- Негізгі бет
- Маккала
- Жаңа есіммен жарасқан...
Жаңа есіммен жарасқан стадион
Алматыдағы "Спартак" стадионында шағын футболдан жоғары оқу орындары арасында Абай атындағы Қазақ Ұлттық педогогикалық университетінде 26 жыл ректор болған, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ғылым мен техника саласына еңбегі сіңген қайраткер, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Тоқмұхамет Сәлменұлы Садықовты еске алуаһға арналған аламан жарыс жалауын көтерді. Сонымен бірге тағы бір жар салып жария етер жаңалық - орталық саябақтағы "Спартак" стадионы Мұхтар Әуезовтің атымен аталатын болды.
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педогогикалық университетінің ұйытқы болуымен көп жылдар бойы өткізіліп келе жатқан айтулы доп додасы студенттердің футболға деген құлшынысын дамыту жолындағы дәстүрлі жарыстың біріне айналған. "Дені саудың жаны сау" демекші, жоғары оқу орындарында дені сау ұрпақ тәрибелеу егеменді еліміз үшін маңызы зор деп білеміз. Сондықтан да Тоқмұхамет Садықтовты еске алуға турнирді ұйымдастырушылардың негізі мақсаты - жастарды спортқа баулып, саламатты өмір салтын қалыптастыру.
Жарыстың салтанатты ашылуына қатысқан Абай атындағы Қазақ ҰПУ ректоры Балықбаев Тахир Оспанұлы, Дене шынықтыру және спорт кафедрасының меңгерушісі,профессор Мұхиддинов Ерғали Мұхитдинұлы жас студенттерге жеңісті де жемісті ойындар тіледі. Бұл жарысқа қатысуға биыл Алматы қаласы бойынша сегізден астам жоғары оқу орындарының командалары сайланып келген екен. Ойын алаңына шыққан жалынды жастар жеңіс үшін бар шеберліктерін салды. Биыл ғана күрделі жөндеуден өтіп, қолданысқа берілген су жаңа стадионда доп тепкен жалынды жастар жеңіс үшін жан аямай өнерлерін көрсетуде. Көп жылдық тарихы бар бұл стадионда кезінде қаншама дүбірлі жарыстар өтті десеңші. Дегенменде "50 жылда ел жаңа" демекші жаңа заман ағымына сай жаңару, өрлеу, өркендеу - ол уақыттың басты талабы. Бұл стадион Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педогогикалық қарамағында болғандықтан, айтулы университеттің студенттері осы спорт алаңында дене шынықтыру және спорт сабақтарын өткізеді. Сондықтан да жастарға жағдай жасаудың кезі жеткен еді. Жылдар бойы уақыты жетіп, тозығы келген бұл стадион биыл айтулы білім ордасы ұжымының белсенді жұмысының нәтижесінде күрделі жөндеуден өтіп, тамаша көрініске ие болды. Осындай жаңа күйге еніп, жаңарған жаңа алаңға жаңа ат беруді уақыт өзі сұрап тұрғандай еді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Абай Қаз ҰПУ ректоры Тахир Оспанұлы Балықбаевтың бұйрығымен бұл стадионға қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың есімі берілді. Иә, ақиық жазушының есімін беру де жәйден-жәй емес. Өйткені аты қазақ қана емес әлем әдебиетіне машқұр жазушы Мұхтар Әуезов жас кезінде яғни 1914 жылдары Семейде тұңғыш рет құрылған "Ярыш" футбол командасының құрамында ойнағанын біреу білсе, біреу білмес. Сонымен қатар Қазақ ҰПУ ұлы Абайдың есімімен аталатын болса, сол хакім Абайды әлемге танытқан Мұхтар Әуезов екенін жақсы білеміз. Сондықтан да бұл стадионға жаңадан берілген Мұхтар Әуезовтың есімін үлкен қуанышпен мақтана айтуға лайықты екенін сүйіншілеп айтамыз. Мұндайда "Қуан қазақ, қуана бер" десек жараспай ма?!
Сонымен жоғарыда айтып өткендей Тоқмұхамет Садықты еске алуға арналған студенттер арасындағы қалалық жарыстың ақтық финалдық ойындарында топ жарып шыққан командалар да белгілі болып, жаңа есімге ие болған су жаңа стадионда құрметпен марпатталды. Жүлделі !орынды Тұран университеті жеңіп алды. Екінші күміс жүлде алаң иелері Абай атындағы ҚазҰПУ табыс етілсе, жарыстың қола жүлделеріне Сүлеймен Демерел атындағы университеттің командасы ие болды. Ал турнирдің ең үздік қақпашысы атағына ие болған Абай атындағы ҚазҰПУ ойыншысы Ерлан Қойшыбай құрметті марпатты атақты қақпашы Құралбек Ордабаевтың қолынан алды. Жарыс соңында жүлдегерлер қомақты қаржылай және бағалы сыйлықтармен марпатталды. Бұл жарыс дәстүрлі сипат алған соң келер жылы да дәл осы су жаңа футбол алаңында жалғасын табатын болады.
Амантай Қарақов
Мира Иралина
Сәлима Әжібаева