- Негізгі бет
- Маккала
- Жұлдызы жанған ойыншылар...
Жұлдызы жанған ойыншылар
Осынау өмір оқиғалары футбол турасындағы ой түсінігіңізді түпкілікті өзгертуі мүмкін...
Дидье Дрогба бүгін туған күнін атап өтуде. Кот-д’Ивуарлық ойыншы 36 жасқа толып отыр.
Африкандық футболшы бала күнінде аярлықтың ащы дәмін көп татқан: дәулетті әрі табысты болған күнде де, ол мұны ұмытпақ емес; ауыр балалық шақты, "Ертеңге не жейміз?" деген сұраққа шешенің жауап таппай қалатын кештерін, футбол добын сатып алу жайлы орындалмас арманды...
Дидье Дрогба футболдағы мансап жолынан кейін қайырымдылықпен айналысатынын жасырмайды. Дрогба қазіргі таңда да көп уақытын қайырымдыққа жұмсайды (аукцион, операцияға қаржы жинау, көрме ойындар).
Альберту Фантрау деген есімді құлағыңыз шалып па еді? Естімеген боларсыз, осыдан бірнеше жыл бұрын португалдық журналистер де бұл есімнің көп сырын білмейтін. Мадейра тұрғынына жолыққан күні олар әдемі аңыз бен жұмыссыз Фантраудың астына керемет үй мен қымбат көліктің қайдан түскенін білгенде...
Балалық шақта Альберту мен Криштиану Роналду «Насьональ» жастар командасының жұлдыздары саналатын. Бірде "Спортинг" академиясының скауттары көп ойындардың бірінде келіп, мынадай шарт ұсынады: кім көп соқса, соны аламыз.
Бірінші голды КриРо соғады, көп ұзамай әдемі әуелеп келген пасты Фантрау қақпаға туралайды. Ойынның бітуіне санаулы минуттар қалғанда Альберту қақпашымен бетпе-бет шығып, оны алдап өтіп, бір бұрышта абдырап тұрған Роналдуға пас асырады.
"Неге бұлай жасадың?" - деген түйсік сұрағына Альберту жымиып қана жауап қайырған екен: "Сен менен мықтырақсың, Криш, сен жұлдыз атанасың".
Жігіттің айтқаны келіп, енді "Алтын доптың" екі дүркін иегері өз келешегін құрбандыққа шалған досын қолдап тұрады.
Кака
Жарақат алып қалған ойыншылар әдетте жазылу уақытын жеделдетіп, сол уақытта өздеріне тиесілі қаламақыны алып жүре береді.
"Милан" мен "Реал" сапында мол дәулетке кенелген Кака өткен маусымда "Сан Сироға" қайта оралған болатын. Қыркүйектің орта тұсында бразилиялық ойыншы "Ториномен" болған ойында тізесінен жарақат алып қалды. Бір жарым айға қатардан шықты.
"Мен басшылықпен кездесіп, олардан маған тек махаббат пен клубтың қолдауы керек екенін айттым. Мен қатарға қосылып, қолымнан келгенше көмек қылмайынша, бір тиын да алмаймын", - деген Кака.
Эдин Джеко
Бұл оқиғаны «Алания» сапында доп теуіп жүрген Огнен Враньеш айтып бермегенде, бәлкім, ел-жұрт сол күйі білмей кетуші ме еді...
"Ситидің" шабуылшысы балалық шақта Сараеводағы «Железничарда» ойнаған. Сол уақытта баланы күнделікті жаттығуына таныс таксист кісі алып барып жүріпті. Әрине, жас Эдиннің тынбай еңбектенетінін көріп, ол осы бір балаға тілектес болса керек. Бірде Джеко өзінің мықты шабуылшы атанған күні, әлгі таксист кісіге жаңа көліктің кілтін тапсыратынын айтады.
Жүргізуші жаңа көліктің кілтін алғанда, өз көзіне өзі сене алмаған.
Жозе Моуринью
"Сен баруға тиіссің, себебі, бұл сенің өмірлік арманың", - дейді үш қызымен жалғыз қалуға көніп, күйеуін Еуропаға аттандырғалы жатқан әйел.
