Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы біржола кәсіпқой боксқа ауысты. 75 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған ол әуесқой бокста әділетсіздіктер көптеп орын алатынын да жасырған жоқ. Бұл да кәсіпқой боксқа кетуіне бір себеп болғанын айтты.
- Әуесқой бокста жүргеніме 4 жыл болды. Талай байрақты бәсекелерге қатыстым. Шыны керек, әлемдік деңгейдегі жарыстарда әділдік аз деп ойлаймын. Сол себепті кәсіпқой боксқа ауысып жатырмын.
Қарсыласым – өте тәжірибелі. Дегенмен өзіміздің жерімізде өтіп жатқандықтан, Қанат ағамның басты кездесуі өтетін жекпе-жекте намысты қолдан бермеймін. Қобалжу болатыны рас. Бар өнерімді осы кәсіпқой бокста көрсетемін деген ойдамын, - деді.
Жәнібек Әлімханұлының кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегі 6 раундқа жоспарланған. Отандасымыз осы уақыт аралығында өзін жақсы қырынан көрсетіп, жеңіске бастар жолды табуға дайын.
- Кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегім 6 раундқа жоспарланып отыр. Бұл көп қиындықтар туғызбайды деп ойлаймын. Мұның алдында «Astana Arlans» сапында 5 раундтық жекпе-жектер өткіздім. Өзім дайын болсам, 6 раунд та жұдырықтаса аламын. Ол жағынан қиындық жоқ деп ойлаймын.
Жәнібектің кәсіпқой боксқа ауысуына байланысты «ZHERSU» ЖШС корпорациясы бақылау кеңесінің төрағасы Бауыржан Оспанов та өз ойын білдірді.
- Қазір әуесқой бокста қиындықтар көп емес. Екі жақта да бақ сынауына болады. Үш жыл емес, бір жылда да Жәнібекке ірі жетістіктерді бағындыруына болады. Бірінші жекпе-жегінің өзі тәжірибелі боксшыға қарсы өтпек. Кәсіпқой рингте 50-ге жуық жекпе-жек өткізген. Кезінде Геннадий Головкинмен де жұдырықтасқан. Бұл қарсыласты жаттықтырып жүрген мамандар тапты. Әуесқой бокс пен кәсіпқойдың айырмашылығы болғанмен, жаттықтырушылары Жәнібекті дайын кәсіпқой боксшы деп айтып отыр, - деді.
Жәнібек Олимпиадада жарақатпен шыққан
Қазақстандық боксшы Риодағы Олимпиада ойындарын сәтті бастап, ширек финалда әзірбайжан боксшысы Камран Шахусварулына жол беріп алған еді. Осыдан кейін боксшы мен оның жаттықтырушыларына қойылар сұрақтар аз болмады. Бүгін сол жекпе-жектер мен сәтсіздіктердің кей себептері айтылды. Бұл туралы да Бауыржан Оспанов мырза айта кетті.
- Олимпиада төңірегінде сұрақтар көп. Әсіресе әділетсіздік болды деп айтудан бұрын өзге себептерді де білу керек. Жәнібек бірінші жекпе-жекте өздеріңіз білетінде, ағылшындық Энтони Джошуа деген мықты боксшымен кездесті. Екеуі 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатының жартылай финалында кездесуі керек болған. Ол кезде ағылшын боксшысы жарақат алып, жекпе-жекке шықпаған еді.
Жәнібек Энтониді екі раундта-ақ жеңді. Үшінші раундты жоспар бойынша өткізді. Әйтпесе, ұрып құлатуға мүмкіндігі болған. Сол жекпе-жекте Жәнібек сол қолының шынтағын жарақаттап алды. Сол жарақаттан кейін ол соққы жасау жаттығуларын мүлде жасаған жоқ. Тек жүгірумен болды. Әрине, жарақат алғанда айтуға болмайды. Дәрігерлер тек физио емдеу жасап жүрді. Сондықтан да Жәнібекке жартылай финалға дейін ұпай айырмасымен жұдырықтасу керек болды. Жоспар бойынша жартылай финалда кубалықпен, финалда өзбектен есе қайтару мақсат болды. Өздеріңіз көргендей, алжирлікті ұпаймен жеңіп шықты. Ал әзірбайжандыққа келгенде, Жәнібек қарсыласын жақсы білетін. Қазақстандық боксшылардың барлығы оны жеңіп жүрген. Одан көп қаймықпадық. Біздің ойымыз Куба және өзбек боксшылары болды. Кубалықты Жәнібек спаррингтерде жеңіп жүрген. Барлық көрсеткіштері бойынша одан бір бәс жоғары еді. Оны олар да мойындап, осы салмақта қазақстандық боксшы чемпион атанып қана қоймай, Баркер кубогын алуы мүмкін деп те айтқан болатын.
