- Негізгі бет
- Маккала
- Жеңіп тұрып, жеңілдік...
Жеңіп тұрып, жеңілдік (видео)
Футболдан 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Қазақстан ұлттық құрамасы Пльзенде Чехия құрамасына 2:1 есебімен есе жіберіп алды. Ойында бірінші болып есеп ашқанмен, жеңіс қолдан сусып кетті.
Пльзендегі ойынды қос ұжым да сылбыр бастады. Бірінші болып гол соғуға ұмтыла қойған жоқ. Бір-бірінің осал тұстары мен қателіктерін күткендей сыңай танытумен жүрді. Алғашқы қауіпті шабуылдардың бірін Юрий Красножан шәкірттері тудырды. Бауыржан Исламханның сол қанаттан асырған пасын Ұлан Қонысбаев қақпаға бағыттай алмай састы. Артынша Бауыржан Жолшиев те Петр Чех қорғаған қақпаны нысанаға алып көрді. Алайда Қазақстан құрамасы шабуылшысының тепкен добы қақпадан аз ғана қиыс кетті.
21 минутта Бауыржан Исламхан оң қанаттан сытылып шығып, айып алаңына пас асырды. Алаң иелері қорғаушылары допты бұрыштамаға асырып құтылды. Стандартты жағдайды сәтті пайдаланған Қазақстан құрамасының футболшылары ойында алға шыға білді. Бауыржан Исламханның әуелете асырған добына Юрий Логвиненко бірінші жетіп, Петр Чехтің қақпасына іріктеу кезеңіндегі үшінші голын соқты. Астанада өткен ойында да «Ақтөбе» клубының қорғаушысы «Арсенал» қақпашысына екі гол соққан еді.
Қазақстан құрамасы есепте алға шыққаннан кейін қорғанысты басты назарда ұстай бастады. Чехия құрамасының шабуылы ширай түсті. 38 минутта Давид Лимберски қорғаушылардың қателігін пайдаланып, алыс қашықтықтан соққы бағыттап көрді. Стас Покатилов допты қайтара алмағанмен, қақпа бағаны допты кері қайтарды.
Бірінші таймда өз жүйесін нықтап ұстанған Қазақстан құрамасы бір доп басымдығымен жеңіске жетіп шықты.
Екінші тайм алаң иелерінің қысымымен басталды. Екі бірдей бұрыштама добын орындап, Стас Покатилов қорғаған қақпаға қауіп төндіре түсті. Қазақстан құрамасы қарымта шабуылда ойнауға біржола иек арта бастады. 52 минутта Бауыржан Жолшиев есепті еселеуге тамаша мүмкіндік алды. Алайда «Астана» клубының шабуылшысы ұлттық құраманың екінші голын соға алмады. Әріптесі Бауыржан Исламханға пас асыруға асықпай, мүмкіндікті мүлт жіберді.
69 минутта Қазақстан құрамасы қақпасына тағы бір қауіпті соққылардың бірі бағытталды. Сергей Малыйдың аяғына тиген доп қақпадан қиыс кетті. Араға көп уақыт салмай чехтардың кезекті шабуылын Дмитрий Шомко қайтара білді. 72 минутта Юрий Красножан шабуылшыларын ауыстыруды жөн деп шешті. Танат Нөсербаевтың орнына Сергей Хижниченко кірді.
74 минутта Қазақстан құрамасы қорғаушыларының қателігі чехтардың таразы басын теңестіруіне жағдай жасады. Нақтырақ айтсақ, Марк Гурман өз ойыншысын қараусыз қалдырды. Екінші таймда алаңға шыққан Милан Шкода Стас Покатилов қорғаған қақпаның кілтін тауып кетті.
86 минутта Чехия құрамасы ойында алға шықты. Қорғаныста ойнаған Қазақстан құрамасының ойын жүйесінен нәтиже шықпады. Екінші таймда алаңға шыққан Милан Шкода дубль авторы атанды.
Кездесу статистикасы:
Голдар: 2 — 1
Қақпаға соққылар: 22 — 5
Қақпаға дәл соққы: 2 — 1
Қақпа бағаны: 1 — 0
ОФсайдтар: 2 — 2
Допқа иелік ету: 64 — 36
Бұрыштама: 11 — 1
Чехия — Қазақстан 2:1 (0:1)
Голдар: Логвиненко 21 (0:1), Шкода 74 (1:1), Шкода 86 (2:1)
Ескерту: Шомко 42
Чехия: Чех, Кадержабек, Прохазка, Лимберски, Сухи, Дочкал, Скалак (Шкода 46), Павелка, Крейчи (Копиц 84), Дарида (Шурал 68), Лафата
Қазақстан: Покатилов, Малый, Гурман, Смақов, Логвиненко, Қуат, Қонысбаев (Кукеев 88), Исламхан (Суюмбаев 78), Шомко, Нөсербаев (Хижниченко 72), Жолшиев
Бас төреші: Мартин Стрембергссон (Швеция)
3 қыркүйек. Пльзень. «Doosan Арена».
«А» тобында Чехия мен Қазақстан құрамасынан өзге де ойындар өтті. Көш басындағы Исландия сырт алаңда Нидерландыны бір доп басымдығымен ұтса, Түркия өз алаңында Латвиямен тең ойнады. Топтағы жеті ойын қорытындысы бойынша турнир кестесі төмендегідей:
Орын | Ұлттық құрама | Ойын | Жеңіс | Тең нәтиже | Жеңіліс | Доптар | Ұпайлар |
1 | Исландия | 7 | 6 | 0 | 1 | 15-3 | 18 |
2 | Чехия | 7 | 5 | 1 | 1 | 14-9 | 16 |
3 | Нидерланды | 7 | 3 | 1 | 3 | 13-7 | 10 |
4 | Түркия | 7 | 2 | 3 | 2 | 8-9 | 9 |
5 | Латвия | 7 | 0 | 4 | 3 | 3-14 | 4 |
6 | Қазақстан | 7 | 0 | 1 | 6 | 5-16 | 1 |