- Негізгі бет
- Маккала
- Головкиннің келесі қарсыласы...
Головкиннің келесі қарсыласы жайлы не білеміз?
Кәсіпқой бокста ел намысын қорғап жүрген отандасымыз Геннадий Головкин келесі жекпе-жегін 2015 жылдың 21 ақпанында Монакода өткізетін болды. Жұдырықтасуға келісімін берген британдық Мартин Мюррей де осал қарсылас саналып отырған жоқ.
Осыған дейін К2 Promotions пен Golden Gloves промоутерлік компаниялары қос былғары қолғап шеберінің шаршы алаңда кездесуіне келісім жасаған-ды. GGG промоутері Том Леффлер жерлесіміздің тек АҚШ жерінде ғана емес, Еуропада да жекпе-жек өткізуін маңызды санап отыр.
Геннадий Головкин Марк Антонио Рубионы жеңгеннен кейін оған қарсылас атана алатын бірнеше боксшылардың тізімі белгілі болған еді. Мигель Котто, Сауль Альварес, Хулио Сезар Чавес (кішісі) пен Андре Уорд қатарынан Мартин Мюррейді көрмеген болатынбыз. Әсіресе, соңғысының отандасымызбен жұдырықтасуға құлшынысы жоғары болатын. Алайда GGG мен америкалық боксшы промоутерлері келісімге келмеді. Кей ақпарат құралдары Геннадий Головкинді қашқақтап отыр деп те жазуда. Ал шын мәнінде солай ма?
Біріншіден, Андре Уордтың жекпе-жекке шықпағанына 11 айдың жүзі болды. Соңғы кездесуін 2013 жылдың 16 қарашасында Эдвин Родригеске қарсы өткізген еді. Сол жұдырықтасуда жеңілген Доминика Республикасының боксшысы Генадан Андре Уордтың басым түсетінін айтты. Бірақ, америкалықтың жұдырықтасуға құлшынысы болғанмен, екінші нөмірмен өнер көрсетуден жасқанатыны рас. Сонымен қатар, қос тараптың қаржы мәселесі де ымыраға сәйкес келмей отырған секілді. Екіншіден, Геннадий Головкинге Андре Уордпен жұдырықтасудан алдын Мигель Котто мен Сауль Альварес жекпе-жегінің жеңімпазымен кездесудің маңызы жоғары.
Бокссүйер қауым Мартин Мюррейді Гена үшін аса мықты қарсылас санамайды. Британдық боксшы мексикалық Марк Антонио Рубионың күйін кешіп жатса таңданбайтыны анық. Ал отандасымыздың промоутері Том Леффлер болса, британдық боксшыны орта салмақтағы әлемнің мықтыларының қатарына қосып отыр. Сонымен келесі қарсылас жайлы айта отырайық.
Орта салмақта WBC жүйесі бойынша күміс белбеу иегері Мартин Мюррей кәсіби бокста 31 жекпе-жек өткізген. Оның 29-ында жеңіске жетсе, 1 жекпе-жекте тең түсіп, 1 жұдырықтасуын жеңіліспен аяқтаған. Шаршы алаңға екі күн алдын ғана көтеріліп, италиялық Доменико Спаданы жеңген британдық боксшы Генадан оңайлықпен жеңілмейтінін тілге тиек етті.
- Головкин – сөзсіз мықты боксшы. Бірақ, ол осы уақытқа дейін мен секілді адуынды қарсыласпен кездесе қойған жоқ. Мен орта салмақтағы кез келген боксшыны жеңе аламын деген сенімдемін. Егер мен өзіме сенбесем, бұл кездесуге келісімімді бермес едім. Геннаның бұған дейінгі қарсыластары рингке жеңіліп барып шыққанын айта кетуіміз керек. Ал менің жөнім бөлек, - деді.
Екі былғары қолғап шебері де кәсіпқой бокста 31 кездесу өткізген. Өзара жұдырықтасулары 32-ші жекпе-жектерін тіркемек. Тағы бір қызығы, екеуінің де жасы 32-де екен. GGG 31 кездесуінің 27-сін мерзімінен бұрын нокаутпен аяқтаған. Ал қарсылас болса бұл көрсеткішпен санаса алмайды. Мартин Мюррей 12 жекпе-жегінде ғана нокаутпен жеңіске жеткен.
Мартин Мюррейдің соңғы жекпе-жегі
Айта кетейік, Геннадий Головкин өзінің соңғы жекпе жегін қазанның 19-ы күні АҚШ-та өткізген болатын. Мексикалық Марк Антонио Рубионы екінші раундта-ақ нокаутқа жіберіп, WBA (Super) және IBO-дан бөлек WBC аталымының уақытша чемпионы атағын қоса ұтып алған еді.
Сурет: өңделген
О. Сансызбай