Қыркүйек айында отандасымыз Геннадий Головкин мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альвареспен жұдырықтасуы мүмкін. Қазіргі таңда қос тарап бұл жекпе-жек үшін келіссөздер жүргізуде.
Бүгінде танымал басылымдар мен спорт сарапшылары қос боксшы арасындағы жекпе-жекке түрлі болжамдар жасауда. Бірінің артықшылығын баса айтса, бірінің шаршы алаңдағы кемшілігін көрсетуде. Бастысы – бір-біріне лайықты қарсыластардың жекпе-жегін спортсүйер қауым асыға күтіп жүргені жасырын емес.
Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің жұдырықтасқанда өзіндік артықшылықтары бары рас. Бірінің соққысы жойқын болса, бірі - жылдам. Осы орайда шетелдік басылымдар жазып жүрген "Канелоның" Головкиннен 5 басымдығын жаза кеткенді жөн санап отырмыз.
"Канело" Головкиннен 8 жасқа кіші
Спортта жастың да маңызды фактор екені анық. Мексикалық боксшы Генадан 8 жасқа кіші. Осыған дейін БАҚ-та Сауль Альварес қазақстандық боксшының жасы ұлғайғанын күтіп жүргені жайлы жазылған. Оның рас, не өтірік екені мексикалықтың өзіне ғана аян.
Геннадий Головкиннің соңғы жекпе-жектеріне қарап, боксшының шау тартқаны жайлы пікірлер айтыла бастады. Рас та шығар. Бірақ мексикалық боксшымен жекпе-жек өткізудің бір амалы болуы да мүмкін. Себебі Дэниэль Джейкобспен болатын жекпе-жек алдында отандасымыздың жаттықтырушысы Абель Санчес "Геннадий Головкин өзінің кейінгі қарсыласына қорғаныста өзінің осал тұстары бар екенін көрсетуі керек. Сол кезде ғана өзге қарсыластар кезекті келісімшартқа қол қоюға келіседі" - деген болатын.
"Канелоның" қорғанысы мықты
Сауль Альварес сәтті қорғана білетін кәсіпқой боксшылардың бірі. Жекпе-жекте өзіне көп соққы дарытпайды. Қорғана жүріп, оңтайы келгенде шабуылдағанды жөн көреді. Осы бір басымдығы арқылы қарсыласын шаршатып алуға тырысады.
Ал Геннадий Головкин қорғаныстан гөрі шабуылдағанды жақсы көреді. Отандасымызға "big show drama" жасаған ұнайды. Тағы бір айта кететіні, Генаның "Канелоға" қарағанда соққысы жойқын.
Мексикалықтың жылдамдығы жоғары
Спорт сарапшылары Сауль Альварестің жылдамдығы Генадан жоғары деп бағалауда. "Boxingnews24.com" тілшісі Джефф Аранаудың айтуынша, мексикалыққа қарсы жекпе-жекте отандасымыз жұдырықтасу мәнерін өзгерткені дұрыс екен.
- Дәл қазіргі уақытта "Канело" GGG-ға қарағанда әлдеқайда жылдам. Геннадийдің күші 3-4 жыл бұрынғы қалпында болғанмен, жылдамдығы төмендеп барады. Мексикалық жылдамдығы арқылы жеңіске жетуі мүмкін. Егер Головкин Альваресті жеңгісі келсе, жұдырықтасу мәнеріне өзгеріс енгізуі керек. Оны жеңудің бір жолы – шабуылға бірінші шығып, жылдам соққылармен ес жидырмау. Оның мәнерінде жұдырықтасуға мойынсұнбау.
Альварестің кәсіпқой бокстағы тәжірибесі мол
Мексикалық боксшы 6 мамыр күні отандасы Хулио Сезар Чавеспен жұдырықтасады. Бұл – оның кәсіпқой бокстағы 51-ші кездесуі. Осыған дейін өткізген 50 жекпе-жегінің 48-де қарсыластарынан басым түскен. 2013 жылы америкалық боксшы Флойд Мейвезерге (кішісі) ұтылса, 1 жекпе-жегінде қарсыласымен тең түскен.
Кәсіпқой бокстағы жекпе-жектер саны бойынша Альварес Генаның алдын орап тұр. Шейн Мозли, Кермит Синтрон, Остин Траут, Флойд Мейвезер (кішісі) және Амир Хан сынды боксшылармен жұдырықтасқаны зор тәжірибе болғаны рас. Ал Геннадий Головкин атағынан ат үркетін боксшылармен жұдырықтасқан жоқ. Оның әртүрлі себептері (салмағы сәйкес келмеу, келісімшарт, т.б.) де бар. Дегенмен әуесқой бокста 350 жекпе-жек өткізген отандасымыздың тәжірибесі аз деп айта алмаймыз. Альварес әуесқой бокста атой салмаған боксшы.
Альварес қаша жүріп жұдырықтасады
Геннадий Головкин жақын қашықтықта жұдырықтасудың хас шебері. Ал мексикалық боксшы Генаға қарсы қаша жүріп жұдырықтасуды жоспарлайтыны рас. Оны осыған дейінгі сұхбаттарында да айта кеткен болатын. Ал қаша жүріп жұдырықтасу – Генаға ұнамайды. Сондықтан да оның жүйкесіне жүк түсіріп, тез шаршап қалуы да ықтимал.
- Мен Головкинге қарсы жекпе-жекте Джейкобс жасаған айла-тәсілдің екі есесін көрсетемін. GGG тек шабуылдағанды жақсы көреді. Қорғануды білмейді. Барлық қашықтықта жұдырықтаса алмайды. Ол – өте мықты әрі күшті боксшы. Бірақ ол тек жақын қашықтықта ғана жұдырықтасуды біледі. Оған тура қарсы тұрар болсаң, аямайтыны рас. Ал қаша жүріп жұдырықтасар болсаң, ол түк істей алмайды. Оны жеңудің түрлі жолдары бар.
Иә, қос боксшы арасындағы жекпе-жек өтер болса, бүкіл спортсүйер қауым назары ауары анық. Бүгін біз мексикалық боксшының басымдықтарын айта кеттік. Алдағы уақытта Генаның басымдықтары туралы жазатын боламыз.