Мексикандық Абель Родригестің отбасы жұпыны өмір сүретін. Испанияға бару туралы арман Родригестің ойына мадридтік "Реалдың" Калифорниядағы жазғы жаттығу күнінде оралған болатын. Ол уақытта ол "карольдік клубтың" уақытша көмекшісі болып тұрады.
Абель бала күнінен «бланкосқа» жанкүйерлік ететін, сүйікті клубының "Бернабеудегі" ойынын көру үшін үлкен қадамға бел буады. Қаражат барып-келуге ғана жеткілікті: "Барселонамен" ойынға билет пен қонақүйге қаражат тапшы.
Родиригес Мадридке қонып, "Реалдың" жаттығу базасын тауып алады. Есік аузындағы күртік қардың үстінде отырады - бар ойы Эль Класикоға дейін уақыт өткізіп, сосын арена маңынан билет іздестіруді бастау.
Көп ұзамай тоңа бастайды, бір заматта құлағы таныс дауысты шалады. Мексикандық сыпырушы көзін көтеріп қараса, қарсы алдында жылы көлігінен шығып, бір кездегі көмекшісін таныған Жозе Моуринью тұр. Родригес суық санасына әсер етті деп ойлап қалса керек, қайран қалады.
Одан кейінгі өмірі ертегіге бергісіз өріледі: Моур Абельді командамен бірге қонақүйге жатқызады, "Бернабеу" төріне шығарады, онда ол мұхиттың ар жағынан келген Диего Марадонамен, өзге де ойыншылармен суретке түседі, барлығына Жозе рұқсат етеді. Кейін ол Родригеске ұсыныс жасайды. Ал әлгі ұсыныстан бас тарту мүмкін емес еді.
Бірнеше күнге Абель "бланкостың" жұмысшысы болып орналасады, сосын "Реалды" Манчестерге администратордың көмекшісі ретінде бастап барады. Чемпиондар Лигасында "Ман Юнайтедпен" өткізген жеңісті ойынды тамашалаған соң, өмірлік есте қалатын естеліктер мен базарлық толы сөмкелермен өз еліне аттанады.
Стивен Джеррард
1989 жылы «Хиллсборда» қаза тапқан 96 жанкүйердің бірі "Ливерпульдің" болашақ көшбасшысының он жастағы туысы болатын: полицияның сауатсыз (өзге де нұсқалар бар) іс-қимылынан кейін толассыз алғылған жұрт бір-бірін тапап, арты 800 адамның қайғысына ұласқан еді.
Сол жылдың қаңтарында Стивен Джеррард «Эвертонға» қарсы ойын алдында қара жамылған отбасыларға 96 мың фунттан қаражат бөлетінін мәлім етеді.
Стиви Джи бел буған бұл ісін мерсисайдтік дерби алдында жария етеді: сол арқылы ол жанкүйерлердің футболдағы алар орны мен «Эвертон» басшылығын «Хиллсбородағы» қаза тапқандардың туыс-жақындарына көмектесуге шақырған еді.
Марио Балотелли
Дау-жанжалдың адамы, сотқар бала, есерсоқ Бало - италиялық шабуылшыға тағылған лақап аттардың бір парасы ғана.
Әлем жұртшылығы оны "Еуро-2012" додасында таныды.
Марио бала күнінде асқазанына бірнеше рет ауыр операция жасатыпты, науқас балаларға содан бері көңілі елегізіп, жаны ашып, көп уақытын солардың қасында өткізіп тұрады екен.
"Мариоға хабарлассаңыз болды, өзі көмектеседі", - дейді Балотеллидің қайырымдылығы жайлы біліп алған италиялық журналистер.
Марионың үйсіз-күйсіздерге ақша беріп, кейбір ұнап қалған сұхбаттасын қымбат қонақүйге тұрғызатын әдеттері де бар көрінеді. Бір жолы ол ойынханадан ұтып алған 1000 фунттың 28 мыңын көшедегі бейтанысқа ұстатып кете барыпты.
Дайындаған: Әкежан Дәкен
Сурет: eurosport.ru; dynamo.kiev.ua; rossoneri-fans.ru; chelseablues.ru; prosto-sport.com
Л. Лига