Бүгін Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңі аясында Алматының «Қайрат» клубы өз алаңында Арменияның «Алашкерт» ұжымына қарсы ойын өткізеді. Алатау бөктеріндегі бірінші ойын - Владимир Вайсс шәкірттері үшін аса маңызды. Топтық кезеңге өтуді жоспарлап отырған «Қайратқа» армениялық клуб қандай қарсылық танытар екен?
«Қайраттың» қарсыласы туралы осыған дейін де жазған болатынбыз. Армениялық клуб Алматыға кеше ат басын бұрып, дайындықтарын бастап та кетті. Баспасөз мәслихатын өткізген қос тарап, ойын алдындағы өз пікірлерімен бөлісті. Армяндар «Алматыға жеңіс үшін келмедік» десе, Владимир Вайсс пен Бауыржан Исламхан бірінші ойынның маңызы жоғары екенін алға тартты.
Владимир Вайсс, «Қайрат» клубының бас бапкері
- Біз бірінші іріктеу кезеңіндегі «Црвена Звездаға» қарсы ойында фаворит емес едік. Бірақ, біз жеңдік. Бұл – футбол. Сондықтан да «Алашкертке» қарсы ойында да өзімізді фаворит санамаймыз. Ойыншыларға да фаворит ретінде ірі есеппен жеңу міндет екенін айтып, қысым жасаудан аулақпын. Футболшылар өз міндеттерін жақсы түсінеді. Босаңсуға жол жоқ. Бірінші ойында жеңіске жету үшін барымызды салатын боламыз.
Бауыржан Исламхан, «Қайрат» клубының капитаны
- «Алашкерт» - осал қарсылас емес. Бізге бірінші ойында жеңіс керек. Үшінші іріктеу кезеңіне өту мәселесін ерте шешкен дұрыс. Ал қарымта кездесуде оңай болмасы анық. Қарсыластарымыз Шотландияның белді клубын жарыс жолынан шығарды. Сондықтан да бірінші ойын болсын, екінші ойын болсын барынша басымдығымызды танытуға тырысамыз.
Анатолий Тимощук, «Қайраттың» украйиналық легионері
- «Қайрат» клубының басты мақсаты – Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығу. «Қайсарға» қарсы ойында 90 минут алаңда ойнадым. Сол ойын мен жаттығуларда өз бабымды шыңдадым. «Алашкертке» қарсы ойында алаңға шығамын деп ойлаймын.
«Алашкерт» Алматыда бірінші нөмірмен ойнамасы белгілі. Абраам Хашманян қорғанысты қымтап ұстауға тырысады. Ал мұны қазақстандық клубтың бапкері жақсы біледі. Сондықтан да бүгін «Қайрат» негізгі құрамдағы ойыншыларға барынша үміт артатын болады. «Қайрат» клубының құрамы «Алашкерт» клубынан 3 есе қымбат екенін ескеріп-ақ, кімнің фаворит екенін бағамдай аламыз. Сондай-ақ Владимир Вайсс баспасөз мәслихатында жаңа ойын жүйесін дайындап отырғанын да жасырмады. Өз нәтижесін береді деген сенімдеміз.
Жарақат алған Михаил Бақаев ойынды алаң жиегінен тамашалайды
Букмекерлік орталықтар да қазақстандық клубты фаворит санауда. «Қайраттың» жеңісіне 1,27 коэфициент, тең ойынға – 5,21, «Алашкерт» жеңісіне 11,25 коэфициент ұсынуда. Кездесудегі бас төреші — Сергей Иванов (Ресей).
Айта кетейік, «Қайрат» пен «Алашкерт» арасындағы ойын ертең Астана уақытымен кешкі сағат 20:45-те басталады. Кездесуді қазақстандық жанкүйерлер «KazSport» арнасынан тікелей эфирде тамашалай алады.