- Негізгі бет
- Маккала
- Кәсіпқой бокс жекпе-жектері...
Кәсіпқой бокс жекпе-жектері – рухани ләззаты қымбат шоу
Кәсіпқой боксшыларымыз шет елдерде бақ сынап жүр
Кейінгі жылдары қазақтың да күрзі жұдырықты жігіттерінің біразы кәсіпқой боксқа ауыса бастады. Негізі, бұрындары да болған. Әйтсе де, соңғы кезде шаршы алаңдағы жекпе-жектердің осы түрінде төбе көрсетіп жүрген тарланбоздарымыздың саны арифметикалық прогрессиямен арта түскендей.
Боксшылар осылай, заман ағымына сай, шаршы алаңнан нәпақа тауып, еліміздің атын шығаруға көшті. Бәрінің де арманы – кәсіпқой бокс шыңына шығып, чемпион болу. Әрі қазақтың жігіттерінің де жүректерінің түгі бар, батыл екендігін дәлелдеу.
Өкінішке қарай, дәл осы қазақ боксшыларының кәсіпқой бокс рингіндегі жеңістері мен тырнақалды жетістіктеріне отандық жанкүйерлер куә бола алмай келеді. Жекпе-жекті өз көздерімен көріп, оның шуы мен дуын, қызығы мен шыжығын сезіне алар емес. Себебі, олардың бәрі де шет елдердегі шаршы алаң көрігін қыздырып жүр.
Жалпы, осы әуесқой бокс пен кәсіпқой бокстың айырмашылығы бар ма? Неге екеуіне деген қызығушылық әр түрлі?
Әуесқой бокс – «әскери жаттығулар», кәсіпқой бокс – «сұрапыл соғыс»
Осы жерде әуесқой бокста біраз жетістіктерге қол жеткізіп, кейіннен кәсіпқой боксқа ауысқан бір әйгілі спортшының бүкпесіз ашық айтқан ойларына көңіл бөлейік.
КСРО тұсында Виктор Рыбаков деген былғары қолғап шебері болған. Егде буын оны жақсы білуі тиіс. Жетістіктері адам қызығарлықтай. Еуропаның үш дүркін чемпионы, Олимпиада ойындарының екі дүркін қола жүлдегері, Кеңес Одағының жеті дүркін чемпионы. Басқа жетістіктерін тізбектеудің қажеті жоқ болар.
Сол боксшы 80-жылдардың аяғында кәсіпқой боксқа ойысып, Канада мен Америкада өнер көрсетті. Рыбаков кәсіпқой бокс рингіндегі алғашқы жекпе-жегін былай сипаттаған:
– Төрт раундтық спарринг өткізуіміз керек болатын. Рингке шықтық. Қарсыласым жұдырықтасып қана қоймай, тайраң қағып, ойына келгенін істей бастады. Ол соққы жұмсағанда, бұғып қалып, ұрып жіберуге тырысамын. Бірақ... ол мені құшақтап, бауырына қысып алып, ыржалақтап күледі. Жұдырықтасып жүргенде, маған ту сыртымен бұрылып, көрермендердің бірімен әзілдесіп қояды. Содан соң аяғымнан абайсызда, оқыс түртіп қалады, мен құлап қала жаздаймын. Керілген арқанның бұрышына келгенде, кілт бұрылып, зып береді. Қысқаша айтқанда, ойына келгенін істейді. Қолды-аяққа тұрмайды. Мен бар шеберлігімді көрсетіп жатқандаймын. Еуропалық бокс бойынша өте сауатты қимылдап жүрмін. Бірақ ыңғайсыз жағдайға тап болдым. Рингті айнала жиналғандардан ұялып барамын, мазақ болдым... Шыны керек, қарсыласым мені бар пәрменімен ұрған да жоқ. Тек «тышқанмен» ойнаған «мысықтай» масаттанып, көсіле сілтеді.
Кейіннен Виктор Рыбаков «Әуесқой бокс – ауызекі тілмен айтқанда, әскери жаттығулар, ал кәсіпқой бокс – нағыз сұрапыл соғыс. Әуесқой боксшылардың алғаш рет кәсіпқой бокс рингіне шығуын, әскери және саяси дайындықтың үздік жауынгерін жаттығуға арналған атыс алаңынан Ауғаныстандағы Саланг асуына апарып, қиян-кескі майданға салумен салыстыруға болады» деген болатын.
Константин Цзюден сабақ
1994 жылы Константин Цзю мексикалық Гектор Лопеспен кездеседі. Бірақ Костя қарсыласының соншалықты атақты боксшы емес екендігін ескеріп, бұл жекпе-жекке аса көп дайындалмайды.
