- Негізгі бет
- Маккала
- Жан Тодт Алматыға...
Жан Тодт Алматыға келді
Кеше Алматыда жол қауіпсіздігі мен елдегі автоспортты дамыту мәселелері талқыланған дөңгелек үстел болып өтті. Бұл жиынның ең басты ерекшелігі - отырысқа халықаралық автомобиль федерациясының президенті (FIA) Жан Тодт қонақ болды.
Тодт елімізге жергілікті автомобиль федерацияларымен байланыс орнату бағдарламасының аясында келіпті.
Жиында талқыланған басты тақырып - Қазақстандағы автомобиль спортын дамыту болды. Қазақстандағы автоспорт федерациясының өкілдері қонаққа елдегі өткізіліп жүрген сайыстар туралы айтып өтті. Бұдан соң, Жан Тодт мырза Қазақстандағы автоспорттың даму перспективасына көңілі толатындығын білдірді.
FIA Қазақстандағы федерацияға қандай көмек көрсете алады деген сұраққа қонақ: "Қаржылай көмектің болуы екіталай екендігін айтып, құқықтық базаның дайындалуына қатысты мәселелерде консультативтік қолдау беруге дайын екендіктерін айтты". Француз қонақ сонымен қатар, бізді көрші мемлекеттерден үлгі алуға шақырды. Мысалы, Қытай 2004 жылдан, Ресей былтырдан бері "Формула-1" бәйгесінде өнер көрсетіп жүр. "Қазақстанның да бұндай дәрежедегі сайыстарға қатысуы тәжірибенің артуына көп серпін болар еді", - деген пікір айттты Жан Тодт.
Сонымен қатар, "Формула-1" аламанындағы спортшылар туралы талқыланды. Кездесудің соңында Франция елінен келген қонаққа қазақы шапан жабылып, Жан Тодт мырза өз кезегінде қолхат таратып, ерекше ілтипатпен естелік суретке түсті. Алдағы уақытта қонақ Астанаға сапар шегіп, сонда бірнеше кездесу өткізуді жоспарлап отыр.
сурет: auto.lafa.kz