігі жоғары мамандар көбейе түскен. 1946 ж. Шоқыр Бөлтекұлы “Спартак” қоғамы бойынша бокстан КСРО чемпионы атанып, қазақ жастары арасында бiрiншi болып спорт шеберi деген дәрежеге жеттi. 1956 ж. Мәскеуде КСРО халықтарының 1-спартакиадасы өттi. Қазақстан спортшылары 1956 жылдан бастап, олимпиялық ойындарға да қатыса бастады. Қазақ жастары арасынан шыққан жеңiл атлет Ғ.Қосанов 1960 жылы 10 м-лiк эстафеташылар жарысында күмiс жүлдеге қол жеткізді.
Бұл жетістіктердің бастауы ретінде қазақ спортында алтын әріппен жазылатын оқиғалар тізбегі. Қазақ спортының қалыптасуы айтарлықтай ұзақ кезеңді бастап өткере отырып, өз нәтижесін беріп келеді.
Спорт тақырыбын форумда талқылайық.
Суреттер e-kyzylorda.kz,thenews.kz сайтынан