- Негізгі бет
- Маккала
- Жақсы келді дегенше,...
Жақсы келді дегенше, жарық келді десеңші
Қамқорлық болған жерде табыс та болады. Бұл - аксиома. Талантты спортшыларды тани біліп, оларға жағдай туғызған орта белгілі бір жетістіктерге жетері хақ. Алматыда көптеген көне спорт орындары бар. Солардың бірі - М. Горький атындаға Орталық саябақтағы спорт алаңы. Көп жылдан бері халық үшін қызмет еткен көне стадион, бүгінгі күні жаңа заман ағымына сай жаңа жасанды төсеніштермен жаңарып, халық игілігі үшін қызмет етуге дайын.
Көп жылдық тарихы бар бұл стадионда кезінде қаншама дүбірлі жарыстар өтті десеңші. Бұл стадион Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педогогикалық қарамағында болғандықтан, айтулы университеттің студенттері осы спорт алаңында денешынықтыру және спорт сабақтарын өткізіп келеді.
Қазір Спартак стадионының соңғы құрылыс жұмыстары аяқталып халық игілігіне беріліп отыр. Қазақта «Жақсы келді дегенше, жарық келді десеңші»- деген сөз бар. Бұл сөз Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, Алматы аймағы ЖОО Ректорлар кеңесінің төрағасы Такир Оспанұлы Балықбаев пен осы киелі білім шаңырағына Денешынықтырыу және Спорт кафедарасына басшы болып келген Қазақ күресінің елімізде дамуына сүбелі үлес қосқан ардагер балуан, ұлттық күресімізден көптеген марқасқа балуандарды даярлап шығарған білікті маман, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, ҚР құрметті спорт қайраткері, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының алғашқы президенті Ерғали Мұхитдиновтың еңбегі орасан екенін айтқанымыз абзал.
Мына заманда басшылықтың көзін жеткізіп, қомақты қаржы бөлдірудің жолын таба білудің өзі оңай шару емес екені анық. Ол үшін сол саланың майын ішіп, жілігін шаққан хас маман болуы керек. Айтулы универсиеттке қызметке келген бойда стадионның мүшкіл күйін көрген білгір маман Ерғали ағамыз біріншіден, құрылыс жұмысын қайта жаңғыртуды қолға алады. Өйткені, университет студенттерінің көпшілігі дерлік денешынықтыру сабақтарын осы тозығы жеткен көне стадионда жатығып өткізетін еді. Әрине, алдымен қаржы көзін табу керек. Сондықтан да жаңашыл ойларды құптаушы, заманауи білгір басшы, университет ректоры Тахир Оспанұлы Балықбаев мырза келісті ұсынысқа бірден келісім беріп, Ерекеңе қолдау көрсетеді.
Басшылықтың рұқсатымен жоқтан барды жасап, стадионның толықтай құрылысын қайта жасау бағытында Ерекең белсене іске араласқан екен.Қазір стадион адам танымастай өзгерген.
«Көз қорқақ қол батыр» - дейді бабамыз. Тынымсыз жасалған жұмыстардың нәтижесінде жасанды жаңа технологиялық сапалы төсеніштермен көмкерірілген, стадион бар-жоғы екі-үш айдың ішінде жаңа заман кейпіне еніп, көз тоймастай көркем көрініс алған. Міне, енді ауқымды атқарылған жұмыстардың жемісі де көріне бастаған секілді. Қолдау барда табыс та көп күттірмесі белгілі. Айтулы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенттері қалалық спартакиада жарыстарында спорттың волейбол мен шағын футбол секілді түрлерінен үздік ойын өрнегін көрсетіп бірінші орындарды жеңіп алған.Талдықорған қаласында армрестлингтен өткен «Дені сау ұрпақ - ел болашағы»-атты Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысқан Абай атындағы ҚазҰПУ Тарих және құқық институтының 1-курс студенті Көбей Дәулетұлы алтын жүлдені жеңіп алыпты. Енді талантты жас маусым айында көршілес Қырғызстанда өтетін Азиадада еліміздің намысын қорғайтын болады. Сонымен қатар, университеттің дарынды жастары каратэ, қазақ күресі деген сияқты спорт түрлерінен Қазақстанда ғана емес халықаралық,әлемдік жарыстарда да жүлде алып, ел намысын абыроймен қорғап келеді.
