“Барселона” шабуылшысы Лионель Месси өз мансабында France Football тарапынан берілетін “Алтын допты” алтыншы рет иеленіп, бұл саладағы басты қарсыласы “Ювентус” шабуылшысы Криштиану Роналдуды артта қалдырды. Роналду-Месси текетіресі 10 жылдан бері жалғасып келеді. Бәлкім, мұның нүктесін қояр уақыт та жеткен болар. Алдағы жылдардан бастап біз осындай гегемонияны көре аламыз ба?
Екі футбол жұлдызының физикалық мүмкіндіктеріне қарасақ, әлі де біраз доп тебетін сияқты. Бірақ уақыт өз дегенін жасайды. Аргентиналық футболшы 32-ге толды, португалиялық ойыншы екі айдан соң 35-ке келеді. Месси де алтыншы “Алтын добын” алар кезде осыны меңзеген еді.
“Қанша жасқа келгенімді білемін, футболдан кететін күн де жақындап келе жатыр және мұны айту маған өте ауыр. Әлі алда бірнеше жыл болса да, уақыт зуылдап өтіп жатқан сияқты. Футболдан ләззат алуды жалғастыра беремін”, – деген 32 жастағы аргентиналық футболшы журналисттерге берген сұқбатында.
Әлбетте, олар тағы да 2-3 маусым ойнайды. Бірақ бұрынғыдай алаңда жасындай жарқылдайтын сәттері уақыт өте азая береді. 33 пен 35 жасқа келетін футболшылардың физикалық мүмкіндіктері бәрібір де шектеулі болады.
Аргентиналық ойыншы әлі де командаға қажет екендігін дәлелдеп, нәтижелі еңбектеніп келеді. Мысалы, соңғы “Атлетико Мадрид” клубына қарсы өткен матчта Мессидің шеберлігінің арқасында ғана 1 гол соғылды. Өткен маусымның аяғында алтыншы рет Еуропаның үздік сұрмергеніне берілетін “Алтын бутсыны” алған футболшы бұл маусымда да орташа әр ойында бір гол соғып келеді. Каталониялық команда ешқашан қазіргідей Мессиге тәуелді болып қалмаған.
Ал португалиялық аяқ доп шеберінің нәтижелілігі түсіп кетті. А Сериясындағы өткен маусымдағы 21 гол кез келген футболшы үшін жақсы нәтиже болуы мүмкін, тек Криштиану Роналду үшін емес. Бұл маусымда Маурисио Сарри оны негізгі құрамға іліктіріп жатқан жоқ. 11 рет алаңға шыққан футболшы, тек 6 рет мергендігімен көзге түсті. Қарашада “Ювентус” бапкері оны екі рет ауыстырды. Мұның бәрі жарақатына байланысты емес, бәлкім Роналдудың ойыны жүрмегендіктен еді.
Мессидің де ойынында төмендеу байқалады, бірақ ол өзінің басқа қабілеттерінің арқасында мұны білдірмей келе жатыр. Қала берді, ол португалиялық жұлдыздан 2,5 жас кіші. Бірақ көп өтпей екі ойыншы да футболдағы мансабын аяқтайды – бұл бір жағынан жақсы, екінші жағынан біраз адам көңіл-күйін түсіретін сәт. Жақсы дейтініміз, екі гегемония көлеңкесінде тұрған жаңа жұлдыздар көріне бастайды, сонымен қатар Роналду-Месси текетіресінен футбол жанкүйерлерінің барлығы шаршаған сияқты.
Олар ұлы ойыншылар, олардың шеберлігін әлем мойындады, жетістіктері тарих таспасына алтын әріптермен жазылды. Соңғы 10-15 жыл ішінде бірнеше футбол жұлдыздары пайда болды. Бірақ ешқайсысы Роналду мен Месси бағындырған шыңға шыққан жоқ.
Мысалы, Неймардың шеберлігі кемерінен асып-төгілген кезде клуб ауыстыру, жарақат және қыңыр мінезінің арқасында ойыны жүрмей қойды. Ал Азардың ойыны ала-құла. Левандовский әр маусымда топырлатып гол соққанымен, тек гол машинасы ғана бола алды. Роналду мен Месси сияқты футбол "сиқыршысына" айнала алмады. Қалғандары болса, екі гегемонияның қарқынына шыдай алған жоқ.
