5 шілде күні Алматыда кәсіпқой бокс кеші өтеді. Qazaq Promotions ұйымдастыратын бұл кеште қазақтың күрзі жұдырықты жігіттері шаршы алаңға шығады. Бүгін чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасатын боксшылар халық алдына шығып, ашық жаттығу өткізді.
Алматының Арбатына жиналған жұрт боксшылардың шаршы алаңға көтерілуін асыға күтті. Алғаш болып ортаға Мадияр Әшкеев көтерілді. Бірінші орта салмақта WBC (Бүкіләлемдік бокс кеңесі) жүйесіне енетін NABF Junior (Солтүстік Америкадағы бокс федерациясы) чемпиондық белбеуіне ие боксшы бар шеберлігін көрсетті. Бабында екенін байқатты.
Мадиярдың қарсыласы – Павл Семенович. Эстон елінің боксшысы. Соңғы жекпе-жегінде Геннадий Головкинмен қолғап түйістірген угандалық Кассим Оумамен жұдырықтасқан. Қарсыласын ұтқан. Ал отандасымыз кәсіпқой бокста жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген. 12 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті.
Мадияр Әшкеев пен Павл Семенович арасындағы жекпе-жек 10 раундқа жоспарланған. Бірінші орта салмақта NBA нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуге таласады.
Жиналған жанкүйерлер Мадиярдың жылдамдығына қол соғып, техникалық шеберлігіне тамсанды.
Екінші болып жиналған жұрт Абылайхан Хұсайыновтың жаттығуын бақылады. Алматыдағы бокс кешінде ол да NBA чемпиондық белбеуі үшін жұдырықтасады.
Кәсіпқой бокста 9 жекпе-жек өткізген Абылайхан қарсыласына есе жіберіп көрген емес. Алдағы жекпе-жегінде де жанкүйерлерін жерге қаратпайтынына жанкүйерлер сенгендей-ақ болды. Әрбір жаттығуын байыппен орындап шығып, халықтың қошеметіне бөленді.
Жұрт күткен Қанат Ислам үшінші болып шаршы алаңға шықты. Жанкүйерлер боксшыны, боксшы рингті сағынғанын айтып, жұртпен қауышты. Жаңа жаттықтырушысы Багаудин Бекпен жаттығуын бастады.
"Qazaq" деген лақап атпен танылған қазақ боксшысы 2017 жылдың қыркүйек айынан бері жекпе-жек өткізген жоқ. Астанада канадалық боксшы Брендон Кукпен жұдырықтасып, 9 раундта техникалық нокаутпен қарсыласын жеңген болатын. Одан кейінгі жекпе-жегін былтыр 23 маусымға белгілеген. Алайда отандасымыз жаттығу кезінде жарақат алып, жекпе-жек өтпей қалған-ды.
Қанат халық алдында айрықша жаттығуларын жасап, алдағы қарсыласына қарсы жекпе-жекке дайын екенін байқатты. Отандасымыз Алматыдағы бокс кешінің басты жекпе-жегінде Доминикан Республикасынан келетін боксшы Хулио де Хесуспен (27-1, 24 КО) жұдырықтасады. 36 жастағы қарсыласы кәсіпқой бокста 28 жекпе-жек өткізіп, тек біреуінде ғана жеңіліс тапқан. Ал 24 кездесуін уақытынан бұрын жеңіске жеткен.
Боксшылар ашық жаттығу өткізіп қана қоймай, жанкүйерлердің сұрақтарына да жауап берді. Ең қызықты сұрақ қойған қолдаушылар естелік сыйлықтарға ие болды.
Алматыдағы бокс кеші 5 шілде күні Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өтеді.