Жуырда Абай атындағы Қазақ Ұлттық педогикалық университетінің шаңырағында Алматы қаласы ЖОО студенттері арасында қазақ күресінен дүбірлі аламан жекпе-жектер болып өтті. Бұл жарыс студеттер арасында шаhардағы ең мықты түйе балуанды анықтауға арналған еді.Осымен екінші жыл қатарынан университет ректоры Тахир Оспанұлы Балықбаев пен Ерғали Мұхитдиновтың мұрындық болуымен жалауын көтеріп отырған байрақты жарыс, бір жағынан жастардың ұлттық күресімізді дәріптеп, құрметпен қарауына бағышталса, екінші жағынан, студенттердің салауатты өмір салтына бет бұруды мақсат етіпті.
Түйе балуан атануға үмітті қаладағы барлық ЖОО орындарынан 30-ға тарта жас балуандары жеңіс үшін жан аямай белдесті. Соңғы финалдық кездесуде айтулы оқу орнының қос бірдей студенті кездескен еді. Бір оқу орадасының екі бірдей студентінің соңғы сында жолығуының өзі кездейсоқтық емес еді. Өйткені, төл күресіміздің нағыз маманы Ерғали Мұхитдиновтың келумен қазақ күресінен студенттер қалалық, респбликалық жарыстарды жеңіспен өткізуде.
Тұлпар болар құлынды жүрісінен танитын сыншы секілді, Ерғали ағамыз Ерсұлтан Жорабектей талантты жастарды осы оқу ордасына тусуіне қолдан келген көмегін аямаған екен. Әрине қамқорлық бар жерде табыс та көп күттірмейді. Ерсұлтан республикалық жекпе-жектерде қазір алдына жан салдырмай жүрген апайтөс жас балуанның біріне айналып келеді. Ал, бір білім шаңарағынан екі бірдей балуанның финалда кездесуіне келсек, сол айтқан сөзіміздің дәлелі деп білеміз. Көптеген республикалық жарыстарға қатысып ысылып шыңдалған Ерсұлтан финалда қарсыласы Хамза Нұрсұлтанды алып ұрып, байрақты сынның Түйе балуаны атанды.
Ал, жүлделі 3 орынды М.Тынышбаев атындағы Қазақ Көлік және Коммуникация академиясынң студенті Жапар Нұрбол жеңіп алды. Ерсұлтан бас жүлдеге тігілген 300 мың теңгені қанжығасына байлап алып кетті. Мұндай қомақты қаржы жас студент балуанның жаттығуын шыңдай түсіп, ұлттық күресімізге деген қығушылығын арттырады.
Осындай жарыстарды ұйымдастырудағы басты мақсат: « Студент жастарды ұлттық күресімізге деген сүйіспеншілігін ояту арқылы саламатты өмірге бет бұру» екендігін жақсы білген Ерғали Мұхитдинов ағамыздың осындай игілігі зор бастамасына алғыстан басқа айтар жоқ. Университет жастары осылайша толымды табыстарға жетіп келеді. Өйткені, қарға сойса да қасапшы сойсын демекші, білікті маман, танымал спортшыдан сабақ алған шәкірт қалайда белгілі нәтижеге жететіні белгілі. Тек бойында спортқа, ұлттық күреске деген сүйспеншілігі болса болғаны. Ал, негізі спортқа жанашырлық, қамқорлық болған жағдайда жетістікте болары сөзсіз. Сондықтан да Университет тарпынан жасалынып жатқан барлық жағдайлар студент жастар үшін екені белгілі. Ал егеменді еліміздің ертеңі жастардың қолында.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ
О. Сансызбай