Бірақ енді футбол аспанындағы екі жарық жұлдыз сөнуге айналғанда олардың орнын басқалар иеленуі заңды. Бұл туралы сөз еткенімізде, ең алдымен, айтылатын ойыншы – Мбаппе. Француз ойыншысы тез өсіп келеді. Ол жиырма жасына дейін Әлем Чемпионатының финалында ойнады. Жай ғана ойнап қоймай екі рет қарсылас қақпасын дәл көздеді. 20 жасқа дейінгі берілетін атақты сыйлықтардың бәрін алды. Алдағы уақытта “Алтын допты” алатынан еш күмән жоқ.
Тағы кімдер бар? Мане, Салах, Кейн, Антуан Гризманн, Варди…? Олардың алды 27-ге келді. Әлі қанша уақыт өз биігін сақтап қалатыны да белгісіз.
Роналду мен Месси өте ерте танылды. Бірі 23 жасында, екіншісі 22 жасында алғашқы “Алтын доптарына” қол жеткізді. Мұндай супер жұлдызға айнала алатын футболшыларды енді біз жастар арасынан іздеуіміз керек. Мбаппеден бөлек, “Атлетикоға” келе сала жақсы нәтижелер көрсетіп жүрген Жоау Феликс бар. Дортмундта “Боруссияның” көшбасшысына айналған Джейдан Санчо, “Байерде” шабуылға бейім жартылай қорғаушы Кай Хаверц, күздегі Чемпиондар Лигасының жаңалығы болған “Зальцбург” шабуылшысы Эрлинг Холанд бар. Ол 5 ойында қатарынан 8 гол соғып тарихи нәтиже тіркеген еді. Сондай-ақ “Реал” мен “Галатасарай” ойынында хет-трик жасап, бір рет нәтижелі пас берген 18 жастағы корольдік клуб ойыншысы Родриго, тағы осы клуб сапында өнер көрсететін Винисиус Жуниор, “Барселонадағы” 17 жастағы Ансу Фати бар.
Аталған ойыншылар әлі 20 жасқа келген жоқ, бірақ маңызды ойындарда да көп уақыт ойнамағанын ескеруіміз керек.
Мысалы, Мбаппені жаңа Месси немесе Холандты жаңа Роналду болады деп атау қаншалықты дұрыс?! Осы уақытқа дейін футболға келген болашағынан үміт күттіретін жастарды гипержұлдыз болады деген еді. Мысалы, Боян Кркичті айтуға болады. Ол “Барселона” аспанында жарық жұлдыз бола алмады. Қазір 29 жасында Канада чемпионатында доп теуіп жүр. Немесе каталониялық тағы бір ойыншы Ален Халилович Нидерландияның “Херенвен” клубының қосалқы құрамында уақытын өткізіп жатыр. Мартин Эдегор ше? 2015 жылы норвегиялық 16 жастағы ойыншыны “Реал Мадрид” 3 миллион еуроға сатып алды. Сол маусым соңындағы ойындардың бірінде клуб президенті Перестің айтуымен Роналдудың орнына алаңға ауысып шықты. Бұл болашақта Роналдудың орнын басатын ойыншы деген сөз еді. Бірақ Эдегор клубқа бірден сіңіп кете алған жоқ. Сондықтан “Херенвенге” жалға берілді. Бұл жерде де оның ойыны жүрмеді. Тек 2018 жылы “Витес” клубына ауысқаннан соң ғана оның екінші тынысы ашылды. 39 ойында 11 гол соғып, 12 нәтижелі пас берді. Маусым соңында клубтың үздік ойыншысына берілетін сыйлыққа ие болды. Осылай “Витестен” оралған оның транферлік құны 15 миллион еуроға өсті.
Биылғы маусымда норвегиялық ойыншы “Реал Соседад” құрамында өнер көрсетіп жатыр. “Реал Соседадта” жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүрген Эдегор “Алавеске” қарсы ойында осы маусымдағы үздік нәтижелі Гути стиліндегі пасымен көзге түсті. Әзірге аталған ойыншының тағдыры белгісіз…
Р.S. Роналду мен Мессиге қайта оралайық. Екеуі де нағыз талант екендерін дәлелдеп бірден көзге түсті. Осыдан соң ешбір футболшы мансабын олар сияқты бастай алмай, шыққан биігінен де жоғары шыңдарды бағындыра алмай қысқасы “өзге планеталық” деген атты ала алмай жүр.
Қорыта айтқанда, біз, футбол өнерінің жанкүйерлері Роналду-Месси текетіресінің куәсі болдық. Қос алыптың ойынынан ләззат алдық. Алдағы уақытта олар сияқты алыптар қашан өмірге келетіні белгісіз.