- Негізгі бет
- Маккала
- Жарылғапов турниріне Рой...
Жарылғапов турниріне Рой Джонс пен Эвандер Холифилд келеді
17 желтоқсан күні Қарағандыда басталатын бокстан Ғалым Жарылғапов атындағы халықаралық турнирге әйгілі Рой Джонс пен Эвандер Холифилд құрметті қонақ ретінде келеді. Бұл туралы vesti.kz сайтына Әлихан Жарылғапов хабарлады.
- Осыған дейін өткен турнирге Рой Джонс келген болатын. Оған жарыс өте қатты ұнаған. Алдағы турнирге Рой Джонспен бірге әйгілі Эвандер Холифилд те келмек. Біз олардың құрметті қонақ ретінде шақырдық. Олар алғашқы келісімдерін беріп үлгерді, - деді.
Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған бокс додасы – талай боксшылардың үлкен спортқа қадам жасауына септігін тигізген еліміздегі ең ірі жарыстардың бірі. Тарихы тереңде жатқан бұл бокс бәсекесінен Олимпиада чемпиондары мен талай әлем чемпиондары түлеп шыққан. Атап айтар болсақ, бүгінде кәсіпқой бокста еліміздің абыройын асқақтатып жүрген Геннадий Головкин бұл турнирде бес рет топ жарған.Атланта Олимпиадасының чемпионы Василий Жиров пен Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ибраимов та Ғалым Жарылғапов турнирінің бес дүркін чемпиондары атанған. 2000 жылы Сидней Олимпиадасының шыңын бағындырған марқұм Бекзат Саттарханов та бұл турнирде үш рет жеңімпаз тұғырынан көрінген. Одан өзге, Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, қазіргі таңда «Astana Arlans»командасының директоры Серік Сәпиев те бұл турнирді үш рет жеңген боксшылар қатарынан. Ал «Ғалым Жарылғапов турнирінде ең көп топ жарған боксшы кім?» дегенге келсек, Сарыарқа төсінде туып-өскен Аркадий Топаевтың есімін ерекше мақтанышпен айта аламыз. 1994 жылы әлем кубогының жеңімпазы атанған былғары қолғап шебері бұл турнирді жеті рет ұтқан жалғыз боксшы.
Айта кетейік, Ғалым Жарылғапов 1939 жылдың 22-желтоқсанында дүниеге келген. Спортты серік еткен тұлға қазақ боксының нағыз жанашыры болған. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген бапкері мен спорт шебері атақтарына қол жеткізген. Кейін былғары қолғабын шешкеннен кейін де шаршы алаңның айналасынан алыстай алмаған. Бапкерліктен бастап, облыстық туризм және спорт комитетінің басшысы дәрежесіне дейін көтерілген. 1984 жылы Ташкентте КСРО халықтарының спартакиадасы ұйымдастырылып, оған Қазақстанның өкілі ретінде Ғалым Жарылғапов та қатысқан. Сол жарыста білікті бапкер дүниеден озды. Жекпе-жектер кезінде шаршы алаңның жанында қазақ боксшыларына жанкүйер болып отырған Ғалым Жарылғаповтың жүрегі ұстап, тілге келместен көз жұмған. Ал екі жылдан кейін, яғни 1986 жылы ұлы Нұрғазы Жарылғапов алғаш рет осы турнирді өткізуді қолға алыпты. Содан бері дода дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.
Биылғы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған турнир 17-21 желтоқсан аралығында өтеді.
О. Сансызбай