Алайда жекпе-жек барысында қарсыласының бірнеше ауыр соққысын өткізіп алады. Цзю осы кездесуде жеңіске жеткенімен:
– Қарсыласым маған сабақ үйретті. Кәсіпқой бокста әрбір жекпе-жекке тыңғылықты дайындалу керек екендігіне көзімді әбден жеткізді. Мен әуесқой бокста деңгейі өзімнен төмендеу боксшыны жекпе-жекке дайындалмай-ақ шығып, жеңіп кете аламын. Кәсіпқой бокста ондай болмайды. Гектор Лопеспен өткен айқастан кейін мен бір апта ауырдым, – деп ағынан жарылған болатын.
Олимпиада алтыны мен кәсіпқой бокстағы әлем чемпионы атағы
Айтпақшы, осыдан біраз уақыт бұрын «AIBA кәсіпқой боксшыларға Олимпиада ойындарында өнер көрсетуге рұқсат береді» дегенде, біздің спорт сүйер қауым әжептәуір дүрлікті. «Головкин Олимпиадаға бара ма», «Қанат Ислам қатыса ала ма», деп даурыққандар аз болған жоқ.
Осы жерде бір мысал келтірген жөн болар. Мәселен, велоспортшылар үшін Олимпиада ойындарында чемпион болғаннан гөрі, «Тур де Франс» көпкүндігінде жеңімпаз атанудың мәртебесі – мейлінше жоғары. Сондай-ақ футболдан Олимпиада ойындарында доп тепкеннен гөрі, әлем чемпионатына қатысудың өзі – асқақ арман...
Ал бұл екеуімен салыстырғанда, кәсіпқой боксшылар үшін Олимпиада ойындарынан гөрі қайсыбір тұжырым бойынша әлем чемпионы атану – әлдеқайда маңыздырақ. Ал барлық тұжырымдар бойыншы үздік шығып, бірнеше белбеуді жеңіп алу – ауызбен айтып жеткізгісіз даңқ, абырой, мәртебе.
Тіпті суда жүзу спортының теңдессіз саңлағы Майкл Фелпстің үш Олимпиада ойындарында жеңіп алған 18 алтыны да мұндай атақ-даңқтың жанында «жіп есе алмай» қалатындай...
Бұлай дейтініміз, дүние жүзінде, тіпті біздің Қазақстанда Майкл Фелпстің суретін көрсетсеңіз, шырамытатындар мен танымайтындар бар. Ал Майк Тайсон секілді кәсіпқой бокс жұлдыздарын білмейтіндер – некен-саяқ.
Кәсіпқой бокс кештерінің билеттері – тым қымбат
Әрине, кәсіпқой бокс рингіндегі жекпе-жектер – өте қызықты әрі тартымды. Спорт жанкүйерлерінің делебесін қоздырып, баурап алады. Бұл – жай ғана бокс кеші емес, бағдарламасы алдын-ала ойластырылған әсерлі шоу.
Ал мұндай қызықты шоулардың рухани ләззаты да қымбат тұрады. Сондықтан кәсіпқой бокс кештеріне екінің бірі бара алмайды. Онда бала-шаға – жоқтың қасы. Басым көпшілігі үлде мен бүлдеге оранып, сәнделіп барады. Құдды театрға барғандай, сықиып киініп алады.
Кәсіпқой бокс кештерінің Қазақстанда жиі, тіпті мүлде өтпейтіндігі осыдан да шығар. Өйткені, біздің көрермендеріміз бен жанкүйерлеріміздің үрке қарап, кәсіпқой бокс кештері ләззатының қымбат екендігін түсінбеулері мүмкін ғой. Сондықтан Қазақстанда кәсіпқой бокс кешін ұйымдастырушылардың «залды толтыра аламыз ба, жоқ па» деп жүрексінулері де кәдік.
Әйтсе де, кәсіпқой бокс кештерінің қазақтың сайын даласына да келетініне бек сенімдімін. Өйткені жауынгерлік өнер қазақтың қанында бар. Бокс – сүйікті спортымыздың бірі. Боксшы жігіттеріміз – ұлттық батырларымыз іспетті мақтан тұтар қырандарымыз. Бокс десе, түн ұйқымызды төрт бөлетін халықпыз. Ендеше, өзіміздің өр жігітеріміздің шаршы алаңдағы шайқастарын өз жерімізде өткізетін күндер де алыс емес...
Кәсіпқой бокс әлеміне танылған Қазақстанның күрзі жұдырықты жігіттерін атап өтер болсақ, оларды екі топқа бөлуге болады:
былғары қолғаптарын шегеге ілгендер:
Василий Жиров, Марат Мәзімбаев, Александр Мирошниченко, Серікжан Ешмағамбетов, Виталий Демьяненко, Вадим Присяжнюк, Бақытжан Аманбаев, Қанат Сиқымбаев...
қазіргі таңда өнер көрсетіп жүргендер:
Геннадий Головкин, Бейбіт Шүменов, Қанат Ислам, Бекман Сойлыбаев, Жанат Жақиянов, Роман Жайлауов, Иса Ақбербаев, Жанқош Тұраров, Берікбай Нұрымбетов...
Автор: Нұрғазы Сасаев
О. Сансызбай