Қазақ боксының қарқыны төрешілер мен Куба боксшыларын әбден састырды

Қазақ боксының қарқыны төрешілер мен Куба боксшыларын әбден састырды
Фото: astanaarlans (vk парақшасы)

Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде бокстан WSB жобасының финалдық жекпе-жектері басталды. Бесінші маусымның чемпионы атағын «Астана арландары» мен «Куба қабыландары» сарапқа салып, алғашқы күнгі бес жекпе-жек аяқталды.

Бірден айтайық, WSB басшылары да, «Cuba Domadores» боксшылары да қазақтың күрзі жұдырықты жігіттерінен бүгінгідей қайсарлық пен қарқынды күтпеген сияқты. Төрешілер әділетті болса, бүгінгі кездесу 4:1 есебімен аяқталуы керек еді. Тіпті 5:0 болса да, таң қалмас едік. Бірақ төрешілер «Дәулет» ұлттық теннис орталығына спорт кешеніне жиналған жанкүйерлерді де, мамандарды таң қалдырып, соңғы жекпе-жекте Куба боксшысының қолын көтерді...

Енді жұмбақтамай, бәрін де басынан бастасақ: 

49 келі

Теміртас Жүсіпов – Йоанис Оскар Аргилагос – 3:0 (50:45, 50:45, 50:45)

Бұл жекпе-жекте Теміртас күмәнсіз жеңді. Шаршы алаңда жорғадай желіп, қарсыласының көзіне көк шыбын үймелетті. Кубаның жас боксшысы бірнеше рет құлап та қалды. Сүрініп құлады ма, тайып жығылды ма, жоқ әлде Теміртастың жойқын шабуылдарына төтеп бере алмай, жаза басты ма? Мұны енді төрешілер бағалай жатар, бірақ оның Теміртастан таяқ жегені – анық. Тіпті соңғы раундтарда есеңгіреп жүргендей де болды.

56 келі

Қайрат Ералиев – Робейси Рамирес – 0:3 (47:48, 47:48, 47:48)

Бұл жекпе-жек шектен тыс тартысты өтті. Төрешілер төрт раунд бойы жеңісті екі боксшыға алма-кезек беріп отырды. Соңғы раундта Қайрат шаршаңқырап қалғандай көрінді. Рас, Кубаның талантты боксшысы нағыз қайсар, батыл жігіт екен. Ұстараның жүзіндей лыпылдап тұр. Нағыз төбелескіш «тентектің» өзі. Қимылы шалт, жылдамдығына көз ілеспейді. Әйтсе де, Қайрат та қарап қаламды. Лондон Олимпиадасының чемпионын біраз тықсыртып, қара терге түсірді. Егер бесінші раундта да қарқынын бәсеңсітпей, қыспаққа ала түскенде, жеңіп те кетер ма еді?

64 келі

Самат Бәшенов – Ясниер Толедо Лопес – 3:0 (48:47, 48:47, 48:47)

Самат әдеттегідей бүгінгі жекпе-жекті де самарқау бастады. Қарқынын раунд сайын үдетіп отырғысы келгендей. Тәжірибелі қарсыласы да оның аңдысын аңдап, айласын асыруға тырысты. Үшінші раундта екеура егес мейілінше қыза түсті. Тіресіп жүріп, итеріп-қағысу да жиіледі. Сондай сәттердің бірінде Толедоның басы Саматтың маңдайына тиіп, қан судай ақты...

Маңдайы жарылған Самат қаһарына мініп, аянбай айқасты. Не оны жеңіп тынамын, не маңдайды «беріп» тынамын дегендей, тістене шайқасты. Соңғы раундтарда айылын жимай айқасып, титықтап қалса да, алға ентелеумен болды. Қайтқан да жоқ, қаймыққан да жоқ. Саматтың маңдайынан сыздықтап аққан қанға да қарамай, атой салғанынына көрермендер риза болды. Осы жанкештілігінің арқасында соңғы раундта жеңісті жұлып та алды. 

75 келі 

Мейірім Нұрсұлтанов – Арлен Лопеса Кардона – 3:0 (48:47, 48:47, 48:47)

Әрбір раунд сайын қарқынын үдете түсіп, қарсыласын титықтатып алып, тәубесіне келтіретін Мейірімге бұл жолы оңай болған жоқ. Қарсыласы да жаны сірі жігіт екен, қолы қысқалау болса да, қарап қалған жоқ. Әйтсе де, Мейірімнің соққылары оған көп тиіп, әрі оның бірсыпырасы дөп тиіп, жеңіске жетті. Рас, Куба қабыланының соққысы пәрменді екен. Десек те, Мейірімнің жеңіске деген жігері басым болды. Тактикалық тұрғыда сауатты жұдырықтасты. Тек шаршы алаңда шайқасып жүрсе де, бапкерлеріне көп қарайлай беретіндей...

 

91 келі

Василий Левит – Эрисланди Савон – 1:2 (47:48, 47:48, 49:46)

WSB жобасының басшысы Карим Бузиди астанаға келгелі «осы жекпе-жек ең қызықты айқас болады» деп жар салып жүрген еді. Бірақ бәсеке көрігі, төбелес қызығы алдағы айқастардан соншалықты асып түсті деп айта алмаймыз. Көргеніміз сол, Левит мақтаулы Савонды әбден састырды. Күрзі жұдырығымен, жойқын соққыларымен қуалап жүріп төмпештеді. Бостандық аралы алыбының тәлтіректеп шегінбесе де, сүріне-қабына бас сауғалаған сәттері аз болған жоқ. Тіпті енді бір-екі жойқын соққы дөп тисе, құлап қалуы мүмкін ба еді?!

Жанкүйерлердің қуанышында шек болмады. Өйткені Левиттің жеңгеніне олар да бек сенімді еді. Бірақ төрешілер жеңісті Савонға беріпті. Бұған көрермендер наразы болып, шулап та, «тулап» та қоя берді...

Сөйтіп, бүгін айбынды «Астана Арландары» қайратты Куба қабыландарын 3:2 есебімен ғана жеңді. Тіпті екі аяқтарын бір етікке тықты. Төрешілер «болыспағанда» айқын басымдықпен жеңетін еді. Әйтсе де, маусым бойы ешбір командадан ұтылмай, жеңіліссіз келе жатқан «Cuba Domadores» клубын қазақ боксшылары тоқтатып, рекордтарының тамырына балта шапты. Куба қабыландарын биыл тек «Астана Арландары» ғана ұтып, алғаш рет жеңілістің кермек дәмін таттырып, аптықтарын басты.

Авторы: Нұрғазы Сасаев

 

О. Сансызбай