Жанкүйерлер Жәнібектен алғашқы жекпе-жектегідей қарқын күткені жасырын емес. Өкінішке орай, жарақатына байланысты аңдап қимылдауға тура келді. Әзірбайжандыққа қарсы кездесуде жеңісті қарсылас жаққа беріп жатқанын үшінші раундта барып қана білді. Ол жерде нәтиже көрінбейді. Сондықтан үшінші раундта жарақатына қарамай шабуылға шықты. Бірақ төрешілер қарсыласын жеңімпаз ретінде таныды. Әрине, әр жеңілістің де себебі болады. Оның алдындағы әлем чемпионатында да Жәнібек ширек финалда ресейлік боксшыға жол беріп алды. Оған да себеп жарақаты. Себебі соның алдында ғана еліміздегі Спартакиадаға қатысып, жартылай финалда қолын сындырып алған. Финалда бір қолмен жұдырықтасты. Бұл – негізі дұрыс емес. Жаттықтырушыларының қателігі. Финалда шықпау керек еді. Одан кейін бір айдан кейін Азия чемпионатына барды. Бармайын десе, әлем чемпионатына қатыса алмайтын болды. Сондықтан дайын болмаса да, Азияға барды. Өзбек боксшысына жол берді. Сол секілді әлем чемпионатында да бабында болмады. Ирландиялық боксшыға ұтылды. Кейіннен Ирландиядағы жаттығуында соны айқын жеңді. Біздің жігіттерге айтарым, әр жекпе-жекті соңғы деп қабылдап, барды салу керек. Әйтпесе, төрешілердің бұра тартқаны, әділетсіздіктер орын алатын сәттер болады. Сондықтан да біздің жігіттер қарсыластарынан бір бәс жоғары жұдырықтасу керек, - деді Бауыржан Оспанов.
- Жоспар бойынша, жартылай финалда - кубалық, финалда – өзбекпен жұдырықтасуды жоспарлаған едік. Алайда Камраннан алғашқы 2 раундта ұтылып жатқанымды білмедім. Өйткені, жеңіп жаттым деп ойладым. Үшінші раундта білгеннен кейін ғана жарақатқа қарамастан, ашық айқасқа көштім. Бірақ, бәрі кеш еді... – деді.
Осыған дейін ұлттық құрама сапында өзгерістер орын алып, буын алмасу кезеңі мен кәсіпқой боксқа ауысуы мүмкін боксшылар туралы жазған болатынбыз. Бұл туралы сұқбат барысында Жәнібек Әлімханұлы да айта кетті.
- Ұлттық құрамада көп өзгерістер орын алып жатыр... Мен ғана емес, бірнеше танымал боксшыларымыз әуесқой бокстан кетпекші. Олардың бірі кәсіби боксқа бет бұрса, енді бірі жасының келуіне байланысты бокспен қош айтысуда. Алдағы уақытта Данияр Елеусіновті да кәсіпқой бокстан көріп қаласыздар, - деді.
Жәнібек Әлімханұлы жұдырықтасатын кештің басты жекпе-жегінде танымал қазақстандық боксшы Қанат Ислам шаршы алаңға көтеріледі. Ол кәсіпқой рингте алғашқы кездесуін өткізгелі отырған Жәнібекке сәттілік тілеп, өз ойын білдірді.
- Үлкен спорт – сондай қатыгез, кейде ауыр болады. Бір жеңілістен кейін спорттан қол үзсеңіз, ол - сіздің әлсіздігіңіз. 12 раундқа мықтының мықтысы шыдайды. Қазақтың жігіттеріне осы кәсіпқой бокс жақындау сезіледі. Менің өзім де әуесқой бокста болдым. Көптеген келеңсіз жағдайларға тап болған сәттерім де болды. Сондықтан да кәсіпқой боксты таңдадым. Сол секілді бүгін Жәнібек те кәсіпқой боксқа кетті-ау деп ойлаймын, - деді Қанат Ислам.
Айта кетейік, басты жекпе-жекте Қанат Ислам шығатын Алматыдағы бокс кеші 29 қазан күні өтеді. Бұл кеште Қанат пен Жәнібектен өзге де қазақтың кәсіпқой боксшылары шаршы алаңдағы кезекті кездесулерін өткізетін болады. Атап айтар болсақ, «Алматы Арена» рингінде Жанқош Тұраров, Руслан Мырсатаев, Али Ахметов, Айдар Шәрібаев пен Айдос Ербосынұлы шетелдік боксшылармен қолғап түйістіреді.