- Негізгі бет
- Маккала
- Жас футболшыларымыздың нәтижесі...
Жас футболшыларымыздың нәтижесі жанкүйерлер көңілін жабырқатты
Бұл күндері Ресейдің Санкт-Петербор қаласында футболдан 18 жасқа дейінгі жастар арасында «Гранаткин мемориалы» турнирі өтуде. Қазақстан жастар құрамасы да өз бағын сынауда. Бірақ, нәтиже мәз емес...
Сергей Тагиев жаттықтыратын отандастарымыз осыған дейін төрт кездесу өткізіп, барлығын да жеңіліспен аяқтады. О баста «С» тобында бақ сынаған жерлестеріміз Болгария мен Словения бозбалаларынан ұтылды. Кейіннен «К» тобына түсіп, Молдова мен Эстония жастарына жол берді. Алдыңғы үш ойында гол соқпай келген отандастарымыз соңғы кездесуінде гол соққанымен, ойсырай ұтылды. Ертеңгі ел футболының болашағы саналып келген жастардың нәтижесі жанкүйерлер көңілін жабырқатқаны айтпаса да белгілі.
«Ат тұяғын тай басар» демекші, «Гранаткин мемориалы» турниріне қатысқан жастар - ертеңгі ел құрамасының намысын қорғайтын жеткіншектер. Әлден өзі қатарлас құрамалардың бозбалаларынан жеңіліп, мысы басылып қалуы да ғажап емес. Байқап қарасақ, Қазақстан жастары бұл додаға толық дайын да болып бармағандай. Бәлкім, оқу-жаттығу уақыты аз болды ма екен? Өз қатарластарынан барлық тұрғыдан әлсіз екенін аңғаруға болады. Мұны бас бапкер мен көмекшілері де мойындайтын секілді. Өйткені, баспасөз мәслихатында берген мәлімдемелері бойынша, негізгі құрам толықтай жасақталып үлгермеген. Әр кездесу сайын ойын жүйесін өзгертіп, өзге ойыншылар шығады. Себебі, құраманың кез келген ойын шебінде әлсіз тұстар жетіп артылады. Бір сөзбен айтқанда, биылғы дода жерлестерімізге тәжірибе жинауға септігін тигізбесе, өзге тұрғыдан жеңіс сыйлай қойған жоқ. Мәселен, әзірге соғылған екі голды да қорғаушы мен жартылай қорғаушы соқты. Шабуылшыларымызды мергендер көшінен көре алмағанымыз да өкінішті.
2015 жылғы «Гранаткин мемориалы» турниріне 18 құраманың жастары қатысуда. Енді, 11 қаңтар күні жерлестеріміз «L» тобының аутсайдері болған Ресей-2 құрамасымен ең соңғы 17-18 орындар үшін таласатын болады. Олар осы турнирдегі ең жас команда. Төрт ойында жеңілсе де, төрт гол соққан, 12 гол өткізіп алған. Ал біздің бозбалаларымыздың төрт ойындағы доп айырмасы: 2-11.
«Гранаткин мемориалы» турниріне Қазақстан жастар құрамасы сапында 20 футболшы аттанды. Оның 11-і Бразилияның «Оле Бразил» футбол академиясында дайындығын шыңдап келген. Ал өзгелері «Қайрат», «Атырау», «Тараз», «Шахтер» және «Ертіс» командаларының түлектері. Жастардың доп ұстау мүмкіндігі жоғары болғанмен, шешуші сәтте сасып қалатынын көзіміз көрді. Көбіне дайындалған ойын жүйесі жоқ та секілді көрінеді. Жұрт көзіне түскен ойыншы да байқалмай жүр. Бұйырғаны сол – аутсайдерлік қана.
Сурет: granatkin.com
О. Сансызбай