Мәскеуде самбошылар арасында өткен суперкубокта жерлесіміз Ерболат Байбатыров алтын медальға ие болды.
“Харлампиев мемориалы" атты суперкубокқа әлемнің 25 елінен 250 спортшы қатысты. Отандасымыз 57 кг салмақта барлығы 4 кездесу өткізіп, финалда тәжікстандық Каримовпен кездесті. Оны да жерге қаратқан ол жеңісті қанжығасына байлап, жанкүйерлерін бір қуантты.
Ерболат журналистерге берген сұхбатында: "Жеңісіме деген күмәнім болған жоқ. Жалпы бұл сайыста жеңіске жетуім мен үшін аса маңызды болды. Неге десеңіздер, бұл суперкубокқа 4 рет қатысып отырсам да, мақсатыма жете алмай келдім. Алғашқы жылы жеңіліске ұшырасам, қалған 2 жылда екінші болдым. Енді, міне, көптен күткен жеңіс. Ризамын", - деп ағынан жарылды.
Тағы бір жерлесіміз Асылбек Әлкей 74 кг салмақта қола медальға ие болды. Жалпы, “Харлампиев мемориалы" атты самбошылар арасындағы суперкубок осымен 33-рет өткізіліп отыр. Соңғы кезде өңкей тісқаққан спортшылар қатысып жүргендіктен, қазір аталған сайыстың абыройы асқақтап тұр. Халық арасында бұл жердегі жеңіс әлем чемпионатындағы жеңіспен пара-пар.
Анатолий Аркадьевич Харлампиев - КСРО халықтарының ұлттық спорт түрлерін зерттеуші әрі самбоның негізін салып, КСРО-ға еңбегі сіңген спорт шебері. Сонымен қатар, 1950 жылы жапон халқы оған дзюдодан 8-данды лайық деп таныған. Бұл басқа ұлт түгілі, жапондықтар үшін де қолжетпес абырой болып еді.
Жерлестерімізді құттықтап қоялық!
сурет: antonmolotko.com (Литва, 2011)