Футболдан Алматының «Қайрат» клубы Еуропа лигасының үшінші кезеңіндегі «Абердинге» қарсы ойынға Жерар Гоу мен Сито Риерасыз алаңға шығатын болды. Клубтың қос легионері де жаттығу кезінде жарақат алып қалған. Бұл туралы vesti.kz сайты хабарлап отыр.
Алматылық клубтың ең үздік сұрмергені Жерар Гоу дүйсенбі күнгі оқу-жаттығу кезінде жарақат алған. Шотландиялық клубқа қарсы ойында алаңға шыға алмайды деп болжануда. Ал жарақаты туралы ақпарат жарияланған жоқ. Алдағы медициналық тексеруден кейін айтылатын болады.
Жерар Гоу осыған дейінгі Еуропа лигасының төрт ойынында 3 гол соғып, бірнеше нәтижелі пас берген болатын. Негізгі құрамда өнер көрсететін шабуылшының орны ойсырап қалары сөзсіз. Бірінші ойында Владимир Вайсс ивуарлық ойыншының орнына Джордже Деспотовичті шығаруы мүмкін. Жақында ғана клуб сапын толықтырған шабуылшы Еуропа лигасы мен ел біріншілігінде де гол соғып, көзге түсіп үлгерді. Сондықтан да Гоусыз гол болмайды деп айта алмаймыз. «Қайраттың» кез келген шебіндегі ойыншылар өз мүмкіндігін мүлт жібермеуге тырысары анық.
Жерар Гоудан бөлек, Сито Риераның да жарақат алуы – клубтың жағдайын қиындатып отыр. Испания елінен келген футболшы да кеше жарақат алып, жаттығуын соңына дейін аяқтай алмаған. Бұл ойыншы да «Абердинге» қарсы ойынға қатыспайды деп күтілуде. Егер Сито ойынға қатыспайтын болса, онда Жамбыл Көкеев немесе Виталий Лиді ойынның бірінші минуттарынан бастап көріп қалуымыз мүмкін.
Айта кетейік, «Қайрат» пен «Абердин» арасындағы бірінші ойын 30 шілде күні Алматының орталық стадионында өтеді. Астана уақытымен сағат 20:45-те басталатын кездесуді «KazSport» арнасынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар.