- Негізгі бет
- Маккала
- Жапония технологиялық серпіліс...
Жапония технологиялық серпіліс жасай ма?
Токио Олимпиадасы жапондар үшін соңғы жылдары уысынан шығарып алған "технологиялық алпауыт мемлекет" мәртебесін қайтарып алуға таптырмас мүмкіндік болмақ. Жапония Оңтүстік Корея мен Қытай тарапынан туған бәсекені тек Олимп ойындарындағы жетістіктерімен басып оза алады.
Роботтар мен экзоқаңқа
Робототехника жасауда Жапонияға тең келетіндер жоқ. Өткен жылы Toyota компаниясы Олимпиада қонақтарына көмек қолын созатын роботтың екі моделін халыққа ұсынды. Адамдарға арналған көмекші-робот және тасымалдаушы робот Токиодағы Ұлттық стадионда жұмыс істемек. Олар көрермендерге көмектесіп, кеңес беріп, заттарын көтеріп жүруге қауқарлы.
HSR роботының қолы әр түрлі заттарды ұстауға және оны қоюға ыңғайлы етіп жасалған. Ал денесіне орнатылған сенсорлы бергіштер арқылы кеңістікте еркін қозғалып, адам не заттармен соқтығысудан аулақ болады. Олимпиаданы ұйымдастыру комитеті қазірге дейін 16 көмекші робот пен 5 тасымалдаушы роботқа тапсырыс берген. Әзірге көмекші роботтар Олимпиадаға келетін қонақтар көп шоғырланатын әуежай, сауда орталықтары, туристтік жерлер мен спорт нысандарына қойылады.
Жапонияның тағы бір алпауыт компаниясы Panasonic әуежай және қойма қызметкерлеріне арнап Power Assist Suits экзоқаңқасын жасап шығарды. Арнайы тігілген костюм ауыр заттарды тасуға көмектеседі. Арнайы бергіштер ауыр заттарды көтергенде механизмге белгі беріп, оны көтеруге және тасымалдауға көмектесетін болады. Panasonic өкілдерінің мәлімдеуінше, экзоқаңқаның арқасында жұмыс сапасы 20%-ға артады. Бұған дейін экзоқаңқалар пауэрлифтинг жарыстарында спортшыларды сақтандыру үшін қолданылған еді.
Жүргізушісіз басқарылатын көліктер мен балдыр жанармайы
Соңғы жылдары автоиндустрия саласы біраз өзгеріске ұшырады. Жапония дәл 2020 жылды көлік саласындағы ескі және жаңа әлемді қақ жаратын кезең деп санайды. Алдағы жылдары Toyota жолаушы мен жүктерді тасымалдайтын жүргізушісіз көлікті шығаруды жоспарлап отыр. Ал Nissan мен Uber жүргізушісіз такcи қызметі жүйесін жетілдіруді қолға алды. Токионың Халықаралық әуежайында жүргізушісі жоқ All Nippon Airways автобустары іске қосылды. Дегенмен жүргізушісі жоқ көліктер жолаушыларды кез келген жерге апара алмайды. Олар алдын ала жоспарланған бағыт бойынша ғана қозғалатын болады.
Жапондар 1964 жылы Токио алғаш рет Олимпиада ойындарын қабылдағанда жоғары жылдамдықты теміржолдар торабын іске қосқан еді. Ал бұл жолы жылдамдығы сағатына 600 шақырымға дейін жеткізе алатын магнитті тіректегі жоғары жылдамдықты пойызды ел назарына ұсынбақ. Олимпиада кезінде тестілік режимде істейтін пойыз тек 2027 жылы толыққанды жұмысына кіріседі.
"Күн шығыс" елі Олимпиаданы тек инновациялық емес, экологиялық тұрғыдан да жоғары деңгейде ұйымдастырмақ. Қазірдің өзінде барлық дерлік спорт нысандары күн энергиясын пайдаланады. Ал Олимпиада қалашығы сутекті энергиямен жұмыс жасайды. Жүлдегерлерге арналған медальдар ескі гаджеттерден жасалған. Оған қоса Олимпиада кезінде темекі шегуге тыйым салынады. Олимпиаданың ең басты жаңалығы – балдырдан жасалған жанармай. 2009 жылы басталған жоба 2020 жылы мәресіне жетпек. Жүргізушісіз көліктер осы балдыр жанармайымен жүретін болады.
Адам тану жүйесі және аудармашылар
Олимпиада кезінде адамды бет-әлпеті арқылы танитын арнайы жүйені қолданбақ. Бұл жарыс кезінде қауіпсіздікті арттырып қана қоймай, спортшылар, спорт нысандарының қызметкерлері мен журналистерге кезекте тұрмауға көмектеседі.
Жапонияның телекоммуникация саласындағы ең ірі компанияларының бірі NEC осы жүйені жасаумен айналысып жатыр. Жүйеге Олимпиада кезінде 300 мың адам енеді. Нысандарда орналасқан камералар мен мобильді дрондар адамдарды бет-әлпеті арқылы танып, олар туралы ақпаратты шығара алады. Дегенмен күзет қызметкерлері ешқайда кетпейді. Олар арнайы камера тағып, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Олимпиада кезінде 14 мыңға жуық күзет қызметкері болады деп күтілуде.
Ұйымдастырушылар тіл білмейтін қонақтардың да жағдайын жасауды қолға алған. Олимпиадаға арнайы жасалған VoiceTra атты бағдарлама мәтінді аударып береді. Бағдарлама жазбаша 31, ал ауызша 16 тілді аудара алады.
ТВ және ғаламтор
Өткен Олимпиада ойындарына қарап Токиоға кем дегенде жарты миллион турист келеді деп болжауға болады. Олардың барлығын ғаламтормен қамтамасыз ету үшін DoCoMo мен Nokia компаниялары бірігіп 5G жүйесін іске қоспақ.
Ал Олимпиадаға келе алмай, үйден теледидардан көретіндер үшін барынша сапалы картина жасайды. Жарыстарды қарапайым камералардан бөлек 360 градусты көрсететін дрондармен түсіреді. Ал NHK телерадиокомпаниясы жарысты 3D форматын көрсетуге дайын. Трансляциялар 8К (7680х4320 пиксель) сапасында көрсетіледі. Бұл қазіргі таңдағы ең сапалы картина.
Отшашудың орнына метеорит жауыны болады
Ұйымдастырушылар Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты кезінде отшашудың орнына жанкүйерлерге ерекше сый дайындап отыр. Қоршаған ортаны қорғаушы ұйымдар пиротехниканы қолданбауға шақырды. Оның орнына ұйымдастырушылар жасанды метеорит жауынын қолданады. Sky Canvas технологиясы бойынша көкке жүздеген микросерік көтеріліп, 5 мыңнан астам түрлі түсті түйіршік шашады. Бұған қарап аспанда метеориттердің жанып жатқанын көруге болады.