Филиппинде өткен бокстан жастар арасындағы Азия біріншілігінде Қазақстан елінің жас былғары қолғап шеберлері командалық есепте бірінші орын алды. Бұл туралы Vesti.kz спорт порталы хабарлайды.
Бұл байрақты бәсекенің қорытындысы бойынша біздің жігіттер жалпы есепте 4 алтын 1 күміс медаль иеленді.
Алдымен біздің қоржынға алтынды 56 келі салмақта өнер көрсететін Қанат Көптілеуов салды. Ол ақтық сында жапон боксшысынан айласын асырды. Екінші болып 69 келіде жұдырықтасқан Айтжан Шілеев өзбек боксшысын финалда жеңіп, алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ 75 және 81 келіде өнер көрсеткен жерлестеріміз Тұрсынбай Құлахмет пен Әділет Орынбасаров финалдық кезеңде жеңіске жетті. Ал 91 келі салмақтың финалдық кезеңіне шыққан тағы да бір отандасымыз Айбек Эрметов өкінішке орай өзбек боксшысына жол беріп қойды.
Осылайша, қоржынына 4 алтын және 1 күміс медаль еншілеген Қазақстан құрамасы жалпы есепте «сары құрлықтың» үздік командасы атанды. Екінші орын ринг иелері Филиппин құрамасына бұйырса, Өзбекстан құрамасы үшінші орынды місе тұтты.
Дайындаған: Уалихан Қосанбай
Сурет: prosportkz.kz