Әлемде талай спорт түрі бар. Сол спорт түрлерінің нағыз майталмандары мен саңлақтары да жетерлік. Дүниенің төрт бұрышын аузына қаратып, талай додаларда сан жүлделер салған, қайталанбас рекордтар орнатып кеткен спортшылар да аз емес. Біз бүгін жеңіл атлетика спортынан әлемді мойындатқан, олар орнатқан, орнатқанына отыз жылдан астам уақыт өтсе де әлі жаңаланбаған рекордтарға тоқталып өтпекпіз. Мәселен, 1983 жылы 800 метрлік қашықтықта бақ сынаған чехословакиялық Ярмила Кратохвилованың көрсеткіші– 1 минут 53,28 секунд. Содан бері 30 жыл өтсе де, бұл рекордты ешкім жаңарта алатын емес.
Құрамында Людмила Борисова, Надежда Олизеренко, Любовь Губина және Ирина Подъяловская сынды желаяқтары бар Кеңес Одағы құрамасының 1984 жылғы Мәскеу Олимпиадасындағы 4Х800 метрлік эстафетадағы нәтижесі әлі өзгерген жоқ. Әңгімені ары қарай өрбітсек, 1985 жылы германиялық Маргарита Кох 400 метрге жүгіруде 47,6 секундтың көрсеткішке қол жеткізді. 1986 жылы КСРО өкілі Юрий Седых балғаны 86,74 сантиметрге, ал неміс алыбы Юрген Шульт дискіні 74,08 сантиметрге лақтырды. 1987 жылы КСРО атлеті Наталья Лисовсканың ядро лақтырудағы нәтижесі – 22,63 сантиметр. 1987 жылы Болгарияның биіктікке секірушісі Стефка Костадинова 20,09 сантиметрлік межені бағындырды. Міне, ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де жоғарыда есімдері аталған саңлақтардың рекорды жаңартуға адам баласының күш-қуаты жететін емес.
1994 жылдың 21 ақпанында даңқты украиналық атлет Сергей Бубка сырықпен секіру жаттығуында 6 метр 14 сантиметрлік белесті бағындырды. Содан бері 20 жылға жуық уақыт өтті. Жеңіл атлеттер бәсекесінде өзге де таңғажайып рекордтар тіркелуде. Мысалы, 1974 жылы Гамбургте 41 жастағы германиялық желаяқ Герхард Вайндер 32 шақырымдық қашықтықты 2 сағат 30 минут 38,6 секундта, ал 1986 жылы Цзянда 14 жастағы қытайлық өрен Ван Янь 5000 метрді 21 минут 33,8 секундта жүріп өтті.
Олимпиада ойындарында ең көп медаль олжалаған жеңіл атлет – Пааво Нурми. Финляндия спортшысы 1920, 1924 және 1928 жылдардағы ғаламдық додада 12 жүлде (9 алтын, 3 күміс) алды. Әйелдер арасында Ширли Барбара де ла Хантидің шоқтығы биік. Австралиялық ару 1948, 1952 және 1953 жылдардағы Олимпиадада 7 рет (3 алтын, 1 күміс, 3 қола) жеңіс тұғырына көтерілді. Ал польшалық Ирена Шевиньска – қатарынан төрт бірдей Олимпиада ойындарында жүлде алған жалғыз әйел. Ол 1964-1976 жылдар аралығында өткен аталмыш додада 7 рет үлде мен бүлдеге оранды. Оған даңқты Карл Льюистің көрсеткіштерін қосуға болады. Ол 1984-1996 жылдар аралығындағы ғаламдық додада қатарынан 4 рет ұзындыққа секіруде алдына жан салған жоқ. Лос-Анджелесте 3 рет, Сеул мен Барселонада 1 рет түрлі қашықтыққа жүгіруде шашасына шаң жұқтырмады.
АҚШ-тың атақты атлеті Джесси Оуэнс 1935 жылдың 25 мамырында 1 күннің ішінде 4 бірдей әлемдік рекордты жаңартты. Бұл – әлемдік жеңіл атлетика тарихындағы теңдессіз тұлғалардың бірі. Оуэнс алғашқылардың бірі болып, қара нәсілді желаяқтардың мықтылығын төрткүл дүние жұртшылығына паш етті.
1956-1967 жылдар аралығында румыниялық Иоланда Балаш биіктікке секірушілердің 150 сайысына қатысып, барлығында жеңіске жеткен. 1977-1987 жылдар аралығында америкалық Эдвин Мозес 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруде қатарынан 122 рет топ жарды. Міне, осылай тізбектей берсек, талай таңдай қағарлық көрсеткіштер жайында ұзақ әңгімелеуге болады.
Жиырма бірінші ғасырда да талай рекордтар дүниеге келді. Атап айтсақ, қысқа қашықтыққа жүгірушілер арасында Усейн Болттың көрсеткіші таңдандырмай қоймайды. Ол 100 метрді 9,58 секунд, 200 метрді 19,19 секундта жүгіріп өтті. Ямайкалық желаяқ бүгінгі таңда әлемдегі ең жылдам адам саналады. 800 метрге жүгіруде кениялық Дэвид Рудишаның қарқыны өте күшті. 2012 жылы ол осы қашықтықта 1 минут, 40,91 секундтық нәтиже көрсетті. Орта қашықтықта эфиопиялық Кенениса Бикеленің алдын орайтын ешкім жоқ. 5000 және 10000 метрлік сайыстағы рекорд осы саңлаққа тиесілі. Марафоншылар бәсекесінде Кенияның қара торы жігіті Патрик Макаудың мерейі үстем. Оның көрсеткіші – 2 сағат 03 минут 38 секунд.
Қазақ еліде жеңіл атлетика әлемінде рекорд орнатудан құр алақан емес. Қазақ топырағанда туып, осы топырақта тәй-тәй қадам басқан екібастұздық марафоншы Марат Жыланбаев марафоншылар арасында «Гиннестің рекордтар кітабына» жеті рет енген әлемдегі жалғыз спортшы. Жер шарындағы ең ірі шөлдерді жүгіріп өту бойынша да онымен әзірге теңесетін марафоншы жоқ. Марат ағамыз 1990-1991 жылдар арасында, анығырағы 365 күнде жалпы саны 226 классикалық марафонға қатынасқан. Сонымен бірге сол жылы наурыз айында 23 күнде 23 марафон өткерген. 1991 жылы жаз айында 15 күнде 30 марафон өткереді, бұл күніне екі марафоннан дегені. 1992 жылы Азия құрлығының ең ұзын шөлі Қарақұмды, 1993 жылы Африка құрлығының алпауыты Сахараны, осы жылдың өзінде Үлкен Виктория (Аустралия) шөлін жалғыз өзі жүгіріп өтеді. 1994 жылы Америкадағы Невада шөлін бағындырып, жалпы саны жеті рет мойнына «Гиннестің рекордтар кітабының» арнайы алқасын тағынған.
Жолдаған: Қожакелді Алданов