- Негізгі бет
- Маккала
- «Қайрат» ел чемпионы...
«Қайрат» ел чемпионы атана ма?
Футболдан ел премьер-лигасы ойындарының аяқталуына да аз қалды. Чемпиондық атақ пен еурокубок додалары жолдамасына талас та қыза түсуде.
ХХVII тур қорытындысы бойынша алматылық «Қайрат» көш бастап тұр. Владимир Вайсс шәкірттерін нағыз бабында деп қарауға болады. Трансферлік кезеңде клуб құрамы ойдағыдай жасақталды. Жарақат алған Момоду Сиссей орнын Жерар Гоу жоқтатқан жоқ. Ал бастысы – «Қайрат» сапында қазақ футболының жарқын «жұлдыздары» өсіп келеді. Әсіресе, Бауыржан Исламхан ойыны көпшілік көңілінен шығып жүргені айтпаса да белгілі. Аслан Дарабаев пен Ермек Қуантаев та қазақ жанкүйерлерін қуантып жүр. Маусымның басын сәтсіз бастағанмен, аяғын «тәтті» аяқтауға клубтың мүмкіндігі мол. Алматылық клуб алда әлі 5 ойын өткізеді. Ал екінші орында келе жатқан «Астана» болса, 6 ойын өткізеді. Өйткені, еурокубок ойындарына байланысты клубтардың кей ойындары кейінге шегерілген болатын. Командалар екінші айналым басталғалы бері әлі өзара кездесу өткізген жоқ. Біріншісі – 22 қазан күні өтсе, екіншісі – соңғы турда өтеді. Бұл кездесулер ел чемпионы атағын анықтайтын нағыз текетірес болмақ. «Қайрат» бұл маусымда чемпиондық атаққа басты үміткер саналуда. 60 жылдық мерейтойына орай жанкүйерлеріне неге үлкен сый жасамасқа?!
«Астана» ұпай жоғалтпауға тырысады
Станимир Стойлов шәкірттерінің де аңдап басатын кезі жетті. Ендігі ұпай жоғалту – чемпиондық атақтан айыратыны белгілі. Өз алаңы мен қонақтағы «Қайратпен» өтетін ойындардың клуб үшін маңызы жоғары. Сондықтан да, маңызды кездесулерде «Астана» мүлт кетпеуге талпынары сөзсіз.
Адуының қайда «Ақтөбе?
Өткен маусымдағы ел чемпиондары соңғы кездесулерінде өз ойын жүйесін жоғалтып алғанын көзіміз көріп жүр. Бұл маусымда да бірнеше тур көш бастап келіп, нәтижесін құлдыратып алды. Бас бапкерін ауыстырып та байқап жатыр. Команда ойынының құлдырауы ХХV турдан басталғандай. «Шахтер» мен «Қайсарға» қарсы тең ойын, және Алматыдағы ірі жеңіліс командаға соққы болғаны рас. Алдағы алты ойында ойыны түзеліп жатса, Владимир Газзаев шәкірттерінің де жүлделі орыннан көрінуге мүмкіндігі бар. Бірақ, осы маусым мен өткен маусымдағы нәтижелерін салыстыруға келмейді. Клуб қорғанысы сетінеп, шабуыл шебі шашырап жүр. Сонымен қатар, 22 қараша күні ел кубогын «Қайратпен» сарапқа салатын болады.
Еуропа лигасы жолдамасына талас
ХХVIII тур ойындары қорытындысында шымкенттік «Ордабасының» ұпайы «Ақтөбемен» теңесті. Сырт алаңдағы соңғы екі ойындағы жеңіс Саулюс Ширмялис шәкірттерін қанаттандыра түсері анық. Онымен қоса, клубтың еншісінде «Ақтөбемен» өтетін бір кем ойыны бар. Үшеуін өз алаңында өткізетінін ескерер болсақ, Еуропа лигасына жолдама алуына мүмкіндігі мол.
Қызылордалық «Қайсар» ойыны да мақтауға тұрарлық. Бірінші лигадан шығып, чемпиондық атаққа таласатын алғашқы алтылықтан табылды. 22 ұпайы бар ұжым алдағы төрт ойынында негізгі ұпайларын таратып жатпаса, Еуропа лигасында бақ сынап қалуы да ғажап емес.
Өткен маусымда ел футболын дүркіреткен қарағандылық «Шахтер» алдағы еурокубок ойындарынан тыс қалуы мүмкін. Сүреңсіз кездесулерін өткізіп жүрген клуб ойынын бір қалыпқа келтірмесе, алғашқы алтылықты қорытындылап қалуы да мүмкін. Чемпиондық атаққа «Қайрат» пен «Астана» таласады деп болжасақ, кейінгі орындарға таластар соңғы сәтке дейін жалғасатынға ұқсайды.
Екінші алтылықтағы командалар да премьер-лигада қалу үшін жан алысып, жан берісуде. Айта кетейік, 2015 жылғы маусымда ел премьер-лигасында 10 футбол клубы бақ сынайтын болады. Бұл туралы осыған дейін де хабарлаған болатынбыз. Сол ақпаратта кәсіби ел футболы лигасының төрағасы Михаил Гурман аталған жүйе туралы, "саннан гөрі, сапаға көшкен дұрысырақ" деген еді. Әзірге бұл топтағы үштікті «Ертіс», «Тараз» және «Жетісу» командалары иеленіп тұр. «Атыраудың» да ұпайы талдықорғандық клубпен бірдей. Ал премьер-лигада 1000-шы голын соққан қостанайлық «Тобыл» да қарсыластарын өкшелеп келеді. Семейлік "Спартак" болса, соңғы орында тұр.
Ел премьер-лигасының ХХІХ тур ойындары 18-19 қазан күндері өтеді.
18 қазан (сенбі)
Ордабасы – Астана
Ақтөбе – Шахтер
Қайрат – Қайсар
19 қазан (жексенбі)
Тараз – Тобыл
Спартак – Ертіс
Атырау – Жетісу
1-6 орындар
№ | Командалар | Ойын | Жеңіс | Тең | Жеңіліс | Голдар | Ұпай |
---|---|---|---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 27 | 17 | 4 | 6 | 52-21 | 34 |
2 | Астана | 26 | 13 | 10 | 3 | 48-19 | 30 |
3 | Ақтөбе | 26 | 12 | 9 | 5 | 36-26 | 24 |
4 | Ордабасы | 27 | 12 | 5 | 10 | 28-31 | 24 |
5 | Қайсар | 28 | 9 | 11 | 8 | 25-27 | 22 |
6 | Шахтер | 28 | 11 | 6 | 11 | 37-39 | 21 |
7-12 орындар
№ | Командалар | Ойын | Жеңіс | Тең | Жеңіліс | Голдар | Ұпай |
---|---|---|---|---|---|---|---|
1 | Ертіс | 28 | 8 | 9 | 11 | 35-40 | 21 |
2 | Тараз | 28 | 8 | 6 | 14 | 28-38 | 21 |
3 | Жетісу | 28 | 8 | 8 | 12 | 18-27 | 19 |
4 | Атырау | 28 | 8 | 7 | 13 | 25-35 | 19 |
5 | Тобыл | 28 | 8 | 10 | 10 | 28-33 | 18 |
6 | Спартак | 28 | 5 | 7 | 16 | 24-48 | 15 |
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет:sports.kz, pfl.kz
О. Сансызбай