Қазақ футболын тағы бір тарихи сәт күтіп тұр

Қазақ футболын тағы бір тарихи сәт күтіп тұр
Фото: vk.com. fca.kz

Бүгін Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі «АПОЭЛ» мен «Астана» арасындағы қарымта кездесу өтеді. Қос ойын қорытындысы бойынша қазақстандық клуб қарсыласынан басым түсіп жатса, Еуропаның басты бәсекесінің топтық кезеңіне шығады. Сондықтан да бұл кездесуді тарихи ойын деп бағалауға толықтай негіз бар.

Қазақ футболын тағы бір тарихи сәт күтіп тұр. Тағы бір дейтініміз, осыдан екі жыл бұрын қарағандылық «Шахтер» дәл осы плей-офф кезеңіне шыққан еді. Астанада Шотландияның «Селтик» клубын 2:0 есебімен жеңіп, түзде 0:3 есебімен ұтылған болатын. Нәтижесінде «кеншілер» еурокубоктың топтық кезеңіне шыққан тұңғыш қазақстандық клуб атанған-ды. Ал «Астана» да осы жолды жалғап келеді. Тым құрығанда Еуропа лигасының топтық кезеңі бар. Бірақ қазақстандық клуб пен жанкүйерлердің күтері – Чемпиондар лигасының топтық кезеңі.

Қазақстанды әлемге танытып келе жатқан саланың бірі – спорт. Ал «Астана» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтер болса, еліміз ғана емес, қазақ футболымен де еуропалықтар санаса бастайды. Мұрын шүйіре қарайтын клубтардың бір мысы басылары сөзсіз.

Кипрлік клуб осал қарсылас емес екені анық. Оны бірінші ойында да байқадық. Бірақ, елордалық клуб ойыншылары бірінші ойында барын салды. Бір доп басымдығы сусымалы есеп екенін ескерер болсақ, қарымта ойында нәтижені сақтап қалу үшін емес, есепте алға шығу үшін тер төгу керек. Станимир Стойлов бұл туралы ойын алдындағы баспасөз мәслихатында да айта кетті.

- «АПОЭЛ» клубымен өтетін ойын оңай болмасы анық. Егер біз қорғаныста ойнар болсақ, онда одан ештеңе шықпайды. Біз өз футболымызды ойнаймыз, гол соғуға барынша тырысамыз. «АПОЭЛ» - мықты команда. Тәжірибелі ойыншылары да бар. Бірақ біздің жастар да сауатты ойнауға қауқарлы. Алаң иелері – фаворит. Бірақ футболда фавориттер ғана жеңе бермейді, - деді бапкер.

Кипрлік клуб ойыншылары бірінші ойындағы нәтижені жай сәтсіздік деп бағалады. Тіпті команда топтық кезеңде бақ сынайтындарына сенімді. Әзірге «Астана» мен «АПОЭЛ» клубын Чемпиондар лигасының топтық кезеңінен 90 минут бөліп тұр.

Букмекерлік орталықтар да кипрлік клубты фаворит санауда. Станимир Стойлов шәкірттерінің жеңісіне – 4,21 коэффициент, тең ойынға – 3,14, «АПОЭЛ» жеңісіне 1,97 коэффициент ұсынуда. Ал «Астананың» топтық кезеңге өтуін – 1,62, «АПОЭЛ»-дың сәттілігін 2,29 коэффициентке бағалауда.

«Астана» сапынан бұл ойынға Патрик Твумаси қатыспайды. Ол «ХИК» клубына қарсы ойындағы тәртіпсіздігі үшін 6 ойынға еурокубок кездесулерінен шеттетілді. Ал кипрлік клуб сапынан үш негізгі құрам ойыншысы жарақатына байланысты ойынға қатыса алмайтыны белгілі болды. Олар: Вандер Виейра, Эфстатитос Алонефтис және Гиоргос Эфрем. Сондай-ақ, қосалқы құрамдағы Константинос Макридис пен Шоко да жарақат алған. «АПОЭЛ» сапын кеше ғана толықтырған Фернандо Кавенаги бұл ойынға қатыспайды.

Бүгінгі ойынға әйгілі ағылшын төрешісі Мартин Аткинсон қазылық жасайды. Оған алаң жиегінде Стивен Чайлд пен Сюарт Бэрт көмектесетін болады. Ал төртінші арбитр қызметін Питер Керкап атқарады.

«Астана» мен «АПОЭЛ» арасындағы ойын бүгін түнде өтеді. Астана уақытымен түнгі сағат 00:45-те басталатын кездесуді қазақстандықтар «Таң» арнасынан тамашалай алады. Қазақстандық клубтан жеңіс күтеміз! Тарихи сәтті бірге тамашалап, қолдау білдірейік!

О. Сансызбай