Бокс жанкүйерлері мен спорт сарапшылары Геннадий Головкиннің мансабына алаңдай бастағаны жасырын емес. Келесі жекпе-жегін кімге қарсы өткізеді? Канеломен тағы кездессе қалай болар екен? Мансабын аяқтай ма? Осы секілді сұрақтар көпшілік көкейінде жүр. GGG Алматыға келген сапарында біраз сұраққа жауап берді. Қазақстандық жас кәсіпқой боксшылардың әлемдік аренада атой салуына жағдай жасағысы келетінін жеткізді. Мансабын аяқтамайтынын да айтты. Белгілі бір жасқа дейін ғана жұдырықтасуға болады деген шектеу жоқ. Бокс - ең қиын спорт түрлерінің бірі. Бір соққының өзі бүкіл жоспарыңды күл-талқан етуі мүмкін. Мүмкіндік болса, ықылас болса жұдырықтасуды жалғастыра беремін, - деді. Геннадий Головкин Сауль Альвареспен қайта жұдырықтасқысы келеді. Киевте өткен WBC конвенциясы кезінде бұл ұйымның президенті Маурисио Сулейман қазақстандық боксшы Канеломен қарымта кездесу сұрағанын айта кетті. Дегенмен мексикалықтың өз таңдауы барын жасырған жоқ. Альварестің таңдауы қандай? Қыркүйек айының ортасында Лас-Вегаста Геннадий Головкинді жеңіп, орта салмақтың үздігі атанған мексикалық Сауль Альварес келесі жекпе-жегін 76,2 кг салмақ дәрежесінде өткізетін болды. Қарсыласы - британдық Рокки Филдинг. Сауль Альварес пен Рокки Филдинг арасындағы жекпе-жек 15 желтоқсан күні Нью-Йорктегі MSG аренада өтеді. Британдық боксшы супер орта салмақ дәрежесіндеWBA regularчемпиондық белбеуінің иегері. 28 рет шаршы алаңға шығып, 27-сінде жеңіске жеткен. 15 қарсыласын нокаутпен ұтқан. Бір жекпе-жегінде жеңілген. Онда да отандасы Каллум Смиттен бірінші раундта-ақ нокаут алған. Жалпы супер орта салмақтың ең әлсіз чемпионы саналады. Мексикалық боксшы командасының таңдауы неге 31 жастағы британдық боксшыға түсті? Оның түрлі себептері бар. Сауль Альварес жаңа салмақта жұдырықтасып көрмек. Головкин сынды қарсыластан кейін жеңілдеу бір жекпе-жек өткізуді де жөн санаған болар. Одан өзге қарсыласының ғана чемпиондық атағы бәске қойылады. Канело командасының қулығы Кәсіпқой бокс - табыс ортасы. Табысты арттыру үшін түрлі қулықтар жасауға тура келеді. Бәлкім бұл қулық та болмас. Жарнама, болмаса дәуірін дүрілдету болса керек. Айтпағымыз Альварестің Нью-Йоркте өтетін жекпе-жегі болмақ. Мексикалық боксшы осыған дейін Madison Square Garden кешенінде жекпе-жек өткізбеген. Бұл аренада көбіне GGG ғана жекпе-жек өткізіп келді. Тіпті қазақстандық боксшы кездесу өткізетін бокс алаңы саналып та кеткен еді. Енді келіп Канело осында өзін бір танытып көрмек. Өзін Нью-Йоркте де қолдаушылар болғанын қаласа керек. Орта салмаққа орала ма? Канело орта салмақтан ауысты деп айтуға ерте. Қарсыластарынан етжеңді көрінетін боксшы салмақ қуып үйреніп қалғандай. Себебі бокс мамандары айтып жүргендей, оның салмағы жай уақытта 80 кг-нан асып жығылады. Бір жағынан мексикалық боксшыға екінші орта салмақта табысты жекпе-жектер өткізуге мүмкіндік бар. Альварес орта салмаққа оралса, Головкинмен жұдырықтасу үшін оралар. Бәлкім Дэниель Джейкобс та осал қарсылас болмас. Ал екінші орта салмақта отандасы Хильберто Рамирес бар. Бұл жекпе-жекті ұйымдастырар болса, Канелоның командасы қыруар қаржыға кенелері хақ. Кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген, WBO чемпионы да Альвареспен жұдырықтасуға қарсы емес. Джесси Хартпен өтетін қарымта кездесуден кейін дайын екенін айтып үлгерді. Мейвезерде кеткен есесін қайтарғысы келеді Сауль Альварес мансабында бір-ақ рет жеңілген. Онда да анау-мынау емес, атақты Мейвезерден. Екі рет тең жұдырықтасқан. Хорхе Ярес және Геннадий Головкинмен. Канело спорт әлеміндегі ең бай Флойд Мейвезермен (кішісі) қайта жұдырықтасқысы келеді. Себебі америкалық боксшы жүрген жердің бәрі ақша. Бірақ... Иә бірақ 41 жастағы Мейвезердің боксқа оралуы қиындау. Оны Канелоның іші де сезетіндей... - Флойд боксқа оралып, менімен екінші рет жұдырықтасу үшін тәуекелге бара қоймас. Оралса да менімен кездесу үшін оралуы мүмкін. Ол үшін оңай болмасы анық. Бірінші жекпе-жекте мен жас болдым. Тәжірибем аз еді. Егер ол жұдырықтасқысы келсе, бәрі басқаша болары сөзсіз. Мен де есемді қайтарғым келеді. Әлемге кімнің мықты екенін көрсетер едім, - дейді боксшы Sports Illustrated басылымына берген сұқбатында. Мейвезердің ойы қандай екен? Америкалық боксшы табысты жекпе-жектерден бас тартқан емес. Жеңіліп те көрмеген. Соңғы жылдары ережесіз жекпе-жек шеберлерімен сөзге келіп қалып жүр. Тіпті 2017 жылы Конор МакГрегормен шаршы алаңда жекпе-жек өткізіп, техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Қырық жасында қамал алды. Бұл жекпе-жек табыс үшін ұйымдастырылғанын білсе де, әлем назары ауды. Альварес Конор емес. Кәсіпқой бокста тіс қаққан спортшы. Ал Мейвезерді жақында тағы бір UFC жұлдызы жұдырықтасуға шақырды. Ол - ресейлік Хабиб Нурмагомедов. Қандай жекпе-жек болмақ? Октагон ба, әлде шаршы алаң ба? Белгісіз. Флойд Мейвезер ақшаңды қамдай бер деп жауап қайырды. Бірақ бұл жекпе-жектің өтуі екіталай. Себебі екеуі екі арнаның (бокс пен күрес) спортшылары. Хабиб Конорды жеңгенмен, ирландиялық спортшы секілді өзін жарнамалау жағынан кемшін. Бокс ресейлік спортшыға қол емес. Бәлкім өзін жарнамалаудың бір жолы болса керек... Money деген лақап атпен танылған Мейвезер табысты ойлар ма екен, әлде денсаулығын ойлар ма екен? Оны уақыты келгенде көре жатармыз. Біз үшін маңыздысы - Генаның мансабы. Головкин не істейді? WBC ұйымы америкалық боксшы Джермалл Чарлоны Геннадий Головкинмен жұдырықтасуға міндеттеді. Егер GGG міндетті қарсыласын жеңсе, Канеломен үшінші рет шаршы алаңда жолығуға жол ашылмақ. Бірақ Бүкіләлемдік бокс кеңесінің бұл жоспары орындалуы қиын. Себебі екі боксшының командасы бұл жекпе-жекті ұйымдастыруға құлықты емес. Сауль Альварес те бұл ұйымның міндеттерін орындай бермейді. Чемпиондық атағынан бас тартып та көрген... WBC ұйымы қазір мексикалықтың дегенін орындай бастағандай... Геннадий Головкин келесі жекпе-жегінде-ақ чемпиондық атаққа таласуы мүмкін. Отандасымыз 2019 жылдың көктемінде шаршы алаңға шығуды жоспарлауда. Қарсыласы Канело болмаса кім болуы мүмкін? 20 қазан күні Лас-Вегаста WBA Regular чемпиондық атағына ие Риота Мурата мен америкалық Роб Брант жұдырықтасады. Жапон боксшысы жеңіске жетсе, Головкинмен жекпе-жекке шығуы мүмкін. - Головкин - Мурата жекпе-жегі белгілі бір дәрежеде қызықты. Токиоға бару біз үшін қызықты болуы мүмкін. Онда бұл жекпе-жек ESPN арқылы көрсетілетін шығар. Мұнда Головкин алуы мүмкін белдік қана емес, жекпе-жектің өзі де қызықты болады. Көптеген БАҚ және жанкүйерлер Геннадий өз белдіктерін қайтаруға ұмтылуы тиіс деп есептейді. Жұрт қолдап, Головкин бәрібір чемпион болуы тиіс екенін білдірді. Геннадийде жақсы мүмкіндіктер бар, - деді қазақстандық боксшының промоутері Том Леффлер LA Times басылымына берген сұқбатында. Канело шынымен кетәрі емес пе? Қазақстандық боксшымен бірнеше рет жұдырықтаспауға жол тапқан Сауль Альварес үшінші рет жұдырықтасуға қарсы емес екенін сұқбаттарында айтып-ақ жүр. - Егер жанкүйерлер біздің үшінші рет жұдырықтасқанымызды қаласа, біз қуана ұйымдастыратын боламыз. Мен адамдардың не қалайтынын орындағым келеді. Жақсы жекпе-жек көрсеткім келеді. Егер керегі шынымен осы жекпе-жек болса, онда жұдырықтасамын, - деді боксшы Sky Sports арнасына. Өз дегеніне жеткен Канело кезекті рет Генамен жұдырықтасуға келісер ме екен? Кетәрі емес секілді. Әлде бәрі жақындағанда айта салар сылтауы дайын ба екен? Не де болса әліптің артын